Құтқарушы • 09 Қаңтар, 2025

Үш баланы құтқарған полицей

122 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Байғанин аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлім­ше­сі­нің автоинспекторы, капитан Әділқаһар Қадыров бір отбасын ажалдан құтқарып қалды.

Үш баланы құтқарған полицей

Коллаждарды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Оқиға былтыр 1 наурыз күні болған еді. Таңғы сағат 07.30 шамасында Әділқаһар жұмысқа шығып бара жатып, қарама-қарсы тұратын көршісінің есік-терезесінен қою түтін шығып жатқанын көрген.

«Ол кезде мен ештеңе ойлаған жоқпын. Бұл үйде жеті адам тұ­рады. Басыма бірден «олар аман ба екен?» деген ой келді. Сол күні үйде үш жас баласымен анасы ғана болыпты. Көршім вахталық жұмыста, әке-шешесі Ақтөбеге кеткен. Жақындап барып, үйде кім бар деп айқайладым. Дыбыс жоқ. Содан сыртқы киімімді шешіп тастап, бетімді қармен ысқылап алып, терең дем алдым да, үйге кіріп кеттім. Үйдің ішіндегі қою түтіннен ештеңе көрінбейді. Әрі қарай есімде ештеңе жоқ», дейді Әділқаһар Ұлықпанұлы.

Жалын үйдің ішіне түгел таралмаған. Бір бөлмеде ұйықтап жатқан балалардың анасын оятып, сыртқа шығарады. Балалар бұл бөлмеде жоқ екен. Анасы шырқырап, балалар жатқан бөл­мені нұсқайды. Ол жаққа бару мүмкін емес. Өрт сол бөлмеге жақын жерден тұтанған сияқты. Адамды тұншықтырып, көзін аштырмайтын қою түтін лықсып, күшейіп барады. Әділқаһар бала­лар бөлмесінің есігін ашып, дауыстағанда, ешкім үн қатпаған. Түтін мен иіске шыдап тұру мүмкін емес. Ол қарманып жерді сипалай бергенде, қолы балаға тиді. Оны екі қолымен көтеріп алды да, сыртқа ұмтылды. Бұл кезде көршілер де жинала бастаған. Жүгіріп келген адамға баланы ұстатты да, беті-қолын ысқылап, бірнеше рет терең дем алып, үйге қайта ұмтылды. Әділқаһар кірген жағына қайта ұмтылып, жаңағы жерден тағы бір кішкентайды та­уып, сыртқа жүгірді. Бірақ улы газдан басы айналып, көзі қарауытып барады. Буындарынан әл кетті. Басында есімнен танып, оттың ішіне құлап қалмайын деген ғана ой бар. Тәлтіректеп, жүрегі лоқсып, сыртқа әзер шықты. Бұл кезде үйдің ішін түгел шарпыған жалын үйдің шатырына дейін жеткен. Жиналған жұрт қолдарына түскен затпен өртті сөндірумен әлек. Есін жинаған келіншек төрт жастағы ұлының қалғанын айтып шырылдайды. Ойлануға уақыт жоқ. Бірер секунд кешіксе, баладан айырылады. Басы айналып тұрса да, өртке үшінші рет кіруге мәжбүр. Балалардың жатқан жерін біледі. Тез жетсе болды. Іргеде жатқан кішкентайды сипалап тауып, көтеріп алса да, есікке дейін жету – мұң. Бас айналып, құлап барады. Көз көрмейді. Бірер секундта бұл жер қып-қызыл өртке айналады. Қайткенде де құлап қалмау керек. Шыға алмай қалса ше? Бұл кезде оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметкерлері Әділқаһарға көмекке келіп, құлап бара жатқан оны баламен бірге ауруханаға алып кетеді. Төртеуі де есін ауруханада жинап, бірнеше күн емделді.

Таң алдында электр тогының қысқа тұйықталуынан болған өрт әп-сәтте бір үйдің төрт адамының өміріне осылайша қатер төндірді. Жұмысқа бара жатқан полицей терезеден шыққан түтінді көріп, жедел әрекет етпегенде, төрт жан өрт ішінде қалар ма еді?

Қарауылкелді ауылының тұр­ғын­дары Табын Бөкенбай батыр көше­сінде болған алапат өртті ұмытқан емес. Осы жағдайды ести сала жұмыс орнынан жеткен үйдің отағасы мен үлкендері Әділқаһарға алғысын жаудырды. Жазда өртенген үйді сүріп тастап, көршінің үйін сатып алды. Бұлар әлі де көрші. Әділқаһар аман қалған үш бала үшін әлемдегі ең батыр, ең күшті адамға айналды. Батыр полицей осы оқиғаны еске алғысы да келмейді.

«Сол күні менің орнымда бол­­ған кез келген адам осылай әрекет етер еді. Шы­нымды айтсам, ауылдағы өрт оқи­ға­сының жария болғанын қала­ма­дым. Әлеуметтік желіге қалай шығып кеткенін де білмеймін. Біреулер салған болар. Ауруханада жатқанымда әлеуметтік желідегі жазбаларды жіберді. Өртке қалай кіргенімді ғана білемін. Басқасы есімде жоқ», дейді батыр полицей.

Шешімді де, кесімді адамның сөзі. Көзсіз ерлік жариялылықты сүй­мей­ді. Ерлік – ойлануға уақыт та, мүм­кіндік те жоқ кезде жасала­тын әрекет. Ерліктің қарапайым ере­жесі – осы. Әділқаһар тіпті фото­суретін жариялағанды да қажет етпеді. 2014 жылдан бері Байғанин аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет ететін қарапайым жігіттің өмірлік ұстанымы – осындай.

 

Ақтөбе облысы 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15