Серік Сәрсембайұлы футболдағы жолын «Шахтёр» клубының дайындық тобында бастаған. 1965 жылдан бастап команданың қосалқы құрамында ойнап, келесі жылы «А» классының екінші тобымен үш матчқа қатысып, бір гол соққан. 1967-1970 жылдары Теміртаудың «Металлург» / «Строитель» командаларында өнер көрсетті. 1973-1975 жылдары қайта «Шахтёр» сапына оралып, қорғаныс шебінде ойыншы ретінде карьерасын тәмамдады.
Бапкерлік жолында да Бердалин айтулы табыстарға жетті. Ол 1995 жылы «Шахтёрды», 1998 жылы «Ертісті» Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атандырған.
«Серік Сәрсембайұлы шәкірттеріне сенім сыйлайтын, дем беретін жан еді. Оның «Шахтёр» клубына сіңірген еңбегі еліміздің спорт тарихында мәңгі қалады», деді «Шахтер» командасының баспасөз қызметі.