Қоғам • Бүгін, 08:38

Жезқазғандағы «Otbasy fest»

10 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жезқазған қаласында «Отбасы банк» ұйымдастырған «Otbasy fest» мерекелік думаны «Адиат» ән-би ансамблінің мың бұралған биімен ашылды. Салтанатты кешке әкімдік өкілдері, қала тұрғындары, банк салымшылары, «Отбасы банк» арқылы бас­пана алған азаматтар қатысты.

Жезқазғандағы «Otbasy fest»

Әр отбасының баспанасы болуы керек. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан азаматтарға бірнеше бағдарлама ұсынылып отыр. «Otbasy fest» жиынында баспаналы болудың мүмкіндігі сөз болды. Алғашқы болып сөз алған Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Дархан Мұхан: «Бүгінде «Отбасы банк» АҚ – мемлекеттік тұрғын үй сая­сатын жүзеге асырушы не­гізгі институттың бірі. Биыл біраз өзгеріс болды. Жер­гілік­ті мемлекеттік атқарушы ор­ган­дардың тұрғын үйге қатысты функциялары «От­басы банкке» беріліп отыр. Банк құрылған кезден бас­тап өңірде филиалын ашып, жұ­мысын жүргізіп келеді. Облы­сымыздағы Жезқазған, Сәт­баев, Қаражал қалаларында банк өкілдері жұмыс істейді. Банк жергілікті мемлекеттік атқарушы органдармен бірле­сіп республикалық бюджеттің қаражаты есебінен салынған арендалық тұрғын үйді кезекте тұрған азаматтарға бөліп, несиелік тұрғын үйлерді осы банктің бағдарламалары арқылы сату сияқты қызметтерді жүзеге асырады. Сәтбаев қаласында осы аталған бағытта бірлескен жұмыстар жүріп жатыр. Үй алуға кезекте тұрған азаматтарды тиісті тәртіппен осы банк қабылдап алды. Биылғы жылды Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Сәтбаев қаласының әкімдігі мен «Отбасы банк» бірлесіп «Сәтбаев жұмыскер» атты арнайы бағдарламаны жүзеге асырды. Кейінгі бес жылда баспанасы жоқ жұмысшы азаматтар бағдарламаға қатысып, 13 азамат пәтер алды», деді.

«Отбасы банк» АҚ Ұлытау облыстық филиалы басшысы­ның міндетін атқарушы Ләззат Смаилова: «Адамның бір арманы – баспаналы болу. «Отбасы банк» бағдарламаларының па­йызы өте тиімді. Осы банк­те жұмыс істе­геніме он бір жылдан асты. Былтыр Ұлытау облысында облыстық филиал ашыл­ды. Сәуір айынан бастап жұ­мыс істеп жатырмыз. Содан бері Ұлытау облысы ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен мың­нан астам адам баспаналы болды. Өзіңізде үй болғанымен, бо­лашақта балаларыңыз бен не­ме­релеріңіздің де баспаналы болуын қаласаңыз, «Отбасы банк» сіз­дерге тиімді бағдарламаларын ұсынады. Облыс көлемінде банк бөлімшелері, кеңес беру орталықтары бар. Кез келген уақытта барып, кеңес алып, неғұрлым ертерек депозит ашып қамданса, соғұрлым болашақта пайызы төмен баспана алу бұйырады», деп атап өтті.

им

«Отбасы банк» арқылы өздеріне ғана емес, баласына да үй алып жатқан салымшылар көпке ой салғандай. Соның бірі ұстаз, көпбалалы ана, мемлекеттік бағдарламаға қатысып жеңілдетілген несиемен баспаналы болған Жанат Жалғасбаева: «Мен «Отбасы банктің» салымшысы болдым. 2017 жылы мұғалім болып жүріп, «Отбасы банктен» шот ашып қойдым. 2018 жылы төртінші балам дүниеге келіп, көп балалы ана атандым. Жезқазғанға келіп, үй кезегіне тұрдым. 2021 жылдан бастап шотқа ақша сала бастадым. Көп балалы ана ретінде 2021 жылдың сәуір айында конкурсқа қатысып «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы (несие бойынша мөлшерлеме – жылдық 5%. ЖТСМ – 5,2%-дан 5,8%-ға дейін) арқылы «Самсунг» медициналық орталығы жанында бой көтерген жаңа үйлер­ден екі бөлмелі пәтер алдық. Біз бір үй алып тоқмейілсіп отыр­ған жоқпыз. Үлкен қызымызға Астана қаласынан екі бөлмелі үй қа­растырып жатырмыз. «От­­ба­сы банктің» бағдарламасы қара­пайым халыққа өте тиімді. Әр­бір қазақ үйлі болсын деп тілей­мін», дейді.

Мерекелік шараға келген­­­дер баспаналы болуға байланысты пайдалы ақпарат алды. «Отбасы банктің» Ұлытау облыс­тық филиалының қар­жы кеңес­шісі Ақтолқын Байқадам­қызы банктің даму барысы, бағ­дар­лама­ларымен егжей-тегжей та­ныс­тырды.

«Отбасы банк» 2003 жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғам болып ашылды. 2004–2019 жылдары филиалдық, агенттік желіні дамытты. Агенттік желі дегені­міз – кеңесшілер. Кеңесшілер «От­ба­сы банкте» депозит ашып, ха­лық­пен тығыз байланыс орната­ды. 2019–2021 жылдар аралығын­да қашықтан қызмет көр­сету орталықтары жақсы жұмыс ­жасады. Онлайн жүйесінде депозит ашып, несие рәсімдеуге көше бастады. 2021–2022 жылдары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемде­рін пайдалануға өтініш тапсыра алатын арнайы онлайн плат­форманы іске қосты. 2023–2024 жыл­­дары мобильдік қосым­ша­ны да­мыту, онлайн ипотека, бас­пана ­порталы арқылы жұмыс жасау қолға алынды. Банк депозит жүйесінде жұмыс істейді. Депозит ашу тегін, комиссия жоқ.

Бұл жерде салымшының жинап жүрген қаржысына 200 айлық есептік көрсеткішке дейін шоттағы жинақ сомасының 20% мөлшеріндегі жыл сайынғы мемлекеттің сыйақысы, банк­тен 2% сыйақы беріледі. Салымшы үш жылда қаржының 50%-ын жинаса, қалған 50%-ын банк несие ипотека ретінде рәсімдейді. Салымшы несиесін әрі қарай ай сайын төлеп отырады. Депозит­ті үш жылдан он бес жылға де­йін жинақтаса болады. Депозит толыққанды жиналғаннан ке­йін 6 жылдан 25 жылға дейін несие рәсімдеуге болады. Айталық, депозитті Жезқазған қаласын­да ашқан салымшы болашақта еліміздің кез келген қаласынан үй ала алады.

«Отбасы банк» Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бо­йынша 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында жұмыс істей бастады. Мұнда Ұлттық қордың жылдық инвестиция­лық кірісі­нің 50%-ы еліміз балалары­ның арнайы жинақ шоттарына 18 жас­қа толғанға дейін аудары­лып тұрады. Мысалы, 2024 жылы әр балаға 100 доллар түссе, 2025 жылы 132 доллардан түскен. Сол ақшаны бала 18-ге толған кезде екі мақсатта пайдаланады. Бала оқу орнына түскенде, оқу ақысын төлеуге болады. Грантқа оқуға түскен жағдайда ол ақшаны «Отбасы банктен» депозит ашып соған салып, әрі қарай үйінің алғашқы жарнасы ретін­де пайдалана алады. «Отбасы банк­те» 20 жылға дейін, жылына 2 пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй несиесін ала алады. Бірнеше бағдарлама бар, әр бағ­дарламаның шарты әртүрлі. Баспана депозиті бар. Ең аз жинақтау мерзімі үш жыл. Төмен па­­йыздық мөлшерде үй алуға тиімді.

Банктің қаржы кеңесшісі ­несие рәсімдеудің үш түрі: тұр­ғын үй заемы, аралас заем, алдын ала заемға да тоқталып өтті. Тұрғын үй заемында ай са­йын қаражатыңды салып отырып, үш жылда елу пайызын жина­саң, табысты растамай жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі бес пайыздан қалаған қаладан бірінші, екінші нарықтан баспана аласың. Екіншісі аралық заем – 50 де 50. Аралық заем сый­ақы мөл­шерлемелері – жылдық 6%-дан 8,5%-ға дейін. Алдын ала заем­да депозитте тұрғын үйді сатып алуға қажетті соманың небәрі 10%-ы бар салымшыға алуға болады.

Мәселен, 2-10-20 мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаcына көп­балалы, І, ІІ топтағы мүгедек­тер, жетім балалар, мүм­кіндігі шек­теулі баланы асырап отырған отбасылар қатыса алады. Үйдің 10%-ын салады, 2%-бен, жиырма жылға дейін несие рәсім­деу­ге болады. 5-10-20 тұр­ғын үй бағдарламаcына кезекте тұрған кез келген санаттағы адамдар қатыса береді. Кредит бойынша сыйақы мөлшерлемеcі – 5%, бастапқы жарнасы – 10%, несиені 20 жылға дейін рәсімдейді.

«Отбасы банк» акционерлік қоғамы Ұлытау облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Ләззат Абдыраш­қызы: «Қазірде үй кезегінде тұру «Отбасы банктің» құзырына берілді. Атқарушы орган, яғни әкімшілік үй салады. Жезқаз­ған қаласындағы «Самсунг» меди­циналық орталығы маңында жаңа үйлер салынып жатыр. Сол үйлер осы 5-10-20 тұрғын үй бағдарламасымен (кредит бойынша мөлшерлеме – 5%; бастапқы жарна – 10%; кредит беру мерзімі – 20 жылға дейін) беріледі. Сонымен қатар «Наурыз» мемлекеттік ипотекасы бар. Бағдарлама талаптары бо­йынша азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін), қалған барлық санаттар үшін 9%-дық (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) мөлшерлемемен несие беріледі. Әкімдікте үй кезегінде тұрғандар сыйақы мөлшерлемесі 7%-бен қатыса алады. Заемның ең жоғары сомасы Астана, Алматы қаласында 36 млн теңге, қалған өңірлерде 30 млн теңгеге пәтер алуға мүмкіндігі бар. Салымшы өзі тұрған жергілікті қаладан алғашқы нарықтан үй алады. Сәтбаев сияқты шағын қалаларда екінші нарықтан үй алу­ға болады. Бұл жерде ең бас­ты шарт – үй алушының, отбасы мүшелерінің кейінгі бес жылда атында үйі болмауы керек. Депозитте екі миллион теңге қаражаты болса, «Наурыз» бағдарламасына конкурсқа қаты­сады. Бұл бағдарламамен елдің кез келген қаласынан баспаналы болады», деді.

2023 жылдан бастап «Отбасы банк» пен Ұлытау облысы әкім­шілігі бірлесіп «Ұлытау жас­тары» өңірлік бағдарламасын іске қосқан. Оған облыстың 35 жас­қа дейінгі жас мамандар қатысып, 5%-бен пәтер сатып алып жатыр. Қазір­де осы бағдарлама аясында өңірде 100 отбасы үйлі болды. Биыл да жалғасын табады. Алғаш рет Сәтбаев қаласында «Сәт­баев жұмыскер» атты өңірлік бағ­дарлама жүзеге асырылып, оған кәсіп­орында жұмыс жасайтын арнайы санаттарға сәйкес келе­тін жұмысшылар қатысады. Бас­тапқы жарна – 10%, есептік мөл­шерлемесі – 5%. Мұнда да үй алу­шының, отбасы мүшелерінің атында кейінгі бес жылда үй болмауы керек.

«Сәтбаев жұмыскер» өңірлік бағдарламасымен ең алғаш баспаналы болған, Жыланды кенішінде электрдәнекерлеуші болып істейтін Гүлжанат Бозбаева: «2019 жылы «Отбасы банкте» шот аштым. Басында ақшаны аздап салдым. Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы «Отбасы банк» кеңесшілеріне барып, солардың кеңесіне жүгіндім. Олар «Сәтбаев қаласы әкімдігінің «Сәтбаев жұмыс­кер» бағдарламасы бар, со­ған қатысып көріңіз», деп ке­ңес берді. Екі миллион жина­ған қаражатым бар еді. Осы қаража­тымды еселеп, бастапқы жарнамды төлеп, Сәтбаев қаласында 2023 жылы салынған үйден 90 шаршы метр пәтер алдым», дейді.

Кешке қатысушылар қажетті ақпарат алып қана қоймай, арнайы концерттік бағдарламаны тамашалады. Викториналық сұрақтарға жауап беріп, «Отбасы банк» ұсынған сыйлықтарды иеленді.

 

Ұлытау облысы 

Соңғы жаңалықтар