Фото: Видеодан алынған кадр
Сағат шамамен 17:30-да музейге кірген блогерлер тексерістен еш қиындықсыз өту үшін алдын ала айла ойлап тапқан. Олар Lego бөлшектерінен құрастырылған, оңай шешілетін және қайта жиналатын рамка жасаған.
«Қауіпсіздік қатаң болатынын білдік, сондықтан Lego рамкасын қолдандық. Барлық бөлшектерді дүкен пакетіне салып өттік», дейді Сенне.
Нәтижесінде, жоспар ойдағыдай орындалып, олар таңдаған жеріне картинаны іліп, суретке түсіп кетіп қалған.
Музей әкімшілігі BFMTV-ге берген жауабында блогерлердің алып жүрген заттары Лувр ережелеріне қайшы келмейтінін, сондықтан оларды кіргізуге тыйым салу мүмкін болмағанын айтты.
«Олар рамканы жинап, қауіпсіздік тексерісінен өткеннен кейін орнатқан. Алдымен Мона Лиза қасына ілуге тырысқан, бірақ бейнебақылауды көріп, залдағы бос жерге бірнеше секунд ішінде бекітіп кеткен», деп хабарлайды музей басшылығы.
Музей қызметкерлері портретті үш минутқа жетпей тауып, алып тастаған. Залға ешқандай зиян келмегенімен, Лувр бұл оқиғаға қатысты шағым түсіру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Луврда бір ай бұрын орын алған ұрлық дерегінен кейін, бұл пранк музейдің қауіпсіздік жүйесіне қатысты алаңдаушылық тудырды.
6 қарашада Францияның Есеп палатасы жариялаған есепте Луврдағы бейнебақылаудың аздығы мен қауіпсіздік жүйесін жаңартудағы кідірістер сынға алынған.
«Музей көзге көрінетін жобаларға басымдық беріп, ғимараттар мен техникалық инфрақұрылымды, соның ішінде қауіпсіздік жүйелерін жаңартуды кейінге қалдырды», делінген есепте.