
Жарқыл қағып жанарың жанып тұрғай, Ләйлім!
Гүл жүзіңнен қызыл нұр тамып тұрғай, Ләйлім!
Жүрегімде кіршіксіз махаббаттың оты бар,
Лапыл атқан күйінде қалып тұрғай, Ләйлім!
Бақсақ, біз сұлуларға арналған деп түсінген осы бір өрнектер қызға емес, Құдайға, Құдайдың жамалына ғашықтықтан туған-ды. Мәселен, Хафиздың «Он екі жасар сүйіктім, мен сені таңда күтемін» деген жырының тәпсірі, шайыр «сүйіктім» деп таңда келетін он екі бас намазды айтқан деседі. Хафиз ғазалдарында «сахи», «шарап», «гүл», «көбелек» сөздері рәміздік ұғымдармен астасып беріледі. Мәселен, шарап дегеніңіз Құдайдың нұры, кесе болса жүрек ретінде қолданылады. Яғни көзеге толтырып шарап ішу – Құдайдың нұрын жүрекке толтыру. Хафиз өмірін зерттеушілер ол ешқандай бүлікшіл, қызқұмар, маскүнем болмағанын, керісінше ғибратты, өнегелі өмір сүргенін, отбасына тиісті қамқорлық танытқанын баян етеді. Сондықтан да батыс зерттеушілері «қорапта» өмір сүрген шайырға ренжіп те жатады.
«Ләйлі» сөзі араб тілінде «түн» деген ұғымды білдірсе, Мәжнүнді түнге ғашық болып есінен ауысқан ауыш деп суреттейді. Расында, «Ләйлі» ұғымы ғасырлар бойы жұмбақ қалпында оқырмандардың көңілін бұрып, дастандарға арқау болып келеді. Шығыс шайырларының «Ләйлі мен Мәжнүн» дастанын өзінше жазбағаны кемде-кем. Осыдан-ақ біз тарқатқан ұғымның шексіздігін саралауға болады.