
Сурет: dknews.kz
Келіссөздердің басты тақырыптары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимыл мәселелері болды. Ерекше назар Хорватия Премьер-министрі Андрей Пленковичтің Қазақстанға алдағы сапарына және оның Астана халықаралық форумына қатысуына аударылды. Сонымен қатар тараптар 2024 жылғы қарашада М.Нұртілеудің Загребке жасаған сапары барысында қол жеткізген уағдаластықтарды іске асырудың практикалық қырларын егжей-тегжейлі талқылады.
«Хорватия – Қазақстанның Балқан аймағындағы және Еуропалық одақтағы негізгі серіктестерінің бірі. Экономикалық ынтымақтастық – қарым-қатынасымыздың басымдығы әрі оны ілгерілететін маңызды қозғаушы күш», деп атап өтті Қазақстан СІМ басшысы.
Былтыр өзара сауда көлемі 282 млн долларды құрап, Хорватияны Еуроодақ елдері арасында Қазақстанның ірі 15 сауда серіктесінің қатарына енді.
Өз кезегінде Г.Грлич-Радман Хорватия Үкіметінің Қазақстанмен өзара қызығушылық тудыратын барлық салада жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға берік ниетін растады. Басты басымдық берілген бағыттар ретінде энергетика, көлік және логистика, фармацевтика, туризм және ауыл шаруашылығы аталып өтті.
Министрлер сапар аясында ұйымдастырылған «Қазақстан-Хорватия» бизнес-форумы мен «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар паркіне жасалатын сапар екі елдің іскер топтары үшін байланыстарды кеңейтуге және қолайлы жағдай жасауға ықпал ететініне сенім білдірді.
ҚР СІМ басшысы бүгінгі іс-шараны Қазақстан мен Хорватия арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған саяси диалогті жандандырудың бастамасы болатынын баса айтты. Бұл кездесу дәстүрлі достық екіжақты қарым-қатынастардың дамуындағы өсіп келе жатқан динамиканы көрсететінін атап өтті.
Мәдени-гуманитарлық салада екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары студенттерге өзара стипендиялар беру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау барысында Қазақстан тарапы БҰҰ Жарғысының қағидаттарына және еліміздің жанжалдарды тек бейбіт жолмен шешуге бағытталған теңгерімді әрі прагматикалық сыртқы саясатына берік бейілділігін растады.
М.Нұртілеу Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын Алматы қаласында құру үдерісінде көрсеткен қолдауы үшін хорват тарапына алғысын білдірді.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған бірлескен күш-жігерді жалғастыруға уағдаласты.
Ресми келіссөздермен қатар министрлер екі елдің іскер топтарының қатысуымен «Қазақстан-Хорватия» бизнес-форумын ашты. Іс-шара энергетика, құрылыс, ақпараттық технологиялар, туризм және ауыл шаруашылығы сияқты салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылауға арналған алаңға айналды. Қазақстан мен Хорватия кәсіпкерлері сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ тұрақты серіктестікті дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделілігін растады.