
Бұл тұрғыда Темір ауданы тұрғындары ерекше белсенділік танытып отыр. Аудан орталығы Шұбарқұдық кентінде көшелер, жаяу жүргіншілер жолы, мекемелердің жан-жағы, аулалар мен саябақ, сквер, аялдамаларды қоқыстан тазартып, жинауға коммуналдық мекемелер қызметкерлері мен волонтерлер, белсенді тұрғындар бір кісідей жұмылды. Аудан әкімдігінің мәліметіне қарағанда, экоакция аясында кейінгі екі айда 640 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар, 195 тонна қар шығарылған. Экоакция кезінде волонтерлер коммуналдық қызмет жұмысшыларына ыстық шай таратты.
Қарғалы ауданының белсенді жастары да экологиялық акциядан сырт қалмады. Олар аудандағы көрікті жерлердің бірі Қасқыр сарқырамасы маңайын қоқыстардан тазартуды бастама етіп көтерді. Аудандық жастар ресурстық орталығының белсенділері әр ауылдық округте тазалық акциясын бір күнде бастауға үндеу тастады. Ерікті жастар мектеп оқушыларына қоғамдық орындарды ластамау, қоқыс тастамау туралы экодәрістер жүргізді.
Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Раиса Балиеваның айтуынша, тазалық қоршаған ортаны күтіп ұстау ғана емес, ол мәдениеттің, жауапкершіліктің, ұрпақққа үлгі болудың көрінісі.
«Әсіресе, мектептерде, оқу орындарында, қоғамдық орындарда тазалыққа мән беріп, оны жүйелі түрде насихаттау өте маңызды. Осы орайда жергілікті билік органдары, қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтар сенбіліктер ұйымдастырып қана қоймай, тұрғындарды экологиялық мәдениетке тәрбиелеу бағытында нақты қадамдар жасауы керек. Тек сонда ғана «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық қозғалысқа айналып, ұзақ мерзімді нәтижесін береді», дейді депутат.
Былтыр «Таза Қазақстан» акциясына 400 мыңнан аса ақтөбелік қатысып, өзен-көлдер жағалауларын, саябақтар мен тарихи ескерткіштер айналасын, қала көшелерін тазалады. Акция аясында 291 саябақ пен сквер ретке келтіріліп, елді мекендер аумағына 300 мың түп ағаш, 6400 бұта отырғызылды. Аумақтарды жинауға 6203 техника тартылып, полигондарға 74 270 тонна қоқыс шығарылды.
Ақтөбе облысы