Қаржы • Бүгін, 12:53

Депутат криптоактивтер жүйесіндегі кемшіліктерді атады

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Олжас Құспеков Қазақстандағы криптоактивтерді реттеудегі жүйелі кемшіліктерді атап, бұл жағдай елдің қаржы жүйесіне, азаматтардың қауіпсіздігіне және мемлекеттік институттардың беделіне елеулі қауіп төндіріп отырғанын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Депутат криптоактивтер жүйесіндегі кемшіліктерді атады

Фото: bank.uz

«Бүгінгі таңда елімізде криптовалюталарға қатысты қылмыстық істер бойынша тәркіленген активтерді сақтау тетігі мүлде жоқ. Бұл өте қауіпті жағдай. Арнайы цифрлық резерв болмаса, бұл активтер жоғалып кетуі, ұрлануы немесе үшінші тұлғалар арқылы заңдастырылуы мүмкін», деді Олжас Құспеков.

Сондай-ақ, депутат криптоблогерлер мен коучтар тарапынан жастарды күмәнді платформаларға тарту деректерін де сынға алды.

«Лицензиясыз «криптокоучтар» халыққа жалған уәде беріп, оңай пайда табуға шақырады. Олар азаматтардың қаржылық қауіпсіздігімен ойнап отыр. Бұл әрекеттерді дереу тоқтатуымыз керек. Сондықтан «инвестициялық коучинг» ұғымын заңдастырып, оған міндетті лицензия талаптарын енгізуді ұсынып отырмыз», деп мәлімдеді депутат.

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, 10 екінші деңгейлі банк арқылы 4,2 млрд теңгеден астам күмәнді операциялар өткен. Бұл ішкі бақылау тетіктерінің әлсіздігін көрсетеді.

Депутаттың пікірінше, тағы бір маңызды мәселе – Қазақстанда тыйым салынған лицензиясыз криптобиржалардың AppStore мен PlayMarket сияқты платформаларда әлі де еркін жұмыс істеуі.

«Заңнамада нақты тыйым салынғанына қарамастан, лицензиясыз криптобиржалар іс жүзінде жұмысын жалғастырып келеді. Олар AppStore және PlayMarket платформаларында қолжетімді, кеңінен жарнамаланып, бұқаралық іс-шараларға және әлеуметтік желілерге қатысуда. Chainalysis компаниясының деректері бойынша, 2023 жылы Қазақстандағы криптоайналымның 86,2%-ы немесе 4,1 млрд АҚШ долларынан 3,5 млрд доллары заңсыз сегмент арқылы өткен», деді Олжас  Құспеков.

Депутаттық сауалын қорытындылай келе Олжас Құспеков келесі шараларды қабылдау қажет деп атап өтті.

«Ұлттық Банк жанынан қылмыстық істер аясында тәркіленген криптоактивтерді сақтау үшін мемлекеттік цифрлық резерв құру мүмкіндігін қарастыру. Заңнамаға «инвестициялық коучинг» ұғымын енгізіп, бұл қызмет түріне міндетті лицензиялау талабын бекіту, сондай-ақ бұзушылардың аккаунттарын бұғаттау тетігін әзірлеу. Ақша аударымдарына аудит жүргізіп, банктер тарапынан талаптардың сақталуына ішкі бақылауды күшейту. Лицензиясы жоқ криптобиржаларға тиесілі сайттар мен қосымшаларды бұғаттау бастамасын көтеру, сондай-ақ рұқсат етілген платформалардың ресми тізімін жариялау» деді депутат.