Құрылыс • 29 Қазан, 2023

Әлеуметтік нысандар құрылысы тоқтап тұр

181 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әйтеке би, Мұғалжар, Шалқар, Ырғыз, Хромтау аудандарында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер, спорттық-сауықтыру кешендері, кіреберіс жолдар, бірнеше мектеп жауапсыз мердігерлердің кесірінен жыл соңына дейін бітпейтін түрі бар. Оның үстіне Ақтөбе облысы автокөлік жолдарының сапасы жөнінен соңғы орынды бермей келеді.

Әлеуметтік нысандар құрылысы тоқтап тұр

Жұрттың жүйкесін жол құ­ры­­­лы­сында жүрген жосықсыз мер­­дігерлер жұқартып барады. Мә­селен, екі жыл бұрын жер­­гілікті бюджеттің 460 млн теңге қаражаты жұмсалып, «жаңа технологиямен салынды» деген «Ойыл-Көптоғай» жолын көк­тем­де еріген су ағызып кетті. Ақ­тө­бе мен Мұғалжар ауда­нының арасындағы 80 шақы­рым­ды екі жыл бойы жөндеп үл­гермей жатыр. Жол құры­лы­сындағы алаяқ­тардан әбден ығыр болған жұрт ендігі жерде «Қандыағаш-Ақ­төбе», «Шалқар-Ақтөбе», «Ыр­ғыз-Шалқар» жолдарын сапалы жөндеуден өткізуді талап етіп отыр.

Жағымды жаңалық – келесі жыл­дан бастап «Самара-Шым­кент» тасжолының «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» бөлігі төрт­ жолақты болып кеңейтіледі. Оның жобалық-сметалық құжат­та­ры дайын. 1960-1970 жылдары салынғаннан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген «Қан­ды­ағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» тас­жолы да кезек күтіп тұр. Қан­ды­ағаштан оңтүстікке қарай 20 шақырымына жөндеу жүргізген «Ассана Дорстрой» ЖШС ке­ле­сі көктемде Қотыртас ауылы­на дейінгі 75 шақырымына кіріс­пек­ші Мұнайлы екі ауданның күре­тамыры – «Қандыағаш-Ем­бі», «Қандыағаш-Жұрын» жол­да­рын­да күз бен көктемдегі лай­саң­да көлік қатынасы қиын­дап жұрт әбігерге түседі.

Ақтөбенің сапасыз салынған жолдарына аяқталмаған әлеу­мет­тік нысандар құрылысы да қосылды. Төрт аудан орта­лы­ғында көпбалалы отбасылар, мү­гедек азаматтар, жетім балалар үшін салынып жатқан көп­пәтерлі әлеуметтік үйлер мер­зі­мінен кешікті. Былтыр пай­да­ла­нуға берілуге тиіс үй­лер­дің іргетасы мен жартылай біткен қабырғалары ғана тұр. Алыс ауыл­дарда салынып жатқан шағын мектептер құрылысында да осын­дай келеңсіздік орын алған. Шал­қар ауданындағы Қарашоқат, Қобда ауданындағы Терісаққан, Мұғал­жар ауданындағы Алтын­ды, Ырғыз ауданындағы Жарма ауылдарының мектептері салынбай қалды. Бар-жоғы 60 орын­дық осы білім ошақтары бес жыл бұрын салынуға тиіс еді. Ең қиыны, жаңа мектеп саламыз де­ген соң Қарашоқат пен Алтын­ды­дағы саманнан салынған ескі мектептер бұзылған. Енді екі ауылдың адамдары ескі мектепті неге бұздырдық деп қатты өкініп отыр. Мұндай жауап­сыз­дық Ақтөбе қаласының ірге­сін­дегі Ши­лісай мен Шалқар қа­ла­сын­дағы 320 орындық мек­теп­тер құрылысында да бар. Шал­қардағы Вокзал көшесіндегі мектеп 2018 жылдың 3 желтоқ­са­нын­да басталып, 2019 жылдың со­ңында пайдалануға берілуі ке­рек еді. Алайда жауапсыз мер­дігер жұмысты созғылап жүріп бір ай бұрын ғана банкрот деп жариялады. Мұны құрылыс сала­­сындағы жауапсыздық не алаяқ­тық деуге болады. Бұл жер­де мемлекеттік тапсырысқа қа­ты­сып, әлеуметтік нысанды салуға тендер ұтып алған бас мердігер барлық жұмысты не маманы, не техникасы жоқ қосалқы мердігерлерге бөліп береді. Шалқардағы 320 орын­дық мектептің аяқталуына былтыр 208 млн теңге жетпей қа­лып, тиесілі қаражат жергілікті бюджеттен бөлінді. Бес жыл ішін­де оған бас-аяғы 1 млрд 320 млн теңге жұмсалды. Бас мердігер «Град Строй Сервис» ЖШС, тех­никалық жағынан қадаға­лау­шы «Нисан-Ақтөбе» ЖШС, жо­ба­лаушы «Иншаб» ЖШС мектеп құрылысына өте жауапсыз қарады.

Бірнеше мектеп, дене­шы­нық­тыру-спорт кешендерін, авто­көлік жолдарын салуға мем­лекеттік тапсырыс ұтып алып, төрт жыл бойы ештеңе бітірмей келе жатқан серіктестіктердің бірі – Қызылорда облысында тіркелген «Абай-Б» ЖШС. Аты дардай, бірақ не жібі түзу тех­никасы, не сауатты құ­ры­лыс­шысы жоқ мердігер Ырғыз ауда­нының Құмтоғай, Құрылыс ауылдарының кіреберіс жолын жөндеуге мемлекеттік тапсырыс алған. Осы мекеме екі жылда Құмтоғай ауылындағы 26 шақырым жолдың 8 шақы­ры­мына ғана асфальт төсеп, Құ­рылыс ауылының 6,9 шақы­ры­­мын аяқсыз қалдырды. Бұл мердігер 2021 жылы Ырғыз елді мекені мен Құтикөл ауылы ара­сындағы 30 шақырым авто­көлік жолына орташа жөндеу жұмыстарын бастады. Бюджеті – 559 млн теңге, тапсырыс беруші – Ырғыз аудандық құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шар­уа­шылығы мекемесі. Биылғы қазанда жол бітуге тиіс еді. «Абай-Б» ЖШС-ның жөндеу жұ­мыстарын қадағалауға жауапты «Ақтаустройэксперт» ЖШС-ға бюджеттен 13 млн 934 мың теңге аударылған. Жөндеу жұмыстарына қадағалауға жауапты осы серіктестік ештеңе бітірмеген. «Абай-Б» мекемесі Ақтөбе қаласындағы Арынов көшесін үш жылда әзер бітірген. Міне, осындай жұмысы өте сылбыр, техникасы да жеткі­лік­сіз серіктестік бірнеше мил­лиард­та­ған тапсырыстарға қалайша оңай қол жеткізіп жүр? Қазанның соңында күн райы бұзылып, жаңбырдың соңы қар мен көктай­ғақ­қа ұласады. Ендеше, үш ауыл­дың аяқталмаған жолының жыры келесі көктемде жалғасады. Мер­ді­герлер бітірмеген жұмыс­т­а­ры үшін келесі жылы бюджеттен қаржы алатын болған соң еш асықпайды. Басты сылтауы – құрылыс материалдарының қымбаттап кетуі. Мұндайда тапсырыс беруші мемлекеттік органдар мердігерлерге жұмсақтық танытады. Қоғамдық бақылау болмаған соң екі жақ та білгенін істейді. Өкініштісі, мемлекеттік тапсырыстарға оңай қол жеткізіп жүрген жауапсыз мердігерлер сапалы тұрғын үйлер, жақсы жолдар салып келе жатқан жергілікті компанияларды ығыстырып шы­ғар­ды. Соңғылары тапсырыс ала алмаған соң тарап кетті.

Мұғалжар ауданы Алтынды ауы­лындағы 60 орындық мек­теп­ті «Ер-Қанат Сервис» СК» ЖШС жеті айда салып бітіруге тиіс еді. Бастапқы бюджеті 400 млн теңге болатын. Бес жыл өтті, мектеп те жоқ, бөлінген бюд­жет қаражаты тағы жоқ. Қа­зір Ал­тын­дының жүзден аса оқу­шы­сы мен мұғалімдері алтын өн­діріп жатқан ресейлік ком­па­ния­ның кеңсесінде оқып жүр.

Мемлекеттік тапсырыс заңы­ның осалдығынан тұрғын үй және жол құрылысында толып жүрген жауапсыз мердігерлер әрбір өңірде бірнеше нысан са­лу­ға миллиардтаған қаржыны алып алады да, қаражатты айна­лымға салып жүреді. Бұлардың жауапсыздығынан ауыл балалары зардап шегіп, әркімнің босағасында сабақ оқып жүр. Қа­жетті техникасы, тиісті маман­да­ры жоқ мердігерлерге мек­­теп, балабақша, әлеуметтік тұр­ғын үй салуды сеніп тапсыру өте қауіпті болып барады. Мем­ле­кет­тік тапсырыс заңының бас мердігердің қосалқы мер­дігер­лерді өзі таңдауына мүмкін­дік беруінен көшедегі кім көрін­ген құрылысшы болып шыға кел­ді. Сапасыз құрылыстар қай­дан шығады дегенге жауап – осы.

 

Ақтөбе облысы