
Мамандардың айтуынша, «Жанұя» орталықтарының басты міндеті – өмірлік қиындыққа тап болған отбасыларға жан-жақты көмек көрсету. Мұнда тұрғындар тегін құқықтық, психологиялық және әлеуметтік кеңес ала алады. Арнайы дайындықтан өткен заңгерлер мен психологтар, әлеуметтік қызметкерлер азаматтардың мәселелерін шешуге барынша жәрдемдесуде.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтың сөзінше, мұндай орталықтардың ашылуы – облыстағы отбасылардың болашағына жасалған нақты қолдау.
– Біздің мақсатымыз тек кеңес берумен шектелмейді. Жұмысқа орналастыру, құқықтық қорғау, психологиялық демеу көрсету – барлығы қамтылған. Бұл орталықтар халыққа шынайы көмек көрсететін ортаға айналады, – деді ол.
Жергілікті тұрғындар да жаңа бастаманы қуана қабылдауда. Жансүгіров ауылының тұрғыны, көп балалы ана Мариям Дүйсенбина:
– Бұрын мұндай қызметке қол жеткізу қиын еді. Енді мамандардың көмегін кез келген уақытта, тегін алуға мүмкіндік бар. Бұл біз үшін үлкен демеу, – деп ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, 2025 жылы Талдықорған қаласында да жаңа орталық ашылмақ. Қазіргі таңда «Жанұя» жобасы облыстың тоғыз қала мен ауданын қамтып отыр. Биылғы жылдың өзінде 212 отбасынан 570-тен астам адам түрлі бағыттағы қолдауға жүгінген.