Деректерге сүйенсек, 1965 жылдың 1 қыркүйегінде Семей телестудиясының алғашқы ресми хабары эфирге шықты. Бұл республикадағы Алматы, Қарағанды, Өскемен, Ақтөбе телевизиялық студияларынан кейінгі бесінші, Кеңес одағы бойынша 116 студия екен.
Бүгінде «SEMEI» телеарнасы тәулігіне 14 сағат хабар таратады. Көрерменге 30-ға жуық авторлық бағдарлама ұсынады. Жаңалықтар қызметі күніне бес рет эфирге шығады. Ақпараттық кеңістікте арна жұмысын жаңа деңгейге көтеру мақсатында «Digital SEMEI» шығармашылық бөлімі ашылып, жаңа медианы дамыту ісі басталды.
Телеарна алғаш рет Қытай Халық Республикасынан тікелей ақпарат таратып, халықаралық деңгейде эфирге шықты. Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы кезінде арна тікелей эфир арқылы және әлеуметтік желілерде жедел ақпарат таратты. Сонымен қатар, биыл көптеген деректі фильм мен «Таза Қазақстан» бағдарламасына байланысты тәрбиелік мәні бар бейнероликтер түсірілді. Телеарнаның мерейтойы аясында Семей қаласындағы бір көшеге қазақтың «Левитаны» атанған радио жүргізушісі, диктор, Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевтың есімі берілді.
Өңірдің айнасына айналған телеарнаның 60 жылдығына арналған салтанатты іс-шара Абай атындағы облыстық кітапханада өтті. Оған облыс әкімі Берік Уәли, «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының директоры, белгілі журналист Болат Мүрсәлім және ардагер журналистермен қатар қаланың зиялы қауым өкілдері қатысы. Жиында аймақ басшысы телеарна ұжымын мерейлі мерейтоймен құттықтады.
«Алпыс жыл – тек бір ұжымның ғана емес, тұтас өңірдің тарихына айналған зор белес. Уақыттың сынынан өткен, ұлттың үнін жеткізген рухани арнаның мерекесі! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені, ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай» деген сөзі біздің Семей телеарнасының жолына, рухына дөп келеді. Сол алғашқы хабарлардан бастап бүгінге дейін халықтың үмітін, елдің тынысын жеткізді. Ел үшін жаңа дәуірдің бастауы болды. Сол кезден бері Семей телеарнасы – уақыттың куәсі, елдің айнасы, рухтың мінбері болып келеді. Бүгінгі мерейтой – өткенге тағзым, болашаққа сенім сыйлайды! Алпыс жылдық абыройлы тарих ел мен елді, ұрпақ пен ұлтты жалғаған алтын көпір! Семей телеарнасы – Семейдің үні, Абай елінің рухы! Құрметті әріптестер, баршаңызды ұжымның мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!» деді облыс әкімі.
Салтанатты жиында телеарнаның ардагерлері мен қызметкерлеріне мерейтойлық марапаттар табысталды. Телеарна ардагерлері Фатима Бегенбаева, Зинаида Омарова, Мұратқазы Алин, Тілеген Ахметов Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, шеф редактор Гүлнәз Кәукен, оператор Елжан Мағзұмов, редактор Бақытгүл Қазез «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Телеарнаның бірқатар қызметкерлері Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғысхаты және «Құрмет» грамотасын, облыс әкімінің Алғысхатын алды. Аймақ басшысы салтанатты кеште телеарна ұжымына облыс жұртшылығы атынан автокөліктің кілтін табыс етті.
Абай облысы