
«Өткен жылы Ойыл ауданының Көсембай ауылына жақын жердегі Ақбұлақ қорымы қазылды. Бұл – Ойыл мен Қиыл өзендерінің ортасындағы ежелгі адамдар тұрағы. Ақбұлақ та ертедегі ғұн бірлестігінің қорымы. Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер шамамен ІІІ–ІV ғасырда ғұн тайпалары Еуропаға аттанар алдында біздің жерімізге аялдап, бірлестік құрғанына дәлел болады. Аслан Мамедов бастаған археологтер Әйтеке би, Қобда, Ойыл аудандарынан ғұн-сарматтардың қорған-обаларын тауып, картасын жасады», дейді Ойыл аудандық Шығанақ Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінің ғылыми қызметкері Дулат Исабаев.
Суреттегі – Қаратал ауылынан үш шақырым жердегі Қаздыаралдағы ежелгі адамдар тұрағынан табылған құмыра. Бұл жерден аралары өте жақын орналасқан үш жерлеу орны шықты. Үшінші шұңқырда ересек адам мен сопақша басты жасөспірім жерленген оба ерте дәуірде тоналған екен. Мұндағы ересек адамның бас сүйегі жоқ. Сәби кезден баланың басын қатты етіп таңып, сопақша етіп үлкейту ғұн дәуіріндегі ақсүйектер дәстүріне тән жоралғы. Ғұн баласы жорықта қайтыс болды ма, әлде өзен бойында аялдағанда опат болды ма, әлде осы жерді мекендеген тайпа көсемінің баласы ма? Бұл жағы белгісіз. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологтері Қаздыаралда ерте қола, темір дәуірлері мен ерте орта ғасыр заманының жерлеу орындары қатар жатыр деп қорытынды жасады.
Ақтөбе облысы