Руханият • Бүгін, 08:40

Оралу: рух күші

10 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Міржақып тойы үстінде Торғайға қатысты ойлар да өзінен-өзі шеңберлене түседі. Балғын баланың қаршадайынан бергі тағдыры осы қарт қалаға байлаулы болған-ды. ...Аудан орталығының Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде 1991 жылдың жаймашуақ күзінде Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының ақталуына орай республикалық конференция өткізілген еді. Алаш көсемдерінің рухын асқақтатып, Қазақстаннан әрі асырып, бүкіл түркі әлеміне паш етіле бастаған таралғылы, алтын шуақты шақ еді.

Оралу: рух күші

Сонда ақтаңгер ақын Ғафу Қайырбеков қос балдағымен сахнаға шойнаңдай көтеріліп, мінбердің жақтауына сүйене, икемделе тұрып ағыл-тегіл сөзін бас­тап, жойқын ойларын түйдектете атқы­лап, залдың алдыңғы қатарында отыр­ған Шолпан Ахметқызы мен Гүлнәр Міржақыпқызына: «Міне, алыптардың қыздары отыр, Ақаң, Жақаң тірі!», деп шып­шыған маңдайын, жасаураған жанарын беторамалымен сүрткілеп, сахнадан түсе берген. Міне, арада 34 жыл өткенде Міржақып аталарының тойына ұрпақтары – Нұрлан, Ерлан, Динара, Жаннат келгені қандай жарасымды еді.

Міржақып қиыр шетте жүргенде туған жерін армандап: «Жаза көр, топырақты елден, Алла!» деп жалбарыныпты. Бұл арманы орындалып, 1992 жылдың 18 қыркүйегінде туған топырағына мәң­гі­­лік­ке жамбасы тиді. Сол 18 күндік қаралы сапарға Торғайдан аттанған арнаулы экспедиция мүшелерінің есімдерін бүгін құрметпен атап өткеннің еш артықтығы жоқ деп есептеймін. Олар: алматылық ғалым Марат Әбсеметов, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Торғай облысы бойынша меншікті тілшісі Қайсар Әлім, Жанкелдин аудандық жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Айдар Талпақов, милиция капитаны Серік Асқаров, Арқалық автобус паркінің жүргізушілері – Кеңесбай Меркин және Хамит Райымханов. Өмірден өткен­де­рі­нің рухы шат болсын!

Ақтеңізде айдауда жүргенде Міржа­қыппен көрісіп, «ұлт үшін күресте алған беттен қайт­паймыз» деп бәтуаласқан абыз, құран қари Файзолла Сатыбалдыұлы: «Қиянат кетпес – тоқтаусыз, Әділ сөз қалмас – құптаусыз. Күндердің күні бол­ғанда, Міржақып кетпес – жоқтаусыз!» деп кү­ңірен­­ген еді, айтқаны айдай келді ғой, міне.

Міржақып оралғалы елдік рух асқақ­тай түскендей сезіндік. Тәуелсіздіктің тегеурінді нақыштары әр жүректі елдік алып істерге жұмылдыра бастады. Баяғы «Оян, қазақ!» ұранының дабылынан дүр сілкініп, сергек қалыпқа бейімделген бүгінгі қазақ ойлануға бет бұрған.

Ажырамас қос тұлға: Ақаң мен Жақаң. Торғайдан түлеп ұшып, Алаш қозға­лы­сы­ның бастауында тұрған қос ғұлама. Еш­нәрсе көлегейлей алмайтын мәңгілік жарқын жүзді жасампаздық жампоздары. Біртуар Алаш көсемдері.

Ақаң Алматы түбінде атылып кетті. Жақаңның сүйегін 57 жылдан соң Ка­релия­дан, Сосновец стансасында жерленген жерінен туған топырағы Қызбел өңіріне – Бидайық ауылына әкеліп жер қойнына қайта табыстадық. Бұл елжандылық іс – Еліміз Тәуелсіздігінің елең-алаңында болған айтулы оқиға ретінде тарихқа енді.

Міржақып оралуының танымы мен тағылымы, міне, қайғы мен қуаныш қаптал­дас­қан сол күндерден жүлгеленіп, күллі елімізге жан-жақты қырынан паш етіле бастады. Танымы – Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Смағұл Садуақасұлы сынды Алаш арыстарының сырт жерде сүйектері қалғанына налу мен назалану болса, тағылымы – сол ардақтыларымыздың мүрдесін туған топырағына жеткізудің себеп-салдарларын ежіктеп, осы тектес батыл қадам жасау ұмтылысына мәрттікпен бекін­гендік еді. Иә, бұл ретте сәтімен оңға­рылған іс деп, араға ұзақ уақыт салып Смағұл Садуақасұлының сүйек-күлінің елге жет­кізіліп, рәсімделіп қойылуын айтуға болады.

Міржақыптың оралуынан соң оның рух күшінің еселене түскенін сезінгендей күй кештік. Оның «Оян, қазақ!» деп салған баяғы дабылы бүгінде әр қазақтың жүрегіне өзгеше жігер беріп, күш-қуат құйды. Тәуел­сіздікке серпін, сергектік, сезім­тал­дық, саналылық сыйлады. Ал Мір­жақыптың туған қызы, ерекше жаратылысты Гүлнәр кейуана кешегі Әлихан, Ахмет ата­ларының тізесінде отырып, төрт-бес жасын­дағы естігендерінен, есейгендегі көзбен көргендерінен тарқатып том-том кітап жазып, жүз жасына сынық сүйем қалғанда «Ардақтап өттім Алашымды» деп көз жұмды.Тірісінде билік тарапынан бір марапат көрмей, бірауыз жылы сөз естімей, еңбегін ешкімге бұлдамай кетті. Ең құдіреттісі сол, алтын көмбелі жүректің Алаш тұрғысындағы көл-көсір қазынасы елінің құлағына жетті. Күллі қазақ әйелінің қасіретін бір басына жинаған қайран сол Гүлнәр Міржақыпқызының туғанына биыл – 110 жыл. Кеңес тұсында қасірет шеккен аналардың жиынтық бейнесі ретінде осы Гүлнәр Міржақыпқызына лайықты ескерт­кіш орнатсақ, елдігімізді айқындамай ма?

Дулатұлының сүйегі алыс Карелияның Сосновец стансасы­нан табылған соң, әрі-сәрі күй кештік. Билік тарапынан бей­жай­лық байқалды. Осы тұста Гүлнәр Міржақыпқызы әке рухын асқақтатарлық берік байламға келіп: «Әкемнің денесі әке­лін­­бесе, осы Торғайда өлгенім артық!» деп, ержүрек қазақ қызына тән мінез көр­сет­ті. Сәтін салып, әкесінің Бидайық­тағы қайы­ра жерленуінің басы-қасында өзі жүрді...

Ұлт пен Міржақып – егіз ұғым! Ұл­ты­ның мұңын мұңдаған оның тағы бір үзең­гілес серігі, Қызбелде туған түйдей құр­дасы, Алаштың заңғар заңгері Сейдәзім Қадырбаевтың да туғанына биыл – 140 жыл. Ол Алашорда Үкіметі – Ұлт кеңесінің мүшелігіне кандидат болған, Әділет Халық комиссариатының бөлім меңгерушісі ретінде сот жүйесінде қазақ тілінің орны­ғуы­на жанкештілікпен еңбек сіңірген ұлтжанды тұлға. Қазақ ав­тономиясының тұңғыш Ата заңы автор­­­ларының бірі, білікті аудар­машы, азат­тық жолындағы күрестің жалынды ұйым­дастырушысы Сейдәзім Қадыр­баев­тың мұраларын ұрпақ жадында қалдыру үшін қыруар іс-шара жүзеге асы­­рылғаны абзал. 

Қостанай облысының әкімдігі Міржақып Дулат­ұлының мерейтойына дайындықты ерте бастап, жол жөнделіп, Қызбел, Бидайық ауылдары абаттандырылып, Қостанайда ескерткіші орнатылып, ұрпақтарының да араласуымен кесенесі, мұражайы жаң­­ғыр­тылып, жалпы халық еңсесі көте­ріліп қалғанын байқаймыз. Елдік іске Парламент Мәжілісінің депутаттары Берік Бейсенғалиев пен Қазыбек Иса белсене араласып, кейбір түйткілді мәселелердің шешілуіне мұрындық болды. Ұлтжанды азамат Берік Тұрсынбекұлының Міржақып тойындағы ақындар айтысының жүлдегеріне өз отбасының атынан жеңіл автокөлік тігуі, мерекелік кітаптың түрік тіліне тәржімалануына ұйтқы болғаны тұшындырады. Бір кездері Түрік көсемі Ататүрік Міржақыптың «Оян, қазағын» өз ана тіліне аудартып, халқына үлгі еткен болса, енді сондай бір рухани жарқын мысалдың жалғасқанына куәгерміз.

Сондай-ақ облыс әкімі Қ.Ақсақалов­тың қолдауымен «Міржақып Дулатұлы» ғұмыр­намалық кітабының жарық көріп, ағыл­­шын тіліне аударылып жатқаны, міне, алаш­­тық рух күшінің теңдессіз өнегесі дерлік.

Ендігі бір өзекті мәселеге қатысты ұсы­ны­сымызды жеткізсек дейміз. Мағ­жанның, Әбіштің, Қадырдың, Фари­заның туған облыстарында арнайы орталықтары бар. Бұл тұрғыда Байтұрсынұлы мен Дулатұлының ғылыми-танымдық орта­лы­ғын Қостанайда ашу жөнінде ұсыныс бергенімізде, Құмар Ақса­қалов құптаған еді. Соның ашылуына куәгер болуға жазсын.

Абайдың 180 жылдығы дүркіреп өтті. Күллі облыс жұмылып, Семейге түрлі нысандар салып беруге бекінген екен. Иә, Алаштың өзегі – Семейге көмек осындай. Ал Алаштың жұлыны – Жымпиты десек, Алаштың табаны – Торғайға қандай нақты қолдау болар екен? Президент биылғы Жол­дауында Торғай өңіріне қатысты ерекше қадап айтты ғой.

Азаттық жолындағы белсенді күрес­кердің айтып, жазып кеткендері осындай мерейтойлық сәтте санаға түрлі ой салып, көкіректі шайдай ашып жіберетіндей. «Мен не болсам, болайын саған садақа, Сүйікті жұртым, қақпанға түсіп алданба!» деп күңіренген Міржақып ұлттық рухты былайша жігерлене қайрай түседі: «Алаш!» деп ұран естілсе, Кім бұрылмас қанына!».

Немесе оның «Жағаласпай, жармас­пай ешкім қатардан орын бермейді. Бас­қалармен тізелесуге, тартысуға, жарысуға оқу-білім керек. Надан жұрт оқымысты-білімді жұртпен қатар тіршілік ете алмайды. Есігінде жүріп азып-тозып кетеді», деп бола­шаққа жол сілтеуінен халық мүддесін ойлау­дың жарқын мысалын аңғаруға болады ғой.

Иә, сонау бір тылсым заманның өкінішті ахуалын ойлағанда жүрекке түскен ауырт­палықтың әлі жазылмаған жара іспетті сыздататынын несіне жасыра­мыз? Жердің кеткені – күйік, діннің солқыл­да­қ­тығы – ділсіздік, халдың хараб болуы – қарекетсіздік екеніне әлі мойын­сынып жүргендей емеспіз бе? Бұған Міржақыптың әйгілі «Тіл мұңын» қоссақ, сол мұң қазір де ше­менді шерге ұласып кетеді... Бір сүйініш­тісі, бұл жіктелген күйіктер «мір­жақыпша» қатып-семіп, тұралап-тарынып, қорусыз, қорғансыз күйінде қалған жоқ. Ілкім ілгерілеушілік сезіледі. Араға сына боп қағылған қызыл кеңестік кезеңнің – жетпіс жылдан астамғы кесапаты мен кеселінің қылбұрауынан мүлде сытылып кету оңайлыққа түспегені анық. Бірақ «оянған қазақтың» ойлылыққа батқан бүгінгі қаре­кетінен ертеңгі нұрлы өмірдің жан жадыратар шуағы сезілетіндей.

Әрбір шығармашылық еңбектің маңдайына біткен өзіндік талан-талайы болады. Патшалық Ресейдің зәресін алып, құтын қашыра келген «Оян, қазақ!», міне, сондай «қатыгездік» сипатымен маңдайын тасқа да соқты, тауға да ұрды. Итжанды екен, темірдей тегеуріні қандай тепкіге де шыдас берді. Кітап тәркіленіп, иесіне 1,5 жылға кісен салынды. Халық араша түсіп, айыппұлын жылулап төлеп, тасқа басыл­ған жігерлі сөздің өзін де, иесін де еркіндікке шығарып алды. Жүрекке бос­тандық ұрығын тастар асыл сөзге сусаған ел әбден шөліркеп отыр екен, еш құқайдан қаймықпады. Қыбырлап оянып, тірлікке талпынды. Міржақыптың көксегені де сондай елі­шілік еңсе көтерудің қамы болатын. Бұл ұлы миссиясын діттеңкіреп үлгергені тарихқа аян.

«Жер мәселесі» деген мақаласында («Айқап», 1911 жыл, №11) Міржақып көкей­кесті екі жағдайды қозғайды. Бірі – қала болу керек деушілердің пікірі. Екіншісі – көшіп жүруді қалайтындардың тоқтамы. Осы екі ойдың жақтастары әрқилы шешім айтады. Бастапқылар, жер жүзіндегі халықтардың біразы қала болып отыр, мал бағып көшіп жүрмегендіктен, қырылып қалмаған дей келіп былайша түйіндейді: «Бұларды көре тұра, біз, қазақтар да, қала болып, малдың санын кемітіп, бағасын көтеріп, егін салып, сау­да қылып, оқу оқып, өнер тауып, өзі­мізден алдағы жұрттың істегенін істеп, солардың жолына түсейік, сол уақытта ғана қатардағы халықтардың бірі бола аламыз». Ал көшіп жүруді жақтайтындар: «Қазақ – мал баққан халық. Қазіргі бағып отырған малына лайық жер қалдырмай тастауын ақылға сыйдыруға болмайды. Халықтың ғұмыры 20–30 жылдығына емес, дүние тұрғанша тұрады. Соның үшін түбін ойлағанда, қазіргі тұрмыстың неше ғасырлардан бері бекіп қалған негізін бұзбасқа керек», деп қалыптасқан тіршілік кәсібінен көз жазып қалмауды ықтияттайды. Әрине, қос таңдаудың да заманына лайық ерекшеліктері бары белгілі. Қайсы жолға түскен дұрыс? Күш­теп таңа алмайсың. Уақыт өзі екшейді. Тек адасып қалмаған абзал. Міржақып күдікпен шошынтып, ақылмен сабырға шақырып ой тас­тайды. Халықтың өсіп, жердің өспеуі Һәм тозуы, қазақ жері патша мүлкі саналып, сол себепті миллион­дап жерсіз мұжықты үкіметтің қазақ жеріне қоныстандыруы, бұл тілеусіз қонақ­тар келе бастағаннан бері жер тарылып, атамекеннен ірге қозғалып, қазақ шаруасының күйзелуі, 15–20 жылдан бері бұл көшпелі мұжықтардың келіп бітуінің ұшы көрінбеуі неліктен? Бұлай болғанда, енді аз жылда қазақ халқы ең жаман жерде сорлап қалып, ақырында титықтап бітуі ықтимал дегенді және қосып қоя­ды. Сақтандырады. Сараптай білуге шақырады.

М.Дулатұлы дінге қатысты ой-пікір­лерін проза, поэзия түрінде де жазып, әртүрлі басылымдарда, атап айтқанда, «Серке», «Қазақ» газеттері мен «Айқап» жур­налында жүйелі жариялап отырған. «Біздің мақсатымыз» («Серке», 1907 жыл, №2) деген мақаласында ол: «...Енді шенеуніктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдет-ғұрпымызға, біздің мол­даларға ғана тиісті неке мәселесіне де араласа бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды», деп дінге қатысты қыспақтың кейбір қисынсыз негіздерін таратып баян­даған. Дінге көзқарас қырық жамау, қырғиқабақ, қарсылықты жағдайда имандылықты тура көздеген келісімдердің жөнін жіті аңғара білудің пайдасы ұшан-теңіз екендігін Міржақып әрдайым айтып, жазғандарын да негізге алып отыратыны байқалады.

Мірдің оғындай осы «хараб» сөзі Мір­жақыптың тіліне тегіннен-тегін оралмаған шығар. Құру, күйреу мәніндегі, «мен қазақпын» дегеннің намысын тілгілеп, шарадай көзін шарасыздықпен аштыратын қайқы қылыш жүзіндей лыпып тұрған «жан алғыш» сөз. Міржақып іштей мүжіліп, «Сырым» деп өлең жазып, өз сырына өз мұңын қосып күйзелгенде, жұртқа пайдасын тигізуге асығып, ынтыққан. Әйтпесе: «Баста – бақыт, қолда –дәулет, тәнде – жан, Кім айта алар, үнемі кетпей тұрарын. Мұның бәрін білсең, қазақ баласы, Халің хараб, онан да ғажап шыдауың», деп кімге базына айтып, зарымен запыран құстырар десейші. Жанға жұмсақ лирикасын үлбіреген сезімге шылап, жайлы жата бермес пе еді? Өйте алмайтын еді Міржақып. Өткір найзасы – өміршең өлеңін қазағының қанын жүгіртіп жаза берді, түпкі көздегеніне тиіп жатты. Енді ол ішкі сырымен жасырын жымдаспай, «Жаңа тілек» өлеңіндегідей, ашық та ашына айтып, жалаңаш батырдай көзге түсе ұран­датты, қалың жұртын өзіне жалт қарат­ты. Мойын бұрғызды, санасатындай халге жеткізді. Мына шумақ еріккеннен емес, елдік мінезбен өрілген: «Өз қа­­мың­ды ойлан өзің, ел болсаң, Ел боламын, тең боламын дер болсаң. Көктен теңдік келмес, өзің кем болсаң, Мең-зең болмай, талпын, оян, Алашым!». Болжағыш. Көре­гендік. Ойшылдық. Кем болғанның теңі – теңдік еместігіне жүректі мытып бүріп, меңзейді. Теңдікке елеңдетеді. Сөз тереңінде – тәуелсіздік тұрғанын аңдатып, пайым­датады.

Қара сөздің майталманы Міржақып халқына жаңа да жарқын жол сілтеуді азаматтық парызым деп түсінген. Жетесіне жеткізіп түсіндіре жазды, көңілге түрлі ой салып, түңілдіре жазды. Соның бір айғағы «Қазақ жайлы» («Қазақ», 1913 жыл, №10) мақаласында: «Қазақтың кемтігі, керегі көп. Кемтігін толтырып, керегін табуға істегені аз, тіпті жоқ. Біздің керегіміздің көбі – бұрынғы күйімізде болмаған, осы күнгі жайымызға қарай керек болып тұрған нәрселер», деп ел болып, ілгерілік қамын күйттеуге қажеттіліктерді санамалай бас­тайды. Ғылым мен өнерді алдыңғы орынға шығарады. Онсыз қоғам дамуы тежеледі. Ғылым, өнерімен асқандар білімсіз, өнер­­сіз­дер­ді білімімен жығып, аяғына баспақшы деп үміттендіреді. Сөзінің бір тұсында, қазақтың зор адасқандығы деп, өз ісін өзі істемей, өзгеге сенгендігін үлкен мін ретінде тағады. «Өзіміз жай жатып сұрай берелік дейміз де, сұрай береміз. Сұрағанын алмақ түгіл, қазақ әлі алдырумен келеді», деп өзгеге алақан жайғыштықтың кесірінен ада болуға үгіттейді.

Көрнекті көсемсөзші өмірден көрген-түйгенін қазақтың қамы үшін, әлеуметтік тұрғыдағы тұйықтан шығуы үшін, шаруа­сын жақсы күйттеп, әлді тұрмыс құруы үшін, биліктегі шен­құмарлықтан арылып, халқына адал қызмет етуі үшін мысал, үлгі, насихат ретінде байытып, назарға ұсынып отырады. Оның сезгіш жүрегі билік­те­гі­лер­дің былығынан жиіркенеді. Дәл осы тұста жөнсіз билікті түйрей сынайды: «Ел билеген жақсылардың ойлағаны ел қамы болмаса, әрқайсысы өзінің пайдасын ойлап, мұқатқаны ағайын-жұрты болса, билерде әділет болмаса, енді жақсылықты жұрт қайдан күтпек керек?», деп әділдіктен аттағандарға ой тастай сөйлейді. Қазағының қамы үшін шыншылдықпен: «сендер жан ауыртпасаңдар, кім қамқорлық жасамақ», деп салмақты өздеріне салады. Бүгінге салмақ сала айтсақ, жақсыдан әкім қойсаң – түзер, жаманнан әкім қойсаң – бүлдірер дегеннен сабақ алуға болар еді.

Сөзі­міздің басында Ғафу ақынды еске алғанымыз белгілі. Найзағайдай сөз жарқыл­датқан ақпа ақын мінберден түсіп, алдың­ғы қатарда отырған Гүлнәр Міржақып­қызын құшақтай алып: «...Қайран Жақаң қайта келді халқына, Сен де бүгін алақайла, жарқыра! Бір де болса, бірегей ғып бір қызды, Рақмет оған, тастап кеткен артына!», деді де, залдағыларға қос қолын көтеріп, қырандай қанатын қомдап жайған еді.

 

Қайсар ӘЛІМ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері