Өшпес даңқ • 18 Сәуір, 2025

Ерлігін шет жұрт дәріптеген

0 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің 2025 жылғы 28 ақпан күнгі санында журналист Дүйсенәлі Әлімақынның «Аустралия газеттері қазақтар туралы не жазды?» атты мақаласын оқып отырып, Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры, жер­лесіміз мерген Сиязбеков Сұлтанбек туралы «Қазақтың қос мергені» атты шағын мақала көзіме оттай басылды.

Ерлігін шет жұрт дәріптеген

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Сиднейден шығатын «Mirror» газетінде 1943 жылы 19 қазанда жарық көрген мына мақала біз үшін тіптен құнды болмақ. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ мергендерінің жүзі қандай жылы дерсіз. Аталған газет хабарламасында былай делінген:«Қызыл мергендердердің қаһарлы жеңісі, қазақ Сиязбеков күнде төрт-бес фашисті жер жастандырады. Ресей майданындағы нақты ұрыс көріністері кезінде түсірілген бұл фотосуретте Сиязбеков (оң жақта) қар басқан орыс даласында жайлы жерге жасырынғаны анық. Оның қасындағы қызыл әскер Жәкеев те мерген. Аустралиялық ескі газет­тің бетіне екі батырдың мерген мылтығына сығалап тұрған сұсты да айбынды бейнесі берілген» деп жазыпты егемендік журналист.

Аустралиялық газеттің кейіп­кері Сұлтанбек Сиязбеков біздің Созақтан шыққан батыр. Екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлік­тің үлгісін көрсеткен атамыздың ерлік жолы кеудемізге мақта­ныш сезімін ұялатты. Созақтан шыққан батырлар аз болған жоқ. Әрқашан алдыңғы шепте өзде­рінің сара жолы, ерен үлгісі мен өнегесін де бөлекше көрсете білді. Батырларымыздың жасаған ерліктері де сан алуан. Барлаушы, партизан, зеңбірекші, жаяу әскер, мерген, ұшқыш сияқты әскер­дің түрлі өнері мен түрлерін меңге­ріп, машықтанған созақтықтар Жеңістің жақындауына өз үлес­терін қосты. Солардың бірі мерген Сұлтанбек Сиязбеков атамыз 1889 жылы Шолаққорған ауылында дүниеге келген. Әкелері Әулиеата жағынан көшіп келген. Ойық руының ұрпақтары екен. Алғашында ауыл молдасынан хат танып, кейін Созақ ауданынан тау асып, оқу іздеп шыққан талапты жас Түркістан қаласындағы төрт жылдық орыс мектебіне 1914 жылы түсіп, оны 1918 жылы бітіріп шығады. Одан кейін Ташкент қаласындағы түземдерге арналған училищеге барып түседі. Оны 1921 жылы бітіріп елге келеді. Ол Шолаққорған, Созақ, Қозмолдақ, Сызған, Құмкент, Бабата, Жарты­төбе ауылдарында мектеп ұйым­дастырған. 1921 жылы араб қар­пімен оқыса, одан кейін латынша, кирилл әліпбиімен дәріс ал­ған.­ Алғашқы оқытқанда балалар алты ай оқып, жазда алты ай «Қызыл отау» ұйымдастыры­лып, жұрт­шылық арасында жаңадан шыққан қаулы, қарарларды түсін­діріп, ересектерді оқуға тартқан. Жаңа дүниенің жаршысы болып сауатсыздықты жоюмен күрес­кен. Сұлтанбектің үлкен ұлы Ыбы­рай 1925 жылы туған. Ол да соғыс­қа аттанып, хабар-ошарсыз кеткен. Артында қалған туыстары, бауырлары Ыбырайды іздеп Мәскеу, Подольск қалаларындағы әскери архивтерге қаншама рет хат жазып іздеу салды. Бірақ бірде-бір нәтиже болмады. Тұтқынға түсті ме, жоқ әлде алдыңғы лекпен барғанда жаппай қырылып кетті ме белгісіз.

Екінші ұлы Қуат ұзақ жыл оқу ағарту саласында қажыр­лы еңбек етті. Одан кейінгі қызы Нағима шолаққорғандық Қуан­дықовтар отбасында, ұлдары Сай­лау Шымкент шаһарында, кенжесі Сиязбек Тараз қаласында тұрады.

Сұлтанбек Сиязбековтің шә­кірт­тері Есіркеп Өмірбеков, Ақшал Мұқанов, Тұрсынбай Омаров, Әбілда Жүнісов, Бекзат Жолдасов, Әдіш Қауынбаев, Әділ Әбдірашов, Әшімхан Зейілбеков, Әшірбек Жасұланов кезінде Сұлтанбектен тәлім мен тәрбие, білім алған аза­маттар. Барлығы да елге қыз­мет етіп, абыройлы азаматтар қата­рында болды.

Сұлтанбек 1938 жылы Түркіс­тан педучилищесін бітіреді. 1942 жылы Құмкент ауылында мек­теп директоры қызметінен май­данға аттанған. 1979 жылы өмір­ден озды. 1975 жылы Жеңістің отыз жыл­дығына арнап Алматы қала­сындағы «Жазушы» баспасы­нан шыққан «Қаһарман» атты жинаққа, Е.Өмірбековтің «Дәулет пен сәулет» атты кітабына, Созақ энциклопедиясына есімі енген.

Соғыстан соң ауылшаруашы­лығында еңбек еткен. Шолақ­қор­ғанда бір көшеге есімі берілген. Өткен жолы аудандық газеттен Сұлтанбек атамыз туралы мақа­ла­ны оқисыздар деп фейсбуктегі әлеуметтік парақшамда жазған болатынмын. Сол уәдеме орай батырдың соңында қалған неме­ресі Мадияр інімізбен де хабарласып үлгердім. Батыр бабасы туралы «Egemen Qazaqstan» газетіне шыққан мақаланы көрсеткенім­де, Мадиярдың қуанышында шек болған жоқ.

Созақ ауданының орталығын­да Сұлтанбек Сиязбеков атын­дағы көше бар. Бұл кісі кім? Қандай ерен еңбегі, ерлігі үшін көше аты берілгенінде бүгінгі жастар, тіпті орта буын азаматтар да біле бермейді. Мен ол кісінің есімін 1997 жылы 9 мамыр қарсаңында есті­дім. Жастар ісі, спорт және туризм басқармасында қызмет атқарып жүргенде Сұлтанбек атамыз­дың немересі Ботакөз Қуатқызы Сұлтанбекова қолында жоғарыда айтқан мұқабасы сарғыш келген «Қаһарман» деген кітап бар. Осы кітапта мерген Сұлтанбек Сиязбеков туралы жазылған екен. Кейін сол сырты сары кітапты қайта көрмедім. Қолыма түспеді.

Сұлтанбек Сиязбеков 158-ат­қыштар дивизиясы, 875-атқыштар полкінде гитлершілерге қарсы жан аямай соғысады. 1943 жылы көктемде «1943 жылы 13 наурызда Шолаққорғанға Смоленск облысы, Бельский ауданы, Федотова деревнясы маңындағы кескілескен шайқаста ерлікпен «қаза тапты» деген қаралы қағаз келеді. Аудандық партия комитетінің өкілдері арнайы барып шаңырағына қаралы жайды естіртеді. Алайда «қырық жыл қырғын болса да ажалды ғана өледі» дегендей Сұлтанбек тірі болып шығады.

Арыдан бастасақ, Сұлтанбектің ұлы Қуат көкеміз көзі тірісінде «әкем 1930 жылы Созақ көтері­лісіне қатысқан екен. Оны кейін қуғыншылық басылған соң сөз арасында айтып отыратын» депті. Расында Сұлтанбек 1930 жылы 7 ақпанда бастау алған Созақ көтерілісіне қатысады. Бірақ кейін әркімдердің түрткілеуімен жазаға ілігіп кетем бе деп «шықпа жаным шықпа» деп тыныш жүреді. Кейін соғыс басталғанда өз еркімен алғашқылардың қата­рында майданға аттанады. Одан 1943 жылы ауыр жараланып бір жақ бетіне, жуан санына снаряд жарықшағы кіріп кетеді. Сөйтіп ес-түссіз майдан даласында жатып қалады. Кейін Сұлтанбекті не­містер тауып алып, тұтқынға тү­седі. Бірақ тұтқыннан қашып шы­ғып, кеңес әскеріне қайта қосылады. «Күніне төрт-бес фа­шис­тің көзін жойып отырды», дей­­ді сонда есептей беріңіз. Полк ко­мандирі мерген Сұлтанбек Сияз­бековті жоғары командованиеге жоғары атаққа ұсынады. Бірақ та Кеңес Одағының батыры атағы­на ұсынылғанда тұтқынға түсуі бар, Созақ көтерілісіне қатысқаны бар, бәрі алдынан шығып, кедергі келтірсе керек.

1990 жылы Шолаққорған ауыл­дық кеңесінде жиналыс болып, ауыл тұрғындары білім саласының ардагері, майдангер Сұлтанбек Сиязбековті мәңгі ел есінде қал­дыру мақсатында Шолаққорған ауылындағы Андреев көшесін өзгертіп, Сұлтанбек Сиязбековтің есімін беру жөнінде ұсыныс айтады. 1990 жылы 15 майда Халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитетінің №145 қарары бойынша Андреев көшесіне Сұлтанбек Сиязбековтің есімі беріледі.

– Ең бірінші атамды 1995 жылы 9 мамыр қарсаңында сол уақыттағы аудан әкімі Қуаныш Айтаханов іздеген болатын. Сөйтіп, Жеңіс күні аудан орталығындағы Жеңіс шеруіне оқушылар атам Сұлтанбек Сиязбе­ковтің портретін көтеріп шыққаны әлі күнге есімде қалыпты. 2008 жылы атам туралы мәліметтер мен деректерді жинақ­таған журналист Кәрі­бай Әмзеев ағамыз «Осы жұрт Сұлте­кеңді біле ме екен?» деген мақа­ласын жазып сол жылы 6 қыркүйекте «Теріскей» газетін­де жария­ланған болатын, – дейді Сұлтанбек батырдың немересі Мадияр Сұлтанбеков.

 

Мақсат Қарғабай,

Жазушылар одағының мүшесі