
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, егістік жер көлемі өткен жылмен салыстырғанда 52 мың гектарға көбейген. Майлы дақылдар алқабы да 430 мың гектарға кеңейтілді. Көктемгі егіс науқанын ойдағыдай өткізу үшін әзірлік шаралары тыңғылықты жасалған сыңайлы. Қыста 1,1 миллион гектар алқапқа қар тоқтатылды. Егіс басталмай тұрып екі миллион гектардан аса жер өңделді. Бұл көлем өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Мемлекеттің қолдауының арқасында 10 миллиард теңгеге жуық қаражатқа 364 бірлік жоғары өнімді техника алынды. Жеңілдетілген жанар май көлемі де жеткілікті.
Өңір диқандарының көңілін күпті еткен жай – киіктің көбеюі. Сайын сахараның сәнін келтіретін киелі жануар игілік үйіріп жүрген диқандарға шаншудай батуда. Зор бейнетпен алқапқа сіңірілген дән сәл ғана көктеп шығуы мұң екен, самал желмен жарысқан мыңдаған киіктің тұяғының астында тапталып қалу қаупі де туындап отыр. Облыстық мәслихат депутаты, Егіндікөл ауданындағы «Қоржынкөл-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әбілқайыр Ошақбаевтың айтуынша, мұндай қауіп Целиноград, Қорғалжын, Егіндікөл, Атбасар, Астрахан, Жақсы, Жарқайың аудандарында туып тұр.
–Киік саны өткен жылмен салыстырғанда, әлдеқайда көбейген, – дейді Әбілқайыр Ошақбаев, – өткен жылы жер емшегін емген көптеген шаруа осы киіктің кесірінен пісіп тұрған егінінен айырылып, қаншама зиян шекті. Биыл нақтылы шара қолданылмай отырғандықтан, диқандар да дүдәмал. Не егерін, не екпесін білмей отыр. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, жоғарыда аталған аудандардағы ақбөкендердің саны рабайсыз өсіп кеткен. Менің есебімше бұл жай ақық дәннің көлемін 60-70 пайызға кемітуі әбден мүмкін. Осыдан кейін тәуекелге бел буып егін егіп көріңіз. 2023 жылы киіктердің санын реттеу туралы қаулы шыққанымен, жануарларды қорғау ұйымының шағымынан кейін сол күйінде қалды. Киікті қууға болмайды. Ғалымдардың айтуына қарағанда, қуғын-сүргінге ұшыраса бейкүнә аңның бойында күйзеліс пайда болады екен. Ал қыруар қаржы жұмсап, әупірімдеп егін еккен диқан бар байлығынан айырылып қалса, оларда күйзеліс болмай ма? Өзіңіз көз алдыңызға елестетіңізші, пісіп тұрған егіннің үстімен сағатына 50 шақырым жылдамдықпен он мың киік үдере шауып өтсе өткір тұяқтары тамырына дейін үзіп тастамай ма?
Көңілі күпті шаруаның алға басқан қадамы кері қайтса, зияны да бесбатпан болары анық. Егіс көлемі азайса, жұмысшылар қарекетсіз қалады. Астық тапшылығы туындайды.
Серіктестік басшысының айтуына қарағанда, киік санын ғылыми-биологиялық негіздеме бойынша реттеу қажет. Экология және ауыл шаруашылығы министрліктері ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің егістіктерін қорғау бойынша бағдарлама түзуге тиіс. Киіктер төлдегеннен кейін егін еккен алқаптардан ығыстыру жағын да ойластырған жөн. Ең болмағанда облыс аумағынан өтетін табиғи жолдарын шарбақтармен қоршаса қайтар еді.
Киіктің күйігі аз болғандай, шегірткенің шырылы да онсыз да дегбірі кетіп тұрған диқандардың құлағына шалына бастады. Таяуда Жарқайың ауданында шегірткеге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың көшпелі отырысы өткізілді. Жиын барысында айтылған мәліметтерге қарағанда, шегірткеден қорғану үшін жоспарлы жұмыстар қолға алынған. Биыл өңірдің 11 ауданында итальяндық шегірткеге қарсы 226,5 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жүргізілген. Республикалық бюджет қаражаты есебінен 89 мың гектар, облыстық бюджет қаражаты есебінен 137,5 мың гектар алқап өңделмек. Шара барысында арнайы бүріккіш техникалар, шегіртке ошағын бақылауға арналған автокөліктер, аумақтарды шолуға арналған дрондар қолданылмақ.
– Химиялық өңдеудің ең үлкен көлемі Жарқайың ауданына тиесілі, – деді фитосанитариялық диагностика және болжамдар орталығының облыстық филиалының басшысы Нұрбек Садықов, – Мамандар шегіртке ошақтарын анықтады. Бұл аумақтар жедел штаб мүшелеріне көрсетілді. Қазіргі таңда шегіртке дернәсіл сатысында. Таяу күндері химиялық өңдеулер жүргізілмек.
Республикалық бюджет есебінен аудан аумағында 3800 гектар жер өңделді. Жер бедерінің қолайсыздау болуына байланысты кейбір телімдерде өңдеу жұмыстары дельтапланның көмегімен атқарылуда. Пригородное ауылы маңында 2310, Уәлиханов ауылдық округінде 1490 гектар егістік алқабына шегірткені жоятын дәрі себілді.
Жыл сайын жер бетіне бар бейнетті өзімен бірге ала шығатын дақылдарды қорғау диқанның ғана емес, дүйім елдің шаруасы. Өйткені оның ар жағында азық-түлік қауіпсіздігі деген мәселе бар.
Ақмола облысы