Өнер • Бүгін, 08:35

Махаббаттың бойтұмары

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Анығында ән мен күйдің жортуылын ешкім болжап біле алмайды. Көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын құбы­лыстардың ара салмағын байыптау қиынырақ. Олардың да жортуылы кәдімгідей патшалардың жорығындай, жердің бетінде, бірақ жорық алаңы көңілдің қиырында, жанның ұйығында, сана мен сезімнің қатпарында жүзеді де жүреді. Бұлардың да жаратушысы, қолбасшысы және бар. Мекен-тұрағы – халықтың жүрегі. Тыңдап отырғанда алған әсер, жанған сезім, тербеген ойдың одан кейін өмірлік шешімдер алдында ықпалдасары тағы сөзсіз.

Махаббаттың бойтұмары

Өткенде бір ескі түсі­рілімнен талдырмаш қана қыздың лепе­сін тыңдап қайран қалдық. «Ке­лесі тыңдайтын әннің сөзін Шө­міш­бай Сариев ағамыз, әнін Кеңес Дүйсекеев ағамыз Сембек екеумізге арнап жазған. Бұл әннің кереметі сондай, халық Сембек екеумізді «қосып» қоюға дейін барды. Бірақ Сембектің жүріп жүрген қызы, менің өз жігітім бар» десін. Сөйтсем, Мақпал Жүнісованың жас кезі, Сембек Жұмағалиевтің жігіт шағы екен. Сіздер мен айтпай-ақ біліп отырған шығарсыздар, жарты ғасырға жуық жүректерге гүл егіп келе жатқан үздік туынды – «Ғашықтар жырының» қазақ эстрадасында өзіндік орны бар. 1983 жылдардың үсті Сембек ағаның жанып тұрған жігіт шағы болса, Мақпал апай­­дың қылшылдаған қыз ғұмы­ры. Сол кездің өзінде клип түсіріл­ген туынды туралы жекелеген хабар да бар. Ал Алтын қордағы концерттерде атақты дуэт сақта­лып баққанына күмән жоқ. Сон­дықтан арасында болмаса, әннің тарихына емес, жүректерге жортуылына құлақ тіккіміз келеді.

Тоқсаныншы жылдардың белортасында ауылдағы үйлену тойлары палаткаларда өтетін еді ғой. Жалбыраған қара палатка­ның іші кірсе шыққысыз. Жұпар аңқиды. Таудың көк аршасының бұталарын жұлып-жұлып әкеп айналдыра қабырғасы мен төбесіне тұтып, төменге көк майса шөп төсеп тастаған соң не керек. Жаздың жайлы күнде­рінде өтетін ондай тойлар арман енді. Ал анау оталған аршаның обалын кім ойлапты? Жарайды, ол басқа әңгіме.

Ауыл болған соң ағайынның тойы әнсіз өте ме? Бір кезде етек жақтан бір жігіт көтеріледі. Дәл Сембек ағадай шашын өсіріп, артына қайырып алған. Қойған мұртына шейін келіңкірейтін. Төлегеннің мұрты ма, Сембек ағаның мұрты ма, айырудың өзі қиын. Сол кісідей жүрісі де салмақты, әздектемей, аңдап баса келе «қасың қандай, қарақат көзің қандай» деп сызылта бергенде, келісіп алғандай тұсынан бір бойжеткен де табыла кетер еді. Ауылдың тойларында күлкі де, әзіл де, би де, күй де болатын, бір ғажабы – осындай салмақты да сырлы әндер арқасында жоғары деңгейде өтетіндей көрінер еді.

Ол кезде дуэт сирек, қазір де көп емес қой. Ал мына дуэттің жөні бөлек-ті. Заманының маң­дайал­дысы деуге тұрарлық. Сол тұста жұп құрмақшы қыз-жігіт­тердің жүрек қағысын дөп басқан туындыны халық әлі күнге тыңдайды. Жай тыңдамайды, ықыласпен тыңдайды. Қазір YouTube арнасын ашып, «Ға­шық­тар жыры» деп теріп көріңіз. Бұрын «Тамашада» жұрт қалай тыңдаса, бүгінде солай тыңдайтынына куә боласыз. Және о бастағы орындаушылары сол шырқағаннан қазір де жырлап келе жатқанының өзі бір ғаламат. Кейбір өнертану­шылар «Ғашықтар жырын» қазақ эстрадасындағы алғашқы дуэттердің бірі деп таниды екен.

Ән әуенін әдіптеген әйгілі сазгер Кеңес Дүйсекеев шығар­масын дүниеге әкелген соң көзі бірден Сембек ағаға түссе керек. Жоғарыда ән әскерінің жортуылы туралы сөйлегенімізде туындының да жаратушысы һәм қолбасшысы бар деп әспет­теген едік қой. Солар Шө­міш­бай Сариев пен Кеңес Дүйсе­кеев болса, бастап алып шыққан Сембек Жұмағалиев мен Мақпал Жүнісованың өнері. 1983 жылдары Сембек Жұмағалиевті «Гүлдер» ансам­блі­нен көрген Кеңес Дүйсе­кеев: «Менің әндерімді неге айтпайсың?» депті. Сонда ол: «Біреулер орындап жүрген әндеріңді қайталайтын тотықұс емеспін ғой, маған арнап ән жаз, орындайын» дедім. Кеңестің қыз бен жігіттің дуэтіне арналған «Ғашықтар жыры» деген жаңа әні бар екен, Нағима Есқалиеваға арнапты. Әннің әуеніне, сөзі­не қарағанда, Нағиманың та­би­ғатына келіңкіремейді. Сосын мен ол әнді ансамбльге жаңадан келген жас әнші Мақпал Жүнісовамен орындап көрейін деп шештім. Осы әнді 1983 жылдың аяғында болған «Тамашада» орындадық. Өзіме ұнады, өнер адамының өзіне-өзі ұнауы қиын ғой. Содан бері халық осы әнді тыңдаудан жалыққан емес. Мақпалдың да бағын ашқан ән болды. «Қазақтың 100 әнінің» қатарына енді» дейді әнші.

Сөзі мен сазы жымдасып бір құ­дірет тудырмаса, ән осы уа­қыт­қа дейін өміршең болу­­шы ма еді? Одан кейін бұл туын­­дыны қаншама жас шыр­­қап, жүректерінде әлдиледі. Жү­ректерге жол тапты, сезімдерін байытты. Демек шығарма махаб­баттың бойтұмарына айналды.

«Көңілге жыр тұнады сен дегенде,

Жүрекке сыр тұнады сен дегенде.

Кеудеме бір ғажайып шаттық орнап,

Өмір де құлпырады сен дегенде»

Бұл кімнің болсын жүрек түкпіріне орнап қалатын сөз. Лайым солай болсын. 

Соңғы жаңалықтар

Он үшінші білім ошағы

Білім • Бүгін, 07:20