Қоғам • Бүгін, 09:25

Туажат

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түп нағашы Бәкір ақсақалдың шаңырағындамыз. Ауылға барғанда ат басын тірейтін жеріміз осы. Әншейінде жарқылдап күліп жүретін қонақжай ақсақалдың бүгін қабағы түсіңкі. Қаймақ қатқан қою шай ішіп жайланған соң асықпай отырып жөн сұрасқанбыз.

Туажат

Немересі келіп кетіпті. Американың айтулы университетін бітірген, шетелдің төрт тілін білетін зерек. Анасының айтуына қарағанда, дүниенің білімін бойы­на қотарып алған білгір. Сол бала шаңырақ көтермек екен. Әуелі бар әулеті қуанған. Кейін реніш.

– Баланың уақтылы шаңырақ көтергені дұрыс емес пе, – дейміз біз, – ілкідегі қазақ «он үште отау иесі» деген, немереңіз де отау құратын жасқа жетті емес пе?

– Әрине, – дейді Бәкір ақсақал сәл күмілжіп, – отау құрғанына қарсы емеспіз ғой, тек реті келмей тұрғаны.

Бірден таратып айтпағанымен, жата-жастана мәселенің мәнісі белгілі болды. Сырға салғаны түбін қуып келгенде осы ауылдың төлі екен әрі бөтен де емес, өз ағайыны. Төрт атадан қосылады. Ол бала да шетелден оқу бітірген. Сол жақта тұрып танысса керек. Түп төркіні бір болғанымен, кейінгі жастар бір-бірінің түптамырын біле бермейді ғой. Тағдыр соқпағы таныстырған, табыстырған.

Өткен жолы келгенде Бәкір ақсақал бұрынғының жол-жорал­ғысын оқы­мысты баланың зердесіне құйса керек. Әуелі әке мен бала, одан соң немере мен шөбере, кейін шөпшек пен немене, жетінші ұрпақ туажат. Балада әке мен ананың қанындағы қасиет мөлшермен алғанда елу пайызды құраса, немереде 25, шөбереде 12-інің төңірегінде. Ал жетінші ұрпақ туажатқа жеткен кезде қандағы қасиеттен жұқана да қалмайды. Туажат дейтіні де сондықтан. Туды бітті, жат адам. Тұқымын таза ұстаған арда қазақтан қалған киелі өсиет осы.

– Қазір ғылымның жетістігі, ойлап тапқан жаңалығы деп жүр ғой, – дейді Бәкір ақсақал, – біздің аталарымыз ол тылсым дүниенің тұңғиығын баяғыда-ақ ажыратып кетті емес пе? Жеті ұрпаққа дейін отаспайтындығы сондықтан. Осы күні кемтар бала көбейді. Кейде ойлап қоямын, жеті атасын білмеудің кесірі емес пе екен деп. Әлгі немереге бастан жақты айырғандай етіп айтып бердім. Түсінсе жақсы, түсінбесе ел-жұрттан ұяттағы.

Туажат. Талай естігенмін. Бірақ байыбына барып, мән бермеппін. Өзімізден тарайтын ұрпақтың да есіне салып қою керек екен. Күн­дердің бір күнінде Бәкір ақсақал тәрізді берекесі кетпесін.