Алғашқы күн жауынгерлерден норматив қабылдаумен басталды. Бірнеше топқа бөлінген жүз қаралы адам жан-жақта түрлі сынақ тапсырды. Бір топ биік ғимараттан арқанмен құлдилап, қабат терезелерінен шартты «қылмыскерге» шабуыл жасады. Бірақ бұдан бұрын арнайы жасақ жігіттері жасырулы тұрған билеттердің ішіндегі арқан байлау тәсілінің бірін таңдап, оны тәжірибеде көрсетті. Кейін тау жаттығуларын орындауға жіберілді. Енді бір топ мүшелері мергендіктерін сынады. Түрлі қарумен, әр позицияда бірнеше нысананы дәл көздегендер келесі нормативті тапсыру құқығына ие болса, кейбірі сынақты мезгілінен ерте аяқтады.
«Күрең берет» үшін күрестің екінші күні топ-топқа бөлінген қатысушылар 3 шақырымға және 100 метрге жүгірді. Жараулы аттай жақсы дайындықпен келгендері топтан оқ бойы озық келді. Кейбіреулер бірінің ізін бірі басып жетті. Бұл ұзақ жарыс жолына шығар алдындағы дене қыздыру іспетті болғанымен, аса маңызды жаттығулардың бірі. Қысқа қашықтықта сынға түскендер де шамасын көрсетіп бақты. Мұнымен тексеріс біткен жоқ. Жауынгерлер белтемірге тартылып, білектің күшін, төзім мен жігер қуатын байқатты.
Осыдан соң үміткерлер отырып-тұру, жерде жатып қолды бүгіп-жазу, тізені кеудеге әкелу, іш бұлшық етін нығайту сынды норматив тапсырды. Олар түрлі қиын жағдайға тап болғанда қолдану қажет қорғаныс және ұрыс тәсілдерін орындады. Түрлі сюжетке құрылған күтпеген шабуыл қалай және қандай әдіспен тойтарылуы керек екенін көрсетті. Қатысушылар барынша бақылаушылардың оң бағасын алуға тырысты. Өйткені жауынгерлер екі ескерту алса, сынақтың қалған бөлімдеріне жіберілмейді.
Жаттығуларды орындау дене-бітімге ғана емес, жауынгерлердің моральдық-психологиялық жай-күйіне де біраз салмақ салды. Сондықтан сүрінген үміткерлер де болды. Сөйтіп небәрі екі күнде 20-ға жуық қатысушы алаңнан шығарылды. Бірақ мұнымен «күрең беретке» көз тіккендердің сынағы аяқталмады.
Таңмен таласа оянған арнайы жасақ жауынгерлері топтасқан күйі түрлі сабақтарға қатысты. Алдымен үміткерлер мобильді радио құрастырып, байланыс торабын қосудан норматив тапсырды. Мұны орындауға оларға небәрі 40 секунд уақыт берілді. Қатысушылар бұл тапсырманы барынша тез әрі сапалы орындауға талпынды. Жанталасқан жауынгерлер берілген арнаға дәл түсіп, радио жиілікті анықтаудан қателеспеді.
Ал үміткерлердің тағы бір тобы арнайы сынып ішінде тактикалық, оперативтік мақсаттар үшін жергілікті жердің ерекшеліктерін зерттеуге кірісті. Оларға әр түрлі нұсқадағы дайын карталар ұсынылды. Тапсырманы орындау аса бір физикалық күшті қажет етпесе де, жауынгерлердің интеллектуалдық қабілетін сынады. Дайындықпен келген үміткерлер тосылмады, бірақ азды-кем қателікке бой алдырғандары да болды. Соған қарамастан бақылаушылар ризашылығын білдірді.
«Күрең беретке» жетпей қоймаймыз деген жігіттер қолдарына күрек те ұстады. Олар санаулы мүмкіндік ішінде күректі сабынан ұстап, бірнеше метр қашықтықта адам бойындай сорайған ағашқа дәл қадауы тиіс. Қолындағы күрекке күмәнмен қарап, сәтсіздігі үшін кінәлап жатқандар да табылды. Бірақ екінші рет берілген мүмкіндік көздерінде от ойнаған оғыландарымызға келесі кезеңге өтуге жол ашты.
Шешуші кезең. Таң әлі қылаң беріп үлгерген жоқ. Тып-тыныш қараңғылықты бұрыннан «күрең берет» иегері атанғандардың тарс-тұрс еткен қаруы бұзып жіберді. Бұл – жорық алдында үміткерлерге берілген дабыл етін. Бір күн бұрын мандаттық комиссияның оң шешімін алған абадан жігіттер апыл-ғұпыл сыртқа жүгіріп, қорғаныс шебін құрады. Осылайша, 65 шақырымдық жорық алдында жауынгерлерді бір жүгіртіп алған төрешілер шешуші сынақтарды қабылдауға дайын екенін аңғартты.
Арнайы жасақ жауынгерлері мінген көлік межелі жерге жеткенде іштегі жігіттер десанттық тәсілмен жерге секіріп, қорғаныс қалпын сақтап тұрды. Көп өтпей топ-топқа бөлінген үміткерлер сөре сызығына келіп, қаз-қатар сап түзеді. Старт берілгені сол-ақ екен тыпыршып тұрған желаяқ жігіттер жай оғындай жылт етіп, мәреге қарай ұмтылды. Бәрі де бастапқы 5 шақырымды белгілі уақыт аралығында бағындыру керек екенін жақсы біледі. Сөйтіп бұл норматив ойдағыдай орындалды.
Желе жортқан жігіттер енді бір тұста жазық даланы артқа тастап, таулы-тасты мекенге табан тигізді. Ойлы-қырлы жерлерден орғып өткен оғыландар ойысқа қарай ойысты. Іле-шала қолдарындағы қаруын биік ұстап, Іленің белден асатын мұздай суын шімірікпестен кешіп өтті. Су киімін сығымдап, сәл-пәл реттеліп алып, өрге қарай өршелене жүгірді. Дамылсыз жүгіріс пен төрешілердің түртпегі қайта басталды. Көпті көрген тәжірибелі аға буын анадайдан айғайлап, жігіттерге бір дем берді.
Келесі кезекте үміткерлер 400 метр төңіректе алдыңғы шепте шабуылдау дағдыларын көрсетті. Бұл енді аса қиындық тудыра қоймайтын, бірақ алдағы алыс жолды ұзарта түсетін сынақтардың бірі. Одан қалды от пен судан, тау мен тастан асқан азаматтарды біресе отырғызып, біресе тұрғызып әбден сүлесоқ етеді. Әрине, бұл жігіттердің темірдей төзім мен қырағылығын қайрау болса керек.
Жоталы жердің төбесіне шыққанда қаннен қаперсіз келе жатқан мықтыларға ор қазу бұйырылды. Жарты сағатқа жетпейтін уақыт ішінде әрқайсысы ұзындығы –170, ені – 60 сантиметрлік ор қазып шықты. Тереңдігі 30 cантиметрлік орды төрешілер тексеріп, бағасын берді. Қару асынған топты жақындастыра түсетін тағы бір тапсырма жарақат алған қаруласын 15 метрге дейін сүйреп өту нормативі. Олар жаралы жанды сүйремес бұрын алдымен медициналық көмек көрсетуі шарт. Дәл осыған ұқсас нормативтің бірі – бауырымен 50 метрге дейін жорғалау. Бір қараған жанға қаруын қолының үстіне қойып, жер бауырлап жылжу оңай көрінеді. Әсте олай емес! Мұның азабын талай шақырым шаң жұтып, алқымы тарылған, әл-дәрмені азайып, болдыра бастаған адам ғана түсінеді. Иығыңды немесе жамбасыңды көтеріп көр, көкжелкеде төніп тұрған төреші сапарыңды осы жерден тоқтатуға дайын тұр. Бұл да үміткерді алаңдатады. Міне, осындай ауыртпалық салдарынан саусақпен санарлық қана секундқа кешіккен кей үміткер қатардан шығарылып жатты.
Қиындық мұнымен біткен жоқ. Келесі нүктеде басына газға қарсы тұмылдырық киіп жүгіруге мәжбүр болды. Себебі олардың жолын түтін торлады. Арнайы жасақ жауынгерлері осындай қиын-қыстау сәтте сауатты қимылдап, жол бойынан сытылып шығуға тиіс. Бірақ бұл сынақты олар шыбын шаққан құрлы көрген жоқ. Өрт жалмаған аумақты да артқа тастады. Енді он шақырымнан кейін оларды үлкен үзіліс күтіп тұр. Ол үшін жігіттер кеш батпай тұрып, түнемелік орынға жетіп алуы керек. Жігерлі жігіттер болса діттеген межеге түс ауа жетті.
Сынақты абыроймен өткерген жауынгерлердің жүзінінен нұр байқалады. Бір-біріне дем беріп, демеу болып жүр. Тіпті олардың арасында ағалы-інілі бауырлар да бар болып шықты. Жорықта жүріп, бір-бірінің тағдырынан бейхабар болған екеудің қуанышында шек жоқ. Сәтін салса, ағайындылардың бір үйден шыққан «екі күрең берет» иегері атанатын күні де алыс емес...
Жауынгерлер күн ұясына батпай тұрып, жатын орынды сырт көзге білінбейтіндей етіп сайлап алды. Түн ішінде кезек-кезегімен қосынды да күзетті. Келесі күні түнгі қосыннан шыққан жауынгерлер ту көтеріп ақтық сынға бет алды. 65 киллометр жолды жүгіріп, құр сүлдері қалған 13 батыр келе сала оқ-дәрі тасымалдауға кірісіп кетті. Бас көтермей сүйрелеп жүрген қорап та жеңіл емес. Салмағы – 25 келі. Бірақ олар қол созым жерде тұрған «күрең береттен» айырылмас үшін бар күшін салды.
Жауынгерлер қаруласына қарайлай жүріп, кедергілерді бағындыруы шарт. Бірі ұмтылып алдыға кеткенде екіншісі қорғаныста қалады. Жұп жазбай жүгірген жауынгерлер осы жерде бірлік танытпаса, бұған дейінгінің бәрі бекер. Себебі екеуінің бірі жолда қалса, сынақтан екеуі де шеттетіледі. Бұл тактика жауынгердің жанындағы серігіне деген сенімді нығайту үшін қажет. Сөйтіп, соңғы нүктеге аяңдағанда жігіттер бораған оқтың астында қалды. Асығып-аптыққан азаматтар қаз-қатар тізіле қалып, кезек-кезек өздерімен бірге алып жүрген қарудан оқ атты. Сақылдап тұрған автоматтар үні кезекті бір үміткерге келгенде күрмеліп қалды. Екінші мүмкіндікте атылмаса, төккен тер зая кетіп, «күрең берет» көзден бұлбұл ұшады. Үміткер автоматтың затворын оқжатармен ұрғылап жіберді. Кептеліп қалған патрон сыртқа ұшты. Оқты орнына қайта салып, шүріппеге саусақ жүгіртті. Үміт пен үрей торлаған ойды автоматтың дауысы бұзды.
Төрешілер сонда да тулаған жүрекке тыным берер емес. Тықсырған күйі шаңы шығып жатқан шаршы алаңға әкелді. Сынақтың ақтық сәтінде үміткерлер бір-бірімен күш сынасатын болды. Жауынгерлер үш минуттан үш раунд төбелесті. Ал қарулас қарсыласына жанашырлық танытып, жайбасарлық көрсетсе, төрешілер бірден айыппұл салды. Мұндағы басты міндет – ауыр соққы мен айлалы әдіске қарсы тұра білу. Бірақ үміткерлердің үкілі үмітін ауыр соққы да, тиген жұдырық та үркіте алмады. Жігерлі жауынгерлер «күрең беретке» лайықты болып шықты. Осылайша, сынақ өз мәресіне жетті.
6654 әскери бөлімінің саптық алаңында сынақтан сұрыпталған 13 жауынгер Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековтың қолынан «күрең береттерін» алды. Бұл – олардың өміріндегі айрықша күн. Жеңімпаз жігіттердің арасында жоғарыда біз атап өткен ағайындылар да бар. Олар – «Күрең берет» иеленген бауырлар ретінде тарихта қалды. Жарасымды көрініске көз сүйсінді. Әрине, «күрең берет» нағыз жауынгерге ғана жарасады!
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,
журналист
Астана – Алатау – Астана