Үкімет • Бүгін, 09:00

Инфляцияны тежеу тетіктері

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Онда инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар және елдің алдағы жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының параметрлері қаралды.

Инфляцияны тежеу тетіктері

Ұлттық банктің мәліметінше, биылғы маусым айының қоры­тындысы бойынша инфляция жылдық мәнде 11,8%-ды құрады, бұл әлемдік нарықтардың тұрақсыз­дығы, тарифтік реформалар, тұтыну­шылық сұраныстың күшеюі мен инфляциялық жорамалдар сынды бірқатар сыртқы және ішкі факторға байланысты болды. Бағаның өсуін тежеу мақсатында Үкімет Ұлттық банкпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ұлттық банктің белсенді қаты­суымен инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі қысқа әрі ұзақ­мерзімді қамтитын шаралар кешені қалыптастырылды. Құжат қараудың соңғы сатысында тұр әрі Үкіметтің жеке қаулысымен қабылданады. Негізгі бағыттардың қатарына ішкі өндірісті ұлғайту, тарифтік саясаттың болжамдылығын арттыру, базалық тауарларға бағаны тұрақтандыру және инфляциялық күтулерді төмендету жатады. Сондай-ақ отандық өндірісті қолдау, ішкі нарықты қанықтыру және сауда үстемелерін бақылау жалғаса бермек.

Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша, жыл басынан бері 15% шекті сауда үстемесін асырғаны үшін 1 847 әкімшілік қаулы шы­ғарылған. Жауапкершілік күшей­тілген – ескертулердің орнына айып­пұлдар қарастырылған. Ретте­летін коммуналдық қызметтерге тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері осы бағыт бойынша инфляцияға жиынтық үлес 0,5 пайыздық тармақшаны құраған.

Жалпы, 2023 жылы шаралар кешенін жүзеге асыру инфляциялық қысымды 4,16 пайыздық тармақшаға, 2024 жылы 2,3 пайыздық тармақшаға төмендетуге мүмкіндік бергені атап өтілді. Қазіргі уақытта шаралар кешені өзектендіріліп, 2026 жылға дейін ұзартылды.

Сауда және интеграция министр­лігінің мәліметінше, Қазақстан ӘМАТ бойынша бәсекелестік бағаны сақтап отыр: сиыр етінің құны ЕАЭО және Орталық Азия елдеріне қарағанда 30%-ға, картоп пен сәбіз 38%-ға, пияз 47%-ға, қырыққабат 50%-ға төмен. Осы жылдың басынан бастап нарықтық бағадан төмен бағамен 3 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарлары жәрмеңкесі өткізілді. Салалық одақ­тармен меморандумдарға қол қойылды, соның нәтижесінде жұ­мыртқа бағасы 8,7%-ға төмендеді. Маусым­нан тыс уақытта бағаны тұрақ­тандыру үшін 30,3 мың жеткізіп беру келісімшарттары жасалды. Қытайдан, Пәкістаннан және Өзбекстаннан бірнеше тонна ерте пісетін көкөністер жеткізілді. Өнімдерді, оның ішінде картопты, аналық малды және бұқа­шықтарды елден әкетуге шектеулер енгізілді.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында ауыл ша­руашылығы өнімінің көлемі 4%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрағанын баяндады. Азық-түлік өндірісі 10,5%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі Кешенді жоспары іске қосылды, 677 инвестициялық жоба, оның ішінде импортқа тәуелді тауарлар бойынша 289 жоба жүзеге асырылуда.

Бірқатар әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның өсуі байқалып отыр. Олар – күнбағыс майы, сиыр еті, қой еті мен картоп. Күнбағыс майы бойынша нақты шаралар қабыл­дануда: 2024 жылы оның өндірісі 15%-ға ұлғайды, бұл ішкі қажеттіліктен екі есе көп. Биылғы 6 айда өндіріс көлемі 388 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 21,3%-ға артық. Қаңтар-наурыз айларында 294 мың тонна май экспортталды, осылайша өткен жылмен салыстырғанда ол 41%-ға өсті. Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты 421 мың тонна болатын 5 ірі қайта өңдеу зауытының құрылысы жүрмек.

Жиын соңында Премьер-министр Олжас Бектенов инфляцияға қарсы саясат жүйелі әрі тиімді болуға тиіс екенін атап өтті. Қабылданған шаралар бойынша Үкімет пен Ұлттық банк келісе отырып іс-қимыл жасау керектігінің маңыздылығына баса назар аударылды.

«Инфляцияны төмендету міндеті өте маңызды және кешенді көзқарасты қажет етеді. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп қабылданған шараларды жүзеге асыруды жалғастыра бермек және мақсатты бағдарларға қол жеткізуге кезең-кезеңімен ұмтылады», деп атап өтті Олжас Бектенов.