
Мол жауған аппақ қарды кәдеге жарату туралы ой жас ұстазға қар күреп жүргенде келген. Қысқы каникул күндері балалар асыр салып ойнайтын жер де керек. Асыланның асқан ыждағаттылықпен кіріскен шаруасына басында үлкендер таңданыспен қараса, балалар мәз-мейрам болып, көмекке келді. Көп жылдан бері аудан халқы мұндай мол әрі аппақ болып жауған қарды көрген емес. Асылан бірнеше күнде ирелеңдеген денесінің ортасынан қақшиған басы, айыр тілі шығып тұрған жыланның бейнесін орнатты. Мұз болып қатқан мүсінді жасыл түске бояды. Содан бері мұз жылан балалар ойын алаңындағы басты бейнеге айналды. Каникул күндері осы жерде сырғанақ теуіп, асыр салады. Компьютерге көгенделгендіктен, үйден шығара алмайтын ұл-қыздарын ата-аналары енді күн батқанша кіргізе алмай әлекке түсіп жүр. Үлкендер көшенің көркін келтірген жас ұстаздың еңбегіне риза болып баталарын берді. Бұл күндері қала тұрғындары мен қонақтары жылан мүсіні жанында суретке түсіп, тамашалауды әдетке айналдырды.
Асылан 2009 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін бітірген. Шығармашылықты сүйетін жас ұстаз туған қаласын көркейтуге ықыласты. Өткен Наурыз мерекесі қарсаңында Оқушылар сарайының алдына ұлттық киім киген қазақтың қыз-жігітінің мүсінін орнатты. Тағы бір көшенің бойында Асыланның қолынан шыққан сәукеле, қобыз, асық мүсіндері тұр. Цеханович атындағы спорт кешенінің алдындағы екі палуанның бейнесін жасап шығарды. Ерекше ақ саз бен балшық, гипсті пайдалана отырып, осындай туындыларды дүниеге әкелетін ойлы жастың туған жерге деген сүйіспеншілігі мақтауға тұрарлық.
Ақтөбе облысы