Саясат • 04 Сәуір, 2019

Достық байланыс нығая береді

810 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Достық байланыс нығая береді

Lenta.ru агенттігі Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің кездесуі барысында екі ел арасындағы маңызды мәселелер талқыланғанын хабарлады. 


«Тоқаев әңгіме барысында Ресеймен достық қарым-қатынасты жалғастыра беретінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеумен әріп­тес­тікті жоғары бағалайтынын атап өтті», дейді Lenta.ru агенттігі. Сондай-ақ Қ.Тоқаев екі ел арасындағы ын­тымақтастықты жалғастыра беруге мүдделі екенін жеткізді. 


«Екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып ке­леді. Менің мақсатым – осы стратегияны жалғас­тыра беру. Екі ел арасындағы достық байланысты кү­шейту үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», деді Қ.Тоқаев. 


Қазақстан Президенті мұндай стратегияның екі мемлекеттің ұлттық мүддесіне сай келетінін айтты. Халықаралық қатынас, экономика және саясатқа дейінгі салаларда ынтымақтастықты нығайтуға ниет танытты», деп хабарлады Lenta.ru сайты. 

Сондай-ақ ақпарат агенттігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың 20 наурыздан бері Қазақстан Президенті лауазымын атқаратынына тоқталған. 


Ресей Президенті Вла­димир Путин Қазақстан Президенті Қасым-Жо­март Тоқаевтың Мәскеуге сапары екіжақты қа­рым-қатынасты нығайтуға үлес қосатынына сенім­ді. Бұл туралы РИА Новости агенттігі хабарлады. 


«Мемлекет басшысы қызметіне кіріскеніңізбен құттықтаймын. Екіжақты қарым-қатынастың деңгейінен хабарыңыз бар. Қазақстан мен Ресей арасындағы байланысты осындай жоғары деңгейге шығару үшін де көп еңбек еттіңіз. Әлбетте, бұл Қазақстанның Тұңғыш Президентінің еңбегі екені анық», деді В.Путин кездесуде. 


Сондай-ақ Кремль басшысы Қазақстан мен Ресейдің жай әріптес қана емес, халықаралық деңгейде де, екіжақты деңгейде де достық байланыс­та екеніне ерекше тоқталған. 


«Сіздің бүгінгі сапарыңыз көпжақты, көп бағыттағы достық қарым-қатынасымызды нығайта түсетініне сенімдімін», деді Ресей Президенті.


Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Пре­зиденті Владимир Путин ара­сын­дағы келіссөздер дәстүрлі жағдайда өтті. Бұл туралы Известия газеті хабарлады. 


«Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу конс­труктивті, дәстүрлі атмосферада өтті. Бұл Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билік еткен жылдары қалыптасқан болатын. 


Ресей басшысы Тоқаевтың алғашқы ресми сапарын Ресейден бастағанына алғыс білдірді», дейді Известия газеті. 


«Қазақстан Президенті елдеріміз арасындағы әріптестік және достық қатынасты нығайта беруге ерекше назар аударады деп сенемін», деген Вла­димир Путин. 

Известия газетінің хабарлауынша, сәрсенбіде жарияланған ортақ мәлімдемеде екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың деңгейі, страте­гиялық ынтымақтастық анық байқалады. 


«Келіссөздер барысында мемлекет басшылары өңірлік және халықаралық мәселелер, еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістің даму қарқыны туралы пікір алмасты. Қазақстан Президенті Ресеймен достық байланысты жалғастыра беретінін мәлімдеді», дейді Известия басылымы.