ЖОЛДАУ • Бүгін, 08:45

Елдік сананың темірқазығы

50 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жасанды интеллект дәуірін­­дегі мәдениет пен өнердің дамуына ерекше тоқталып: «Өнер адамдары еліміз­дің мәдениетін, салт-дәстүрін шетелге паш етіп жатыр. Бұл – құрметке лайық жұмыс. Сондықтан мәдениет қай­рат­­керлеріне қажетті қолдауды көрсетеміз. Бірақ олар жаңа заманның талабына бейімделіп жұмыс істеуі керек», деді. Бұл – сала мамандарына артылған зор сенім мен жауап­­кершілік.

Елдік сананың темірқазығы

Қарағанды облысының мәде­ниет, архивтер және құжат­тама басқармасы осы бағытта инфра­­­құ­рылымды дамыту, мә­дениет қыз­меткерлерін қол­дау, цифрлық трансформация мен инновацияны енгізу бағы­тындағы жұмыстарды одан әрі жал­ғастырады. Бірақ мемлекет қол­дауын дұрыс пайдаланып, заман талабына сай жүйелі өзгеріс енгізіп алға жылжу – бәсе­кеге қабілетті ел болудың басты кепілі. Ол үшін даму, өркендеу, жаңашыл­дыққа бет бұру сияқты тыңнан түрен салатын жолдарды қарас­тырған абзал.

Әлемдік экономиканың өзі қалт-құлт етіп тұрған кезде бюджетке 100% масыл болудан арылып, өзін-өзі қаржыландыру тетіктерін жан-жақты талдап, бұқараның руха­ниятқа қызы­ғушылығын қалай арттыруға болады деген сұрақтың жауабын табуға тиіспіз. Қазір халықаралық ұйымдар, жұмыс орындарын ашу мен көбейтуге қарағанда эконо­ми­каға мәдениет пен өнердің әлдеқайда артығырақ үлес қоса­ты­нын айтып отыр. Болашақта осы жолға ойысқанымыз дұрыс. Елімізде қаншама мәдениет үйі, театр мен концерт залдарының атшаптырым фойелері қаңырап бос тұрады. Мүмкін осы жерлерге мәдениетке қатысты сауда нүктелерін қоюдан бастауымыз керек шығар. Дамыған елдердің мәдени ғимараттарында бос жер болмайды, барлық алаңында сауда қайнап жатады. Бізде де жалға беру мүмкіндігі қарастырылған. Әйтсе де, механизмі өте күрделі. Қаржы ғимаратқа басшылық ететін меке­меге тікелей түспейді. Экономика басқармасы арқылы жүзеге асады. Сол себепті мекеме басшылығының қызығушылығы төмен. Сондықтан мұны қосым­ша табыс табудың негізгі көзі ретінде әр мекемеге міндеттеу керек. Жалға берілген жерлерге сұраныс артқан сайын мем­ле­кеттен бөлінетін қаржы да қыс­қара береді. Бұл рефор­ма бөлінген қаржының оңды-солды жұмсалуын ты­йып, кезек күттірмейтін өзекті мәселе­лердің түйінін шешуге көмек­тесер еді. Мысалы, кейбір өңірде мұражай мен архивтердің жәді­гер мен деректерге лық толып тұрғанын байқайсың. Бірақ кітапханалардың жағдайы мәз емес. Бүгінде тұрғындары мың адамға жетпейтін ауылда мәдениет үйін салуға ақша бөлінбейді. Мәдениет үйлері ескі болған соң оның жыл сайынғы шығындары ұлғайып тұрады. Онда күзетші мен пеш жағушыны қосқанда, әрі кетсе, жеті-сегіз адам жұмыс істейді. Бұл мамандардың басты міндеті – халық­пен тығыз жұмыс жасау, рухани байланыс орнату. Бірақ мұны атқарып жатыр деп айта алмаймыз. Қазір жасы да, жасамысы да өзіне қажетті дүниені әлеуметтік желіден табады. Телеарнаны қосып қалсаң, концерт пен шоудан көз сүрінеді. Эстрада әншілері қала, аудан орталығындағы тойханаларда күнде ән шырқайды. Қысқаша айт­қанда, елдің музыкалық өнер­мен сусындауы мөлшерден асып тұр.

Осы орайда бүгінгі ауыл тірлі­гінің басты күретамыры саналатын мектеппен тығыз қарым-қатынас орнатсақ, мәселенің шешімін табатын сияқтымыз. Білім мен мәдениет – құстың қос қанатындай егіз ұғым. Мектеп ішіндегі жиналыс залы функциясын өзгертіп, мәдениет бөлімімен бірігіп жұмыс істесе, білім бағдарламасына бәлендей кедергі болмайды деп ойлаймын. Қайта сол жерден талантты балаларды іріктеп, олардың өнерге деген қызығушылығын оятып, ұжым болып нәтижелі жұмыс істеуге мүм­кін­дік туғызар еді. Бұл, бірінші­ден, кадр тап­шылығын азайтады, екін­ші­ден, қаржы үнем­деу­дің бірден-бір жолы.

Әр ауылға заманауи үлгі­дегі, жастарды өзіне тарта ала­тындай кітап ордасын салу – заман талабы. Мәселен, көп ел­ді мекенде кітапхана ескі ғима­раттарда орналасқан немесе мәдениет үйінің ішіндегі екі-үш бөл­месінде отыруға мәж­бүр. Мұндай келеңсіздіктер кітап­ха­на­ларды жаңғыртуға мүмкіндік бермейді. Интернетке шамадан тыс тәуелділік, азамат­тар­дың лудо­­мания секілді қауіпті дертке шал­дығуына себепкер болып отыр. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырау­дағы отырысында «Кітап оқитын ұлтты» қалыптастыру қажет­тілігіне баса назар аударып: «Шын мәнінде, озықойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», деді. Іле-шала «Ауыл кітап­ханаларына 100 кітап» акциясы басталды. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда қаншама қорынан айрылып қалған ауыл кітапханаларының сөрелерін жаңа жинақпен толтыру үшін жергілікті бюджеттен қазірде тиісті қаржы бөлініп отыр. Осы тұста ескеретін бір жайт: келетін кітаптар тек әде­би, тарихи туындылармен шек­телмей, сол ауылдағы басты тір­лікке негізделген (мал шаруа­шы­лығы, егін, шахта, т.б.) та­қырыпты қамтитын кітаптармен толықса дейміз. Тә­жірибе алмасу үшін мұндай кітап­­тарды ауыл шаруашылығы қар­­­қынды дамыған мемлекеттерден алып, қазақшаға аударып оқыр­ман­ға ұсынса, құба-құп болар еді.

Кейінгі кезде кәсіпкерлердің демеушілігімен ауылдарда мәде­ниет үйі бой көтере бастады. Оның ішінде қалаға жа­қын, халық саны көп елді мекендер бар. Алайда мұның да түйткілді тұсы бар. Ауыл­да да, қала­да да мәдениет нысан­дарын салу, реконструкциялау кезін­де құрылыс компаниялары театр, концерт залы, клуб, музей құр­лысының ерекшеліктерін ескермейді. Театрлар мен концерт залдарында акустика, орын­дықтардың орналасуы, грим бөлмелері, хореографиялық залдар, цехтар мұқият жобалануы керек. Сметалық құжатта осы қаралмаса, табанақы, маңдай тер зая кеткенмен бірдей. Ол үшін «Сәулет, қала құрылысы және құры­лыс қызметі туралы» заңына мәдениет нысандарын салу және реконструкциялау үшін лицензия мен сертификаттардың болуын талап ететін өзгеріс енгізуі қажет.

Мәдениет – адамды рухани-эстетикалық жағынан дамытудың басты құралы. Осыған байланысты Қарағанды облысында түрлі ірі жобаларды қолға алып отырмыз. Мысалы, Шет ауданы Талды тарихи-археологиялық саябағы маңынан сонау темір, қола дәуірінен сыр шертетін қазба орындары табылды. Осыны насихаттау үшін Талды ауылында байырғы дәуір­ге негізделген реалити шоу ұйым­­дастырып, шатырлар тігіп, ғылыми-таным­дық конференция және басқа да шаралар өткізу жос­­­парда тұр. «Бай қымыз» жобасын Қар­қаралы жерінде өткізсек деп ұйға­рып отырмыз. Қасиетті Арқа өңірі – қымыздың отаны. Жобада қымызды ғана насихаттамай, түрлі этнографиялық құн­ды­лықтарымызды көрсетеміз. Соның ішінде «садақ ату», «жүйрік тазы», «сүтті бие» сияқты аталымдармен қоса, басқа да құнды деректерді бұқара назарына ұсынамыз. Бұл ұлттық брендіміздің бағасын көтеріп, отандық туризмге серпін беруге басымдық беріледі.

Қарағанды облысы – туризм саласын дамытуға өте қолайлы жер. Көне тарихы, көз тартар табиғаты соған сұранып тұр. Ендеше, туризмді дамыту үшін алыс-жақыннан келген туристерге жағдай жасап, көңілін көтеретін іс-шараларды жүзеге асуруға тиіспіз. Соның бірегейі – Көкше теңізі жағасында өтетін «Balkhash Tour Fest» фестивалі. Бұл жерде басымдық экотуризм болады. Экотуризм – кел­ген қо­нақтарға табиғатты тама­шалауға, жергілікті мәдени-мұра мен дәстүрді танып-білуге мүм­кіндік береді.

Өнерді құрметтеу, талантты қадірлеу – қанымызға сіңген қасиет. Кейде біздің әріптестер түрлі жерде концерт беруге мәжбүр болады. Соның бірі – ауылшаруашылық жәрмеңкесі. Ат төбеліндей адам ғана болмаса, аттың түгіндей ығы-жығы боп артынып-тартынған халық әнді қайдан тыңдасын? У-шумен назар да аудармайды. Сон­дық­тан ауылшаруашылық жәр­мең­кесіне өнер адамдарын сабылтпай, дыбыс колонкасы арқылы ән мен күйді жаңғыртып қойса екі жаққа да тиімді болушы еді.

Жапон экономисі Иосихара Кунионың «Жапонияның дамуы­на себеп болған факторлардың бірі – оның мәдениеті» деген сөзі бар. Халқымыздың бай мәдени мұрасы мен руханиятының дамуы­на өлшеусіз үлес қосып келе жатқан дарынды азамат­тары­мыздың еңбегі өлшеусіз. Олар­дың қызметі – ұлт өмірінің айна­сы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани кел­беті. Осындай таланттардың арқа­сында жоспарымыз жүзе­ге асып, жұлдызымыз жарқы­райтынына кәміл сенемін.

 

Ғалымжан ӨТЕЛБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы