Жәдігер • 11 Сәуір, 2025

Мырзағұлдан қалған мұра

72 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл – Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақталған болыс, би Мырзағұл Шманұлының қолданған жез табағы. Көлемі 30х30 см болатын, сыртқы жағында «1882 г.» деген ойылып жазылған ұсақ жазуы бар, шыны аяқ қоятын дүниені ұрпағы С.Мырзағұл тапсырған.

Мырзағұлдан қалған мұра

Мырзағұл Шманұлы Шал­қар топырағында Есет Көтібар­ұлының көтерілісінен кейін ел билеген. 1901–1905 жылдары «Орынбор-Ташкент» теміржолы құрылысын жүргізуге белсене қатысқаны ел-жұрттың есінде қалды. Өмірбаян жолдарына үңіл­сек, Мырзағұл би 1872–1879 жылдары Ырғыз уезінің Аралши болысын басқарған. 1878 жылы қазақтың біраз рубасылары құрамында Санкт-Пе­тер­бургтегі ІІ Александр пат­шаның қабылдауында болды. Ел ішінде мектеп салу ісін қолдаған. Мырзағұл би Шалқар қаласында 2 кластық орыс-қазақ мектебін ашуға атсалысқан. 1882 жылы мау­сымда өткен Орал, Торғай об­лыстарының болыстары мен билерінің құрылтайында патша үкіметінің жер саясатын ашық сынаған. 1891–1908 жылдары екі рет Шеңгелді болысын басқарған.

Қазақ жерін бөлшектеуге қарсы шыққаны үшін 1891 жылы 15 қаңтарда болыс­тықтан алынып, 6 айға сот­талған. Жазасын Орынбор түрмесінде өтеп келеді. Одан кейін де жер саяса­тына қарсы толқуларды ұйым­дастырғаны үшін қайта сотталып, 1908 жылы Орынбор түрмесінде кісі қолынан қаза тапқан.

 

Ақтөбе облысы