Қоғам • 02 Қараша, 2022

Бесіктегі буллинг

822 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлі аузынан анасының сүті де кеппеген жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік пен әділетсіздік қалай пайда болады? Естіген адамның жаны түршігетін, түрме сияқты жабық мекемелерде, қылмыс әлемінде ғана орын алатын озбырлықты оң-солын танымаған мектеп оқушылары қайдан біледі?

Сөзіміз айғақты болу үшін жуырда ғана Атыраудағы Бауыржан Момышұлы атындағы №25 мектептегі оқиғаны алға тартуға болады. БАҚ пен әлеуметтік желіні қатар дүр­лік­тірген жайттың ұзын-ырғасы мынадай: 4-сынып оқушыларының сабаққа барудан бас тартуына жоғары сыныптағылардың қорқытып, ақша жинап, түсініксіз құрғақ ұнтақты жеу­ге мәж­бүрлегені себеп болған. Әке-шеше­лерінің «балаларымыз белгісіз заттан уланып, ауырған соң ғана бұл жағдайды білдік» деп байбалам салғанын естідік.

Бұқараны ойландырмай қоймайтын мұн­дай оқиғалар Атырауда ғана емес, бар­лық өңірде кездеседі. Ең өкініштісі, көп жағдайда мектептегі озбырлықты құ­зыр­лы мекемелер қалай бақылайды, тыя ала ма деген сауал туындайтыны дау­сыз. Бірақ бұл мәселеде халықаралық ұйым­дар белсендірек екенін мойындау қа­жет. Мысалы, таяуда USAID қолдауымен «Ор­та­лық Азиядағы әлеуметтік инновациялар» бағдарламасы аясында Еуразия қоры «Қа­зақ­стандағы мектеп буллингі: мәселені шешу жолдары» тақырыбын қозғады. Ке­йінгі 10 жылда Қазақстанда жүргізілген зерттеулерге көз салсақ, орта есеппен балалардың 14-тен 65%-ына дейін мектепте озбырлық көреді. Сондықтан ата-аналар қауымдастығының жоғарыдағыдай дабылынан кейін, коммерциялық емес ұйымдар түрлі жобалар ұйымдастырып жатады. Ал енді әр өңірде қылаң беріп қалатын бесіктен белі шықпаған «қылмыскерлерге» қарсы үкіметтік емес ұйымдар қауқар көрсете ала ма?

Мәселен, «Just Support» қорының атқарушы директоры Светлана Богатырева: «Біздің қор «Періште» балалар қауіпсіздігі орталығымен бірге «Буллингке қарсы қоғамдастық» жобасын бастады. Кейінгі жылдары балалары бопсалауға ұшыраған ата-аналардан өтініш көп түскендіктен, осы орталықпен күш біріктіруге шешім қабылдадық. Қоғамдастықта әлімжеттік пен қиянат салдарын жеңуге көмектесетін сарапшылар, психологтер, медиаторлер, балалар қауіпсіздігі жөніндегі жаттықтырушылар бар. Ата-аналар әлеуметтік желілер арқылы өтініш беріп, тегін көмек ала алады. Егер заңгерлік кеңес, құқықтық көмекке қажеттілік туындаса, ынтымақтастық туралы үшжақты мәміле жасалған «Қадыр-Қасиет» қоғамдық бірлестігіне жүгінеміз», дейді.

Биыл көктемде бірнеше мектепте әлім­жеттік мәселелерінің алдын алу үшін бағ­дар­лама әзірлеп, қыркүйек айында әрекетке көшкен «Қадыр-Қасиет» ҚБ үйлестірушісі Бағила Жұбатова «Адам құқықтарының фокусы: әйелдер мен балалар» жобасының тәсілі азаптау сияқты басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын, ар-намысты қорлайтын немесе жазалайтын нысанаға айналмау құқығына негізделгенін айтады.

Оған қоса қазір мемлекеттік мекемелер де осы бағытта үлкен жұмыс жүргізіп жатқанын түсіну өте маңызды.

Алматы қаласының Бала құқықтары жө­нін­дегі уәкілі Халида Әжіғұлова: «Биыл­ғы сәуір айында бала құқығын қор­ғауға қатысты мектептерде буллинг дегеннің не екені анық көрсетілген және оған ты­йым салуды ресми түрде бекіткен жаңа заң қабылданды. Қазір Оқу-ағарту ми­нис­трлігінің Балалардың құқықтарын қор­ғау комитеті мектептерге міндетті түр­де кіріктірілетін әлімжеттіктің алдын алу қағидаларын әзірлеп жатыр. Бірақ осы ережелер бекітілгенге дейін-ақ мектеп оқу­шылары арасындағы озбырлыққа қар­сы құралдар әзірлеген едік. Ашық және тегін көрсетілетін қызмет буллингті болдырмау, жағдайды реттеу үшін ғана емес, әлімжеттікке ұшыраған және оны бастаған балаларға да өз құқықтарын білуі, сыйлауы және оны сақтауы үшін қажет», дейді.

Өкінішке қарай, осыған қарамастан, мектептерде әлімжеттік мәселесі бар екенін және оны жүйелі түрде шешу керек екенін ұмытпаған жөн. ҮЕҰ, мемлекеттік мекеме өкілдері мен балалары әлімжеттік көрген ата-аналар арасындағы әңгімеден түйгеніміз, жасөспірімдер арасындағы қылмыскерлердің пайда болмауына отбасы, мектеп, кәмелетке толмағандар инспекторлары, қоғамдық бақылау мен БАҚ сияқты барлық тарап мүдделі болуға тиіс.