Экономика • Бүгін, 13:00

Шетел инвесторлары отандық мұнай кен орындарынан кеткісі келмейді. Себебі неде?

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Rystad Energy зерттеуіне сәйкес, 2025-2030 жылдары әлемнің ірі мұнай-газ алпауыттары үшін Қазақстан ең негізгі табыс көзіне айналады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шетел инвесторлары отандық мұнай кен орындарынан кеткісі келмейді. Себебі неде?

Фото: Ашық дереккөз

Бұл ретте Теңіз кен орны Chevron компаниясына болжамды 28 млрд доллар, ExxonMobil-ге 14 млрд доллар еркін ақша ағымын жібереді. ЖШС лицензиясының 2033 жылға дейін жарамды болуы және оның ұзартылуы туралы келіссөздер активтің құнын одан әрі арттыра түседі.

Қашаған да халықаралық корпорациялар үшін аса маңызды актив болып отыр. Eni, TotalEnergies және Shell, әрқайсысы 2030 жылға дейін осы кен орнынан 5 млрд доллардан бос ақша ағынын алуы мүмкін. Eni үшін Қашаған мен Қарашығанақ – көлемі мен кірісі бойынша компания портфеліндегі жетекші активтер. Лицензиялардың 2041 және 2037 жылдарға дейін күшінде болуы да италиялық компанияның аймақтан кету ықтималдығын барынша төмендетеді.

Осының нәтижесінде Chevron мен Eni-дің әлемдік дәлелденген мұнай қорының 20-25%-ы Қазақстанда шоғырланған. Бұл біздің елді олардың жаһандық стратегиясындағы тірек нүктесіне айналдырады.

Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ – бүкіл Каспий аймағындағы үш ірі актив. Тікелей және жанама табыс көлемі бойынша олар Chevron, Eni, Shell, TotalEnergies және ExxonMobil үшін портфельдің ядросы саналады.

Бұл елімізге алдағы лицензияларды ұзарту жөніндегі келіссөздерде бірегей артықшылық береді. Теңгерімді фискалдық саясат пен ұзартылған келісімдер 2040 жылдарға дейін тұрақты инвестиция тартудың негізін қалау мүмкіндігіне ие.

Сауалнама нәтижесінде 1 600 қатысушының 1 000-ы лицензияны ұзартуда ең сенімді әріптес ретінде Chevron-ды таңдаған. Ал сенім деңгейі төмен компаниялар қатарында:

  • Лукойл – 38%;
  • Eni – 26%;
  • CNPC – 23%.

Ресейлік «Роснефть» және «Лукойл» компанияларына қарсы санкциялар одан әрі күшейтіп отыр. Әсіресе, 2025 жылы 6,4 млрд долларлық FID шешімі күтілетін «Қаламқас-Хазар» жобасында «Лукойлдың» 50% үлесіне қатысты алаңдаушылық бар.

«ҚазМұнайГаздың» қаржылық көрсеткіштері де осы үш алпауыт жобаға тәуелді. 

«Соңғы 10 жылда жалпы мұнай өндіру 10%-ға өсті. Бірақ үш алпауытты алып тастасақ, тек отандық компаниялардың өндірісі 35%-ға төмендеген», деді Премьер-минстрдің кеңесшісі Әлішер Қожасбаев.

Бұл мәлімдеме Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтың ел экономикасы үшін маңызын айқын көрсетеді. Олар тек шетелдік инвесторлар үшін ғана емес, ұлттық компания мен бүкіл экономиканың қаржылық тұрақтылығы үшін шешуші рөл атқарады.

Сарапшылардың пайымынша, Қазақстан – әлемдік мұнай-газ алпауыттарының портфельдеріндегі стратегиялық орталық. Үш негізгі кен орны ұзақ мерзімді қорлар мен жоғары табысты қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан Chevron, Eni, Shell және TotalEnergies Қазақстаннан кеткісі келмейді, керісінше, инвестицияны арттыруға мүдделі.

Енді бәрі Қазақстанның бұл әлеуетті қаншалықты тиімді пайдаланатына байланысты – лицензияларды ұзарту, салық саясатын әзірлеу және мұнай-газ өңдеуді дамыту арқылы ел үшін ұзақ мерзімді пайда алу.

Соңғы жаңалықтар