Фото: Ашық дереккөз
Жеке интернат ашыла ма?
«Ақтөбе» клубын жекешелендіру туралы келісім жасалғаны белгілі болды. Команданың жанкүйерлері құрамдағы өзгерістер мен футбол интернатының ашылу мүмкіндігі жөнінде болжай бастағанымен, бұл бағыттағы нақты ақпарат әзірге жарияланған жоқ.
Клубтың болашағына қатысты ұйымдастырушылық мәселелер мен инвестиция көлемі 2026 жылдың қаңтарында талқыланбақ.

Естеріңізге сала кетейік, қараша айының басында «Ақтөбені» жеке меншікке беру туралы алғашқы мәлімет шыққан еді. Облыс әкімі Асхат Шахаров шешім жыл соңына дейін қабылданатынын айтып, бірақ нақты инвестордың кім екенін жарияламады.
Басқа клубтарға кімдер иелік етеді?
Осылайша, «Ақтөбе» соңғы жылдары жеке иелікке өткен клубтардың қатарына қосылып отыр. Бұған дейін «Қайсардың» инвесторы – «TAU Group Ltd» өкілі Исламғали Қозбақов, «Қызылжардың» жаңа иесі – кәсіпкер Сергей Кан, ал, «Жеңіс» клубының инвесторы – кәсіпкер Михаил Ломтадзе болғаны мәлім болды.
Айта кетейік, Нұрлан Артықбаев 2025 жылдың мамырында алғаш рет Forbes Kazakhstan тізіміне енген. Ол 228 млн долларлық байлығымен елдегі ең дәулетті кәсіпкерлерінің қатарына кіріп, рейтингте 44-орынға жайғасқан. Qazaq Stroy компаниясынан бөлек, кәсіпкер «Telecom Systems Ltd» компаниясының иесі. Бұл компания «Қазахтелеком» акцияларының шамамен 10 пайызына ие.
Тағы қандай клубтар олигархтарға беріледі?
Отандық футбол клубтарының коммерциялық бағытқа қарай көш түзеуі биыл жүйелі жүзеге асырыла бастады. Бұл мәселені Президент биылғы Жолдауында да айтып өткен болатын. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің хабарлауынша, «Астана», «Атырау», «Ордабасы», «Тұран», «Каспий» футбол клубтары да жекешелендіруге ұсынылған ұйымдардың тізімінде тұр.