Футбол • Бүгін, 13:11

ҚФФ академиясы Talent Academy мәртебесін алды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талғар қаласында Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) академиясына ФИФА Talent Academy мәртебесін беру рәсімі өтті. Осылайша ҚФФ әлем бойынша тоғызыншы, ал УЕФА аймағында екінші федерация болды. Жоба ҚФФ пен ФИФА арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде жүзеге асып, жас ойыншыларды халықаралық стандарттарға сай дайындауға бағытталған, деп жазады Egemen.kz.

ҚФФ академиясы Talent Academy мәртебесін алды

Мерекелік іс-шараға ФИФА-ның жаһандық даму жөніндегі директоры Стивен Мартенс, ҚФФ бас хатшысы Давид Лория, ФИФА-ның High Performance бағдарламасының жетекшісі Ульф Шотт, әлем чемпионы әрі ФИФА аңызы Кристиан Карамбе, сондай-ақ отандық футбол ардагерлері мен академия тәрбиеленушілері қатысты.

«1994 жылы Қазақстан футбол федерациясы ФИФА-ның толыққанды мүшесі атанды. Бүгін біз балалар мен жасөспірімдерге спортта жол ашатын академияны іске қосып отырмыз. Бұл жұмыс қазақ футболының болашағын айқындайды. Академия түлектері жуық арада ел клубтары мен ұлттық құрама сапында ойнап, Қазақстанның атын әлемге танытады деп сенемін»,  деді футбол ардагері Құралбек Ордабаев құттықтау сөзінде.

ФИФА президенті Джанни Инфантино бейнеүндеу жолдап, жаңа бастаманы жастар арманына жасалған маңызды инвестиция екенін атап өтті. Оның айтуынша, академия жас ойыншылардың әлеуетін ашып қана қоймай, оларды тәртіпке, командада ойнауға және жауапкершілікке тәрбиелейді.

ФИФА директоры Стивен Мартенс те сөз сөйлеп, ҚФФ академиясы Орталық Азиядағы алғашқы Talent Academy болғанын ерекше атап өтті.

«Бұл – отандық футбол үшін үлкен жетістік. Жоба уақыт өте келе өз жемісін береді», деді ол.

Ал ҚФФ бас хатшысы Давид Лория академияға мәртебе берілуін еліміздегі балалар мен жасөспірімдер футболын жүйелі дамыту жолындағы маңызды қадам деп бағалады:

«Бұл – халықаралық қауымдастықтың сенімі әрі үлкен жауапкершілік. Футболдың болашағы жастармен жұмысқа байланысты. Біз осы бағытта еңбектене береміз», деді ол.

Салтанатты рәсімнен кейін ФИФА өкілдері ҚФФ басшылығына ресми мәртебенің белгісін табыстады. Шара барысында ашық жаттығу мен жолдастық матч ұйымдастырылып, кейін жас футболшыларға Кристиан Карамбе шеберлік сабағын өткізіп, ақыл-кеңесін айтты. Соңында барлық қатысушыларға естелік медальдар мен сыйлықтар табысталды.