Президент • Бүгін, 15:00

Қазақстан мен Италия Президенттері БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдеме жасады

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия Президенті Серджо Маттарелла БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдеме жасады, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстан мен Италия Президенттері БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдеме жасады

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды әрі сенімді стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, қос мемлекеттің түрлі бағыттағы ынтымақтастығы уақыт өткен сайын арта түсуде.

«Саяси диалогымыз жоғары деңгейде жүріп жатыр. Сауда-экономика саласында берік ықпалдастық орнаттық. Былтыр екі ел арасындағы алыс-беріс көлемі 20 миллиард долларға жетті. Биылғы 8 айда бұл көрсеткіш 11,3 миллиард доллар болды. Италия – біздің ең ірі инвестициялық серіктесіміздің бірі. Қазақстанда 250-ге жуық италиялық компания табысты жұмыс істеуде. Бұл ел Қазақстан экономикасына 2005 жылдан бері шамамен 7,6 миллиард доллардан астам қаражат құйды. Осы бағыттағы қарым-қатынасымыз ойдағыдай дамуда», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Италия Президентімен мазмұнды келіссөз жүргізілгеніне назар аударды. Кездесуде Президенттің былтыр Римге жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылаған. Cонымен қатар тараптар ықпалдастықты күшейтудің жаңа бағыттары туралы әңгімелескен.

«Өзара сауда-саттық көлемін одан әрі арттыруға келістік. Тауар түрін көбейту үшін, ең алдымен, іскер топтардың байланысын одан әрі нығайту қажет. Бұл – маңызды міндет. Сондай-ақ біз екі елдің мүддесіне сай келетін жаңа инвестициялық жобаларды қарастыратын болдық. Әсіресе, энергетика, ауыл шаруашылығы, машина жасау, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі салаларына баса назар аудардық. Осы жұмысқа екі елдің Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы баса мән беруі қажет деп санаймыз. Көлік-логистика саласындағы байланысты нығайту мәселесін пысықтадық. Халықаралық көлік дәліздерінің, соның ішінде Транскаспий дәлізінің әлеуетін сөз еттік. Логистика инфрақұрылымы және қайта өңдеу өнеркәсібі секторындағы ықпалдастық мүмкіндіктерін талқыладық», деді Мемлекет басшысы.

Президенттер цифрлық технологияны экономикаға жаппай енгізудің маңызына тоқталып, жасанды интеллекті мен үлкен дерекқорларды пайдалануға қатысты тәжірибе алмасу туралы пікірлескен.

«Мен бұл салаларда бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздім. Ертең Президент Маттарелла аймақтағы ең ірі IT стартап паркі – Astana Hub-қа баратын болды. Еліміздің осы бағыттағы жетістіктерімен танысады. Бұған қоса, қаржы және туризм саласындағы тың жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға уағдаластық. Жалпы, Қазақстан өз нарығында жұмыс істеуге ниетті Италия компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту ісіне мән берілген. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін елорда көшелерінің біріне Италияның ұлы саяхатшысы Марко Полоның аты берілетінін мәлімдеді.

«Келесі жылы Италияда «Көшпенділер алтыны» көрмесі өткізілмек. Сондай-ақ Неапольдегі көне Сан Карло театрында «Абай» операсын қою жоспарланған. Биыл Рим қаласында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының мүсіні орнатылады. Осы сәтті пайдалана отырып, игі бастамаға қолдау білдіргені үшін Италия халқына шынайы ризашылығымды жеткізгім келеді. Біз мұны қазақтың мәдени мұрасына көрсетілген құрмет пен шынайы достық пейілдің көрінісі деп қабылдаймыз. Осындай тағылымды іс-шаралар халықтарымызды жақындата түсетіні сөзсіз», деді Президент.

Тараптар келіссөз кезінде білім саласына да айрықша тоқталған.

«Қазіргі таңда Италияның үздік жоғары оқу орындарында Қазақстанның төрт мыңнан астам студенті білім алып жатыр. Сол үшін Италия Үкіметіне алғыс айтамын. Биыл Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің негізінде Марке политехникалық университетінің филиалы жұмыс істей бастады. Оқу орны жас ұрпақтың жоғары сапалы білім алуына мүмкіндік береді деп сенемін», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Серджо Маттарелламен бірқатар халықаралық өзекті мәселе бойынша пікір алмасқанын жеткізді.

«Қазіргідей күрделі кезеңде қарулы қақтығыстардың ушығуына қатысты алаңдаушылық білдірдік. Қос тарап барлық түйткілді Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысына сәйкес бейбіт және саяси-дипломатиялық жолмен шешу керек деп санайды. Қазақстан мен Италия халықаралық ықпалдастықты күшейтуге мүдделі. Жаһандық тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайту ісіне белсене атсалысуға дайын. Біз бір-біріміздің бастамаларымызды үнемі қолдап келеміз. Көпжақты дипломатияны одан әрі дамытуға ерекше мән береміз. Осы орайда, «Орталық Азия – Италия» диалог алаңы аймақтық деңгейдегі әріптестігімізді жандандыра түсері анық. Италия тарапының бастамасымен оның алғашқы отырысы биыл Астанада өткенін білесіздер. Осылайша, халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастығымыз нығайып келеді. Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстанды дамыту орталығын ашу туралы бастамаға қолдау көрсеткені үшін Италия тарапына зор алғыс айтамын», деді Президент.

Серджо Маттарелла Италия мен Қазақстаның арасындағы берік достықты бекемдей түсу үшін Астанаға арнайы келгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сапар екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беріп, оны одан әрі өркендетуде маңызды рөл атқарады.

«Италия мен Қазақстанның ғасырлардан тамыр тартатын мәдени және тарихи дәстүрі бар, археологиялық және көркемөнер мұрасы өте бай. Бұл біздің гуманитарлық саладағы өзара ықпалдастығымызды тереңдетуге берік негіз қалайды», деді Италия Президенті.