
Солтүстік Қазақстан облысының балық шаруашылығы қоры 2 328 су айдынын құрайды, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2019 жылғы 4 сәуірдегі№ 256 қаулысымен жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының және учаскелерінің тізбесіне жалпы ауданы 297 495,9 гектар 589 су айдыны енгізілген. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Үкіметтің 2021 жылғы сәуір айындағы №208 қаулысымен елдің балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы дайындалды және бекітілді, ол кәсіптік балық аулаудан аквамәдениетке, яғни, балықты жасанды өсіруге көшуді және өсірілген балық көлемін 2030 жылға қарай 270 мың тоннаға дейін жеткізуді көздейді. Жоғарыда аталған бағдарламаның шеңберінде Ақмола облысының әкімі 2021 жылғы 11 наурызда бекіткен Ақмола облысының балық шаруашылығын дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы бар. Таяуда Президент «Аквамәдениет туралы» заңға қол қойды. Бұл құжат бағалы балық өсіруге зор мүмкіндік ашып отыр.
Алдағы мақсат – жаңа өндірістер құру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту, бәсекеге қабілетті аквамәдениет объектілерінің санын көбейту, сондай-ақ олардың қоршаған орта мен адам денсаулығы үшін экологиялық және санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету есебінен аквамәдениетті тұрақты дамыту. Заңның негізгі міндеті – инвестициялық ахуалды жақсарту және экспорттық әлеуетті дамыту, инновациялық және индустриялық технологияларды енгізуді қолдау, сондай-ақ, аквамәдениет субъектілерін мемлекеттік қолдау.
Қазір Ақмола облысында жергілікті маңызы бар 632 балық шаруашылығы су айдынының 280 пайдаланушысына 360 су айдыны бекітілсе, оның ішінде 169 пайдаланушыға 216 су қоймасы беріліп отыр. 136 су айдыны 109 пайдаланушыға кәсіптік балық аулау үшін пайдалануға берілген. Жергілікті су айдындары бойынша лимит – 575,67 тонна. Қазір 550,82 тонна игерілді (жалпы көрсеткіштің
95%-ы). 8 су айдыны спорттық-әуесқойлық балық аулау үшін 8 пайдаланушыға бекітілген. 2024 жылы тауарлық балық өсіру көлемі жоспар бойынша 1 520 тонна болса, 1 549 тонна өсірілді. Бұл орайдағы жоспар 102%-ға асыра орындалды. Тауарлық балық өсіруге 230 балық өсіруші шаруашылық қатысып жатыр. Алдағы жоспар да ауқымды. Тауарлы балық түрлерін мейлінше көбейту көзделіп отыр. 2025 жылға Ақмола облысы бойынша тауарлық балық өсіру көлемі 2000 тоннаға жетеді.
– Заң шеңберінде аквамәдениет субъектілерінің құқығы мен міндеттері, аквамәдениет объектілерін өсіру жөніндегі қызметті жүргізу шарттары, ғылыми зерттеулер жүргізу, балық шаруашылығы су айдындары мен жер учаскелерін беру және пайдалану тәртібі айқындалған, – дейді Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашев, – Ақмола облысы бойынша инвестициялық жобалар бойынша таратып айтуға әбден болады. Целиноград ауданының Аққайың кентінде «Poseydon» ЖШС жылына 100 тонна форель және бекіре тұқымдас балықтарды өсіру, өндіру және қайта өңдеу бойынша автоматтандырылған балық фермасын құру жоспарлануда. «Прогресс-Агро» серіктестігі Степногорск қаласында орналасқан. Балық және балық отырғызу материалдарын өсіру және сату жылына 40 тонна төңірегінде. Өз қаражаты есебінен шабақтарды өсіру және уылдырықты инкубациялау цехы салынды. Кемпірқосақ форель шабақтарын қарқынды өсіру үшін 50 текше метр жаңа заманауи цехты іске қосу бойынша дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Балық өсірумен бірге өзен-көлдердегі балықты сақтау, күзету міндеті де мүлтіксіз атқарылуда. 2025 жылдың басынан бастап инспекция қызметкерлері 322 әкімшілік материал толтырған. Заң бұзушыларға 6 983 532 теңге көлемінде 322 айыппұл салыныпты. Олардан ауланған балық тәркіленген. Заң бұзушылар табиғатқа 117665 теңге мөлшерінде залал келтірді. 23 заңсыз балық аулау құралы алынды. Қылмыстық құқық бұзушылық анықталған жоқ. Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын сақтауға бағытталған «Уылдырық шашу» балық қорғау акциясы кезінде 216 тәртіп бұзушылық анықталды.
Күміс көлдердің жағалауын тазалау, жалпы, табиғатқа қамқорлық жасау жайы да жақсарып келеді. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында және балық шаруашылығы комитетінің бұйрығы негізінде көктемгі кезеңде Есіл бассейнінің балық шаруашылығы су айдындарында «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы өткізіледі. Акцияның мақсаты – балық шаруашылығы су айдындарын тасталған балық аулау торларынан тазарту, жағалау аумақтарын жинау. Оған еріктілер, студенттер, табиғат пайдаланушылар, инспекция қызметкерлері және басқа да осы мәселеге бейжай қарамайтын азаматтар қатысады. Биыл акция 15 сәуірде басталып, 31 мамырда аяқталды. Осы кезеңде 36 тоннадан астам қатты тұрмыстық қоқыс жиналып, шығарылды, су қоймаларынан 181 тасталған балық аулау торлары, 49 дана ілгектер алынды. Акцияға барлығы 415 адам қатысып, 105 техника жұмылдырылды.
Ақмола облысы