Салық • Бүгін, 09:55

Салық кодексі: жеңілдік те, жүктеме де бар

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі қоғамның барлық жігіне әсер етеді. Оның ең басты жаңалығы – салықтық әкімшілендіруді жеңілдету арқылы кәсіпкерге түсетін салмақты азайту әрі көлеңкелі экономиканы қысқарту. Мемлекет бизнеске сенім артып, бақылаудан түсіндіруге, жазалаудан ынталандыруға көшпек.

Салық кодексі: жеңілдік те, жүктеме де бар

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Салықтық әкімшілендіру жеңілдейді

Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаевтың айтуынша, әкімшілендіруді реформалау арқылы мемлекет бірден үш мақсатқа қол жеткізуді көздеп отыр: көлеңкелі экономиканы азайту, кәсіпкер үшін қолайлы салық ортасын қалыптастыру және бюджеттегі салық кірісін тұрақтандыру.

 «Бүгінде салықты кім қанша төлеуі керек деген сұрақтан гөрі, оны қалай, қандай жолмен және қандай жүйемен жинайтынымыз маңыздырақ болып тұр. Себебі мөлшерлеме төмен болғанымен, егер әкімшілендіру жүйесі күрделі, сенімсіз және ашық болмаса, нәтиже шықпайды. Сондықтан жаңа кодекс осы мәселені түбірімен өзгертуді көздейді. Енді басты назар алдын ала ескерту, түсіндіру және салықты автоматты түрде есептеу арқылы төлеуге бағытталады», дейді сарапшы.

Кәсіпкерлердің көбі салық төлеуден қашпайды. Олар салықты қалай есептеу керек екенін білмейді немесе қателесіп, арты айыппұл мен тексеруге ұла­са­ды. Шынында да, салық есе­бін автоматты түрде қалып­тас­тыратын «E-Salyq-Business», «E-Salyq-Qoldau» қосымшалары қолданысқа енді. Кәсіпкер шот-фактура жіберіп, тауар айналымын көрсетсе болғаны, қалған есептер жүйе арқылы дайын­дала­ды. Қазір электронды бақы­лау-кассалық машиналарды 2,4 млн салық төлеушінің 87%-ы пай­даланады. Жаңа талаптар бұл көрсеткішті 100%-ға жеткі­зуді көздейді. Сонымен қатар таңбаланған тауарларды қадаға­­лау, POS-терминалдарды қолда­ну, шот-фактураларды онлайн жіберу тәрізді құралдар да толық енгізілмек.

«Ең үлкен өзгерістердің бірі – тәуе­келдерді басқару жүйесінің күшеюі. Яғни енді барлық кәсіпкер бірдей тек­серілмейді, тек тәуекелі жоғары топтар­ға ғана назар аударылады. Салық қызметі қазірдің өзінде тәуекелдерді басқару жү­йесі арқылы 47 көрсеткіш негізінде 1 млн-нан астам салық төлеушіні бақы­лау­да ұстап отыр. Жаңа жүйе бұл үдерісті анағұрлым әділ етеді. Бұрын тексеру, айыппұл – салық органының негізгі құралы еді. Енді біз кәсіпкерге сеніп, алдын ала ескерту мен цифрлық жолмен реттеуді ұсынып отырмыз. Бұл мә­дени өзгеріс – салық жүйесін мәжбүр­леуден сенімге көшіру», дейді Ерлан Сағынаев.

 

Бизнес не ұтты, неден қауіптенеді?

Бұл үдерістің куәсі ғана емес, белсенді қатысушысы болған Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, ке­йін­гі екі жыл бойы бизнес-қауымдас­тық кодекс мазмұнына тікелей арала­сып, кәсіпкерлердің мүддесін қорғау жолынд­а жүйелі жұмыс атқарды.

«Біз бұл кодексті жай ғана бақылау­шы емес, қалыптастырушы тарап ретін­де қарадық. Осы құжаттың кәсіпкерлер үшін қолайлы болуын талап етіп, талай нормаға өзгеріс енгізуге қол жеткіздік. Жұмыс тобына 300-ден астам сарапшы тартылып, жыл бойы нақты ұсыныстар әзірленді. Бұл – шынайы еңбек пен мәміле нәтижесі», дейді Р.Баталов.

налог

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Оның сөзінше, кодексте бірқатар ілгерілетуші бастама бар. Мәселен, көп талқыланған қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесі бастапқыда ұсынылған 20% емес, 16% деңгейінде бекітілген. Бұл – бизнес үшін айтар­лықтай жеңілдік. Сондай-ақ ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 78 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін төмендегені – шағын кәсіпкерлерге есепке тұруды жеңілдетіп, салық саласының шекараларын нақтылауға көмектеседі. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған 4%-дық арнайы режім енгізі­ліп, оған бар­лық әлеуметтік төлем қосыл­ған. Ең бастысы, жеке табыс салығын төлеу міндетінен босатылады.

«Бизнес үшін тағы бір маңызды бағыт – корпоративтік табыс салығы (КТС). Бұл жерде біз әлеуметтік саладағы ұйым­дар үшін айтарлықтай қолдау жаса­дық. Жаңа кодексте олар үшін КТС кезең-кезеңімен енгізіледі: келесі жылы – 5%, 2027 жылдан бастап – 10%. Мұны білім беру, медицина және әлеуметтік жобалар сала­с­ындағы компанияларға де­меу десек болады. Сонымен қатар залалдарды кейінгі жыл­дарға көшіру мер­зімі 10 жыл болып қалды. Импорттық ҚҚС бойынша бұрын­ғыдай есепке алу тәсілі сақталып отыр, бұл да бизнестің өтімділігін сақтап қалуға көмектеседі», деп нақтылады Р. Баталов.

Жаңа салық реформасы иннова­ция­лық салаға да назар аударған. Енді ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конс­трукторлық жұмыстарға жұмсалған шығын­дарға 200% мөлшерінде түзету енгі­зілмек. Алайда бұл өзгерістердің бар­лығы тек жағымды жаңалықтардан тұр­майды. Кәсіпкерлерді алаңдатқан бір­неше даулы мәселе де бар. Соның бірі – медициналық қызметтерге ҚҚС енгізу.

«КТМКК, МӘМС аясынан тыс меди­циналық қызметтер мен тауарлар­ға ҚҚС салу – қағаз жүзінде дұрыс болғанымен, іс жүзінде орындалуы қиын. Қазір көпте­ген клиника мен ауруханада жеңілде­тіл­ген және ақылы қызметтерді нақты бөліп отыратын жеке есеп жүйесі жоқ. Бұл жағдай салық қателіктеріне, артық төлем­дерге және айыппұлдарға әкеліп соғуы мүмкін. Мұндай шешім шағын бизнес үшін оңайға соқпайды», дейді.

Баталовтың сөзінше, кодексті жетіл­діру тоқтамайды. Іске асырылу бары­сын­да туындаған кемшіліктерді Үкіметпен бірлесе отырып шешуге болады.

«Кодекс – өмір сүретін құжат. Әр тармағы тәжірибеде сыналып, қажет болса, қайта қаралып, нақтылана түсуге тиіс. Біз ҰКП ретінде бұл жұмысты жалғастыра береміз. Бастысы – кәсіпкер мен мемлекет арасында ашық диалог ­орнату. Қазір бізге эмоция емес, факті мен дәлел керек. Ал кәсіпкерлерге тұрақты әрі болжамды салық жүйесі қажет», деді Р.Баталов.