
Фото: gov.kz
2,1 млн гектар жер елді мекендерге жақын орналасқандықтан, ауыл тұрғындарының мал жаюына ортақ пайдалануға берілсе, қалған 4,1 млн-ы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер арасында конкурс арқылы бөлінген. Сонымен қатар жер пайдаланушылар өздеріне тиесілі 4 млн гектар жерді игеруге кіріскен.
18 қыркүйек күні вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Жер ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі республикалық комиссия отырысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу үдерісінің цифрлық форматқа көшіру мәселесі де талқыланды.
Жалпы ауыл шаруашылығы жерлерін (шөлді аумақтардан басқа) цифрландыру 2024 жылы аяқталған. Бүгінде 197,9 млн гектар жердің картасы ашық форматта қолжетімді, бұл ел аумағының 72,6%-ын құрайды. Жұмыстар толығымен 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Комиссия отырысында сондай-ақ Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелерінің жыл басынан бергі қызметі туралы ақпарат берілді. Барлығы 2,1 млн гектар жерге 1381 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 1,5 млн гектарды қамтитын 1013 заң бұзушылықты жою туралы нұсқама берілген.
Қазіргі таңда бұрын берілген нұсқамалар бойынша 350,1 мың гектар жер игеріле бастады. Ал 52,6 мың гектар бойынша мәжбүрлі түрде қайтарып алу үшін сот істері жүріп жатыр. Жалпы қайтарылуы тиіс 2 млн гектардың 1,55 млн гектары мемлекетке қайтарылды.
«Ауыл шаруашылығы жерлерін әділ бөлу – халық үшін ең өзекті мәселелердің бірі, жер комиссияларының араласуын болдырмай, үдерісті толықтай электронды әрі ашық ету қажет», деді Серік Жұманғарин.