Өшпес даңқ • Бүгін, 09:35

Батыл сержант

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел қорғаған ерлердің бойындағы қаһармандық кейінгі ұрпақ үшін әдемі үлгі. Бүгінгінің баласының көкірегінде туған жерге деген махаббат аталар жатқан жырақтан тұтануы керек.

Батыл сержант

Облыс орталығындағы Мәлік Ғабдуллин му­зейі­нің қорында Екін­ші дү­ние­­жүзілік соғыс кезінде ел қор­ға­ған ерлер жайлы деректер жинақ­талған екен. Қымбат қазынаға кезік­кен кісіше там-тұмдап жиналған де­рек­терді салғастыра қарап, зейін қоя сүзіп шықтық. Соғыс ардагері, ке­йін құқық қорғау саласында ұзақ жыл абыройлы қызмет еткен Жанай Сейі­л­ұлы жайлы уақыт табы­мен әбден сарғайып кеткен, күзгі жа­пы­рақ­­тай үлбіреген жазбалардың іліге кет­­кені. Ақсақалдың ақиқатшыл бол­­ғаны, шындықтың шырақшысы екені жөнінде Көкшетаудың аға буыны жақсы білетін. Кейін ұмытылуы, ұр­­пақ жаңарып, буын алмасқаннан кейін бір кезде алдаспандай жарқыл­да­ған аға буынның ерлік соқпағы кө­мескі тартуы да әбден мүмкін ғой. Қай­та тірілтсек, музей қорында сақ­тал­ған деректер негізінде тағы бір паш етсек, есіл ерлердің аруағы разы бо­лар.

Ақ қашып, қызыл қуған аласапыран заман. Өрімдей жастар түгіл даланың даналығын бойына жиған сұңғылалар да заман тынысын, ағымын аңдай алар емес. Босағасынан береке арылмаған, мыңды айдаған алпауыт байларды кәмпескелейді екен деген суыт хабар қараша қара суығындай дірілдетіп тұрған. Көкшенің етегін жанай ағатын Қылшақты өзені мен сонау жанар ұшындағы Жыланды тауының етегіне дейінгі кең көсілген алқапты бауырына басып нешеме жылдан бері жайлаған Дүрсары байға да тықыр таянса керек. Мыңғырған малын басқа ұрып санап, жарлы-жақыбайға пышақ үстінде бөліп бермек. Бұл істі арнайы ұйымдастырылған комиссия атқарады-мыс. Қабырғасы қатып, буыны бекіместен жалшылыққа жегілген Жанай Сейілұлы да – комиссияның құрамында. Теңдік үшін тіреспек. Осы әрекетінің оң-солын ажырата білмеуі де мүмкін, әйтеуір, бай атау­лы құбыжық болып қамшымен қуылған кез. Екпіні үй жыққандай болып қаһарлы комиссияның келе жатқанынан хабардар Дүрсары бай да қарап жатпаса керек. Аждаһадай аранын аша келген нәубеттен аман қалудың жолын іздепті. Іздегенмен мыңғырған малды қайда апарып тығарсың? Жанталасып жүріп Жыланды тауының етегіндегі ит тұмсығы өтпейтін ну орманның ішіне сүңгіткен. Бірақ бар жайды ұзын құлақтан естіп келген комиссия та­­уыпты. Түгін қалдырмай тәркілеген. Кек қайтты, әйтсе де кенересі толған жоқ. Шұрқыраған ақтылы малды комиссия кедей-кепшікке пышақ үстінде бөліп берген. Осылайша, Жанай Сейілұлының ақиқатқа құмар, әділдікке жақын ғұмыр жолы өз соқпағымен өрбіген. Қатардағы милиция қызметкері атанған. Ел ішінде телі-тентек қай заманда болсын кездеседі емес пе? Аласапыран уақытта тіпті көп. Жаратылысынан шындық деп шырылдаған Жанай атамыз талай қылмыскерді қолға түсіріп, басын бәйгеге тігіп жүріп, қызмет еткен деседі. Бірде Бушевцов деген қыл­мыскер ебін тауып қамаудан қашып шықса керек. Бұл кезде Жанай Сейіл­ұлы еңбек демалысында екен. Оқыс оқи­ға жайлы естігеннен кейін салт атқа мініп із кеседі, ел ішінде сұрау сала­ды. Өкпек жолаушының алдына шығып ау-жайын аңдайды. Ақыр соңында кәнігі қылмыскерді қолға түсіріп, бұғау салады. Тағы бірде тапқырлық танытқан жайы бар. Зеренді ауылына қатынаған автобус­тан екі ауыр сөмкені көтерген әйел түседі. Төрт құбыланы тегіс жасырын шолып тұрғандай. Қимылы күдік­ті. Милиция формасын киген Жанай Сейілұлын көргенде тіпті қобал­жыған сыңайлы. Тексеріс барысында оның Чистополье селосы мен Көкшетау қаласындағы пәтерлерге тү­сіп, талай үйді үптеп кеткені анық­талады.

Төрткүл дүниені дүр сілкін­дірген Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Жанай Сейілұлы алғаш­қылардың қатарында майданға аттанды. Мәскеу түбіндегі қиянкескі шайқасқа қатысты. Бірде рота командирінің бұйрығы бойынша тіл әкелу керек болды. Көзге түрсе көргісіз тас қараңғы түннің шымылдығын жамылып, барлаушылар тобы жаудың алдыңғы шебінен өтті. Барлаушылар тобын капитан Гатаулин басқаратын. Көмекшісі – сайыпқыран сержант Сейілов. Жер бауырлай жылжыған барлаушылар жау дзотына тап болды. Епті қимылмен дзотқа шабуыл жасаған барлаушылар алдымен күзетшіні жойып, офицерін қолға түсірді. Осы ерлігі үшін Жанай Сейілов «Даңқ» орденімен марапатталды. Кейін қатарынан екі рет ауыр жарақат алған соң туған жеріне оралды. Бұрынғы қызметін қайта атқарды.

Көнекөз қариялар майдангердің бойындағы ашық-жарқын мінез бен аңқаулығын да аңыз ететін. Тумысынан ар алдындағы адалдық­ты мұрат тұтқан майдангер заң бұзғандарды жек көреді екен. Бүгінде туған ауылы Қарсақтың адамдары тік мінезді, шыншыл адам болса, «екінші Жанай» деп атайды екен әзілдеп.

Құқық қорғау саласында елу жылдай адал еңбек етті. ІІ дәрежелі «Отан соғысы», Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды. Жолын қуған жастарды адалдыққа тәрбиеледі, өз ісімен үлгі болды. Мәруа жеңгеміз екеуі шаттықпен шырайланған шаңырақтарында он бала тәрбиелеп өсірген. Көне дерек тұнған кебежені ақтарсаңыз, осындай өнегелі өмір соқпағы қылаң береді. Маржандай сүзіп алып, көкірегі ояу жастың қаперіне ұсынсаңыз, өнегенің өрімі емес пе?

 

Көкшетау