Фото: Ашық дереккөз
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Абай облысындағы филиалының мәліметінше, биылғы 10 айдың қорытындысына сәйкес облыс тұрғындары сәбилеріне көбіне Абай, Ислам, Алина, Жасмин, Әмина есімдерін көп қойған.
Аталған кезеңде өңірде алты мыңнан астам бала дүниеге келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 000-ға артық. Қыз балалар арасында ең танымал есімдер – Алина мен Жасмин болса, ұл балалар арасында Абай мен Ислам есімдері көш бастап тұр. Әрбір есім жиырмадан астам рет тіркелген.
Ал ел көлемінде 2025 жылдың алғашқы 5 айында ұл балалар арасында Айсұлтан, Мұхаммед, қыз балалар арасында Айлин есімдері жиі берілген. Зерттеушілердің айтуынша, ұлдарға қойылатын ең танымал 20 есімнің 60–70%-ы араб парсы (исламдық) құрамына жатса, қыздарға қойылатын есімдердің жартысы қазақша, қалғаны араб парсыша екен.