Саясат • Бүгін, 08:53

Саланы кешенді дамыту тапсырылды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновты қабылдады.

Саланы кешенді дамыту тапсырылды

Мемлекет басшысына спорт саласын кешенді реформалауға қатысты бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы баяндалды.

Президентке балалар мен жас­ө­с­пірімдер спортын қолдау, ха­лықаралық ынтымақтастықты арт­­тыру, спортқа ғылыми тәсіл­дер­ді енгізу, бюджет қаражатын оң­тай­­ландыру және заңнамалық ба­за­ны жетілдіру жөнінде есеп берілді. 

Ербол Мырзабосыновтың айтуын­ша, спорт саласында вертикальді басқару жүйесін қалыптастыру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Саланың жағдайына кешенді талдау жүргізілгеннен кейін бірқатар облыста спорт басқармаларының басшылары тағайындалды, жұмыс тиімділігінің нақты көрсеткіштері белгіленіп, спортшылар мен жаттықтырушыларға берілетін төлемдер мөлшері бірыңғай көрсеткішке келтірілді. Сонымен қатар спорттың басым түрлеріне қойылатын іріктеу талаптары анықталды.

Биыл күшіне енген «Дене шынық­тыру және спорт туралы» заңның жаңа редакциясы белсенді жүзеге асырылып жатыр. Аталған заң бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, спортты дамыту үшін оның басым түрлерін айқындауға, кәсіпқой клубтарға төленетін төлем­дерге лимит енгізуге бағытталған.

Мемлекет басшысына шетелдік туристерді тарту және заңнамалық базаны жетілдіру шаралары туралы айтылды. Президент тапсырмасы бойынша Щучье-Бурабай курорт­тық аймағы мен Маңғыстауды дамыту­дың кешенді жоспары әзірленді. Алматы тау кластерін дамыту жос­пары дайындалып жатыр. Сондай-ақ курортты өңірлерді өркендетуге арналған ведомствоаралық жол картасы әзірленді. Онда туристердің қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге, сани­тарлық жағдайдың стандарттарын көтеруге және көлік қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінген.

Мемлекет басшысы министрге бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, вертикальді басқару жүйесін енгізуді жалғастыру, футбол клубтарын жекешелендіруді жеделдету қажет. Бұдан бөлек, туризм саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру маңызды міндет ретінде аталды.