Өшпес даңқ • 10 Сәуір, 2025

Жауынгер ерлігі – ұрпақ ­жадында

140 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Дүниежүзін шарпыған соғыста халық шеккен қасіретті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Майданға аттанған 1,2 миллионға жуық отандасымыздың тең жартысына жуығы соғыстан оралмады. Баласынан көз жазған ананың зары, жарынан айырылған әйелдің мұңы, әкеден қалған жетімнің шері адамзат санасында жаңғырып тұрары айдай ақиқат. Соғыс кесірінен әкеден айырылған шерлі жанның бірі менмін. Әкем соғысқа аттанғанда анамның жөргекте жатқан жалғыз ұлы екенмін. Ол майданға аттанып, Отан қорғау жолында қалмақ даласы, Сталинград, Харьковке дейін барып, хабарсыз кеткен.

Жауынгер ерлігі – ұрпақ ­жадында

Анам мені адам қа­тарына қо­су жолында өмір­дің бар қиындығын бас­тан кеше жүріп еңбек еткен екен. Туған жерді тас­тап, Түрікменстан асуына да аумалы-төкпелі заман желі себеп болса керек. Қазір балалық шақ – бал дәурен деп атайтын кезең мен үшін анау айтқандай қызыққа толы болмағаны, керісінше, соғыс кезіндегі, соғыстан кейінгі ауыр тұрмыс тауқыметі, жоқ-жітік, жаутаңкөз тіршілік балалықты ұмыттырып, тырбанып тірлік істеп, тірі қалып, арпалысып алға ұмтылу әрекетімен өтті.

Мұның бәрін еске алып отыр­ған себебім, биыл Екінші дүние­жүзілік со­ғыс­тың жеңіспен аяқ­тал­ғанына 80 жыл толып отыр. Қазақ халқы – адамзаттың қас жауы – неміс фашистеріне қарсы жойқын шайқаста бабадан қалған ерлік пен өрлік мұрасын абыроймен жалғастырды. Бұл соғыс Қазақстан тарихында мәңгі орын алады.

Соғыс басталған алғашқы айлардан-ақ майдан даласында қан кешіп, күші басым жауға қар­сы ерлікпен соғыса жүріп, тұт­қынға түсіп қалған солдаттарды жоғары басшылық тарапынан сатқын деп жариялау жау тылында партизандық күреске белсене араласып, соғыс аяқталған жылдары елге оралған жауынгерлер­дің тағдырын тәлкекке ұшыратты. Сондай жанның бірі – соғыстан кейін елге оралған Атырау облы­сының Индер ауданындағы Елтай ауылының тумасы Сейілхан Ғаб­дуллин. 1921 жылы дүниеге келген ол ата-анасынан ерте айырылып, атасы мен әжесінің қо­лында тәрбиеленеді. 1939 жы­лы әскер қатарына алынып, Қы­зыл Армияның 89-атқыштар пол­кінде жауынгерлік қызметін атқа­руға кіріседі. Кеңес үкіметінің Финдермен соғысына бастан-аяқ қатысып, содан соң құрамында Сейілхан бар атқыштар полкі Латвияның Каунас қаласы маңын­да неміс әскерлерімен соғысуға дайын­дық жүргізеді. Алайда күш тең емес еді. Сондықтан орманды жерлерді паналап, немістермен қаша соғысу тактикасын ұстана отырып, Литва жерінен өтіп, Бело­руссияға жақындағанда неміс әскерінің қоршауында қалған­дарын түсініп, командирлер екі нұсқаны ұсынады. Бірі – ашық соғысқа көшіп, түгелдей қырылу, не аман қалу үшін күші әлденеше басым жауға тұтқынға берілу. Нәтижесінде, екінші нұс­қаға таңдау жасалды.

ап

Сейілхан ағамыздың өмір та­ри­хындағы жан төзгісіз азапты кезеңдері – тұтқындағы жылдары. Соғыс тұтқындарының тағдыры тарихтың ақтаңдақ беттерінің бірі саналады. Тоталитарлық мемлекеттің солақай ұстанымдары «соғыс жағдайында тұтқынға түсу» деген ұғымды мойындама­ды. Сол себептен тұтқынға түскен әске­рилерге сенімсіздікпен қарап, олар­дың қапаста жатып та күрескен ерліктері есепке алынбады.

Сейілхан аға тұтқында көр­ген азаптан мойыған жоқ. Атақ­ты Бухенвальд лагерінде тозақ­ты күндерді бастан өткерді. Не­міс­тердің жұмысқа жарамай қал­ған, күнделікті азаптан әбден титықтап қайтыс болған өліктерді шұңқырға көміп те, өртеп те жататын сұмдықтарын өз көзімен көрді. Лагерьде өлместің күнін кешіп жүрген тұтқындарды бір күні пойызға тиеп, басқа жаққа ала жөнелді. Тұтқындардың жаңа келген мекені Бельгияның Цварберг деген көмір шахтасы екен. Осы шахтада көмір қазумен, оны сыртқа тасымалдаумен шұғылданып жүрген кезінде Мадияр Байжанов деген жерлесімен сөз байласып, қашуды ойластырады. Ақыры бұл әрекетті жүзеге асырып, екеуі басын қауіп-қатерге тігіп, шахтадан қашып шығып, ну орман-тоғайға жасырынып үлгереді.

Міне, осы кезеңнен бастап, Сейілхан аға неміс фашистеріне қарсыласу бағытын­дағы партизан отрядтарына қосылып, соғыс аяқталғанша жауынгерлік міндетін мүлтіксіз атқарады. Бұл жөнінде соғыс кезінде Бельгия аумағында неміс басқыншыларымен бітіс­пес күрес жүргізген «За Родину» бригадасының командирі К.Шук­шин мен оның орынбасары И.Дядькиннің естеліктерінде айтылады және қол қойып қарсыласу отряды құрамында соғысқанын куәландыратын құжат та беріледі.

Соғыстан кейін Мадияр Бай­жанов кеңес өкіметінің солақай саясатына сенбей шетелде қалып қойды да, елін, жерін сағынған Сейілхан Ғабдуллин ауылына орал­ды. Алайда кеңес өкіметі Сейіл­ханды сенімсіздікпен қарсы алды. Алты жылға созылған тозақ отынан құтылдым ба деп келген жауынгерді арада он бес күн өтпей жатып-ақ ҰҚК-ге шақыртып, тергеуді бастады. Ұрып-соғу, қамау бірнеше айға жалғасып, жалпы сенімсіздік көрсету ондаған жылдарға созылып, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана сәл саябырсығандай болды.

1993 жылы, 49 жылдан кейін, Жазушылар одағының хатшы­сы Қалдарбек Найманбаев Ма­дияр Байжанов мен Сейілхан Ғабдул­линді Алматы қаласына шақыр­тып, қос май­дангерді кездестіріп, бауырлар мау­қын басып, көз жасына ерік беріп еді. Бұл олардың жарық дүниедегі соңғы кездесулері еді.

1941 жылы Еуропаның Неман өзені өткелі маңында қор­шау­да қалып, тұтқынға түскен қара­пайым қазақ жауынгері, Жайық бойындағы шағын ауылдың тумасы Сейілхан Ғабдуллиннің 1939 жылы Алматыдан басталған әскери жолы оны Прен, Каунас, Саксония, Дрезден маңын­дағы Буханвальд лагерьлеріне, ең ақыры Бельгияның Цварцбергтегі көмір шахтасына дейін жеткізген екен. Сөйтіп, Екінші дүниежүзілік соғыс­тың бүкіл азапты жылдарын бір адамдай-ақ басынан өткерген, ақы­рында 1944 жылы 4 сәуірде Бель­гияның жерастындағы шахтасынан көмір тиеген вагонеткамен қашып шыққан Сейілхан Ғабдуллин бостандыққа жеттім-ау деп кеудені кере бір демалғанымен де қасіретті бұл жолдың Қазақ елі тәуелсіздікке жеткен 1991 жылға дейін созылатынын «506885» нөмірлі тұтқын ойламаған да шығар.

Міне, сол бостандық аспанын алғаш көрген, өзі одақтастар әске­рінің құрамындағы Америка жауынгерлерімен бірге азат еткен ел – Бельгия Корольдігі қарт жауынгерді көзінің тірісінде бірнеше рет қуантты. Алғаш рет 1998 жылы 6 қазанда жолданған Опглаббеек қаласының Думасы және қала мэріне қарасты бөлімнің бастығы хат арқылы 1944 жылы 28 қыркүйекте өз қаласын азат еткені үшін шын ниеттен алғыс айтып хат жолдады.

Одан соң Жеңістің 60 жылды­ғына орай 2005 жылы 12 сәуірде сол Опглаббеек қала­сының мэрі ­Бенни Спреуверс осындай маз­мұн­да алғысы мен сыйлығын жолдаған еді. Ал Отанын қорғап, қанын төккен қарт жауынгерді кеңес одағы Сталиннің қанды №217 бұйрығынан аса алмай, туған же­рінде жүрсе де мұндай аз-маз қуаныштарды да оған қимаған еді. Осы жайлардың барлығын жазып, Бельгияның Қазақстандағы елшілі­гіне хат жолдаған, бүгінде Ақтауда тұратын майдангердің ұлы Қажымұрат Хайрушевтің еңбегі еш кетпеді.

Корольдіктің өкілі, Қазақстан­дағы елшісі Алекси де Кромбрюг­хе де Пикендаль 2019 жылдың 4 қазанында Атырау облысы Индер ауданы топырағына табан тигізіп, Елтай ауылындағы сержант Сейілхан Ғабдуллин бейітіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Себебі бұл елдің, соның ішінде қаланың азат етілгеніне 2019 жыл­ғы қыркүйекте 75 жыл толған екен. Шетелдік қонақты Индер ауданы әкімі Мейірім Қалауи қабыл­дап, еліміздің бостандығы мен тұтастығын қорғауға қатысқан ұлт батырлары Сырым, Исатай-Махамбет, Жиембет, Малайсары, Мұрат жортқан даланың бүгінгі тынысымен таныстырды.

Елші Алекси де Кромбрюгхе де Пикен­дальдің атасы мен әкесі де осы шахтада жұмыс істеп, өзінің балалық шағы Сейілхан ағамыздың соғыс жылдарында партизандық құрған аймақта өтіпті. Бұл туралы елшінің өзі мәдениет үйінде аудан халқымен кездесуде ерекше толғаныспен әңгімеледі.

Осындай ыстық ықыласқа толы кездесуге себепші болған май­дангердің үлкен ұлы Қажымұрат әділетсіздіктің құрбаны болған ­әке рухын ардақтап, екі тілде басыл­ған «Қилы тағдыр» атты қос кітап пен деректі фильм шығарған. 2008 жылы бұл кітаптардың тұсауке­сері Ақтау қаласында өтті. Бұл іс-шара бір адамға жеке сезім берді. Ол ­87 жасында төрде отырып, халық­тан өзі жайлы жылы сөздерді бірін­ші рет естіп отырған Ғабдул­лин Сейілхан еді. Концлагерьден қашып, Бельгия, Франция ормандарында партизан болып, еліне оралғаннан кейін НКВД, КГБ, ҰҚК-нің қадағалауында жүріп, 63 жыл бойы бір адамнан ашық өзі туралы жылы сөз естімеген адам.

«Азаптан қашып шыққан әкем жат жерде жүргендіктен оған үстіндегі түрме киімін жедел ауыстыру оңайға соқпапты. Содан орманда тұратын бір қарт ерлі-зайыптылар көмектесіп, ескі де болса өздерінің барын кигізген екен. Әкем қашқын жауынгерге қамқорлық көрсетіп, елге оралуына жағ­дай жасаған бельгиялық отбасына өмір бақи қарыздармын деп өтті. Мен әкемнің оларды қалайда тауып, алғыс айтуым керек деген тілегін есімнен шығармай көп жұмыстандым. Бірақ табу мүмкін болмады. Елші мырза, бүгін сізге қазақы ішік кигізіп, сол әке алдындағы парыздан құтылғым келеді», деп Қажымұрат қонақты ортаға шақырып, сый көрсетті. Оның жұбайына да ұлттық киім ұсынды.

Негізі жауынгер әрі партизан Сейілхан Ғабдуллин жүріп өткен Опглаббеек, Боверлоо, Солтүстік Франциядағы Сант-Аманд, Мар­сель, Италияның Сицилия, Сар­диния, Мрамор теңізімен Түркия арқылы Қара теңіз, Одесса жол­дарының барлығы бүгінде ертегі сияқты. Бірақ бұл қолға түскен, одан қашып шығып, қарсыласу май­данында соғысқан қазақ жігіті­нің азапты жолы болса да, оның сонша қиындыққа төзіп, өнегелі өмір иесі атануының өзі ерлік еді.

Мұңды естелікке толы жылы жүздесудің соңында Сейілхан Ғабдуллиннің бүгінгі ұрпақтары Күләш, Қажымұрат, Марат, Зияш, Мұхит, Әліптен тараған немере-жиен, шөберелер ортаға шы­ққанда, тіпті сахнаға сыймай кетті. Бұл бір толғанысты жағдай жиналған қауымға, соның ішінде шетелдік қонақтарға да ерекше әсер етті. Сол арада елші «мен сізді жақсы көріп кеттім» деп ағынан жарылып, Қажымұрат мырзаға ризашылықпен қолын ұсынды.

«Адамның басы – Алланың добы» дегендей, Сейілхан мен Мадиярдың жерасты көмір өндіру шахтасындағы лагерь нөмір­лері 6686 және 6687 болса, барактағы жататын орындары да және жерастында көмір оятын учаскелері де қатар болған. Мадияр Парижде жерленсе, Сейілханға туған жерден топырақ бұйырып, Индер ауданының Елтай ауылында жатыр. Қажымұрат мырза, қай уақытта да өзіне тән адамгершілік, сауап­ты шаруалардың ортасында жүретін әдеті­не басып, арнайы кісі жіберіп, Париж­дегі Мадиярдың жерленген жерінен және өз әкесінің басынан топырақ алдырып, Қарабура пантеонында қатар екі тасбелгіге топырақ салынған капсуланы жерледі.

Қажымұрат Сейілханұлы жақында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов­пен кездесіп бірнеше ұсыныс жасады. Париж­де Мадиярды жерлеуге берілген жер 30 жыл­ға сатылған екен. Бүгінде мұның мерзімі өтіп барады-мыс. Ол жер басқа адамдарға саты­лып кетуі мүмкін. Қажымұрат әкімді осы мә­селеден хабардар етті, сондай-ақ Сейіл­­хан жауынгердің Жеңістің 80 жылдығы қарса­ңында ерлігі аталып өтсе екен деген тілегін де жеткізді.

 

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

Ардагерлер ұйымы орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор