
Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Облыс әкімінің грантын жеңіп алған жас кәсіп иелері түрлі бағытта ел экономикасына үлес қосып жүр. Грант игілігін әлеуметтік топқа жататын жандарда да сезініп отыр. Грант тағайындау кезінде көбіне білім беру, оңалту орталықтары, жартылай дайын тағамдар мен кондитерлік өнімдер өндірісі, шаруа қожалықтары сынды жобалар көп қолдауға ие болады.
Қарағанды облысы бойынша Еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Нұржан Сыздықовтың айтуынша, грант иегері атанудың алғашқы міндетті шарты – «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері курсынан өтіп, сертификат иемдену. Оны онлайн оқуға да мүмкіндік қарастырылған.
– Грант алуға әлеуметтік осал топ өкілдері – көпбалалы отбасылар, мемлекеттік жәрдемақы, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар, мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалардың ата-аналары немесе қамқоршылары, қандастар, қоныс аударушылар қатыса алады. Ол үшін жұмыссыз ретінде тіркелу немесе үш жылдан аспайтын мерзімге жеке кәсіпкер мәртебесіне ие болу керек. Грант қаражаты бизнес идеяларды жүзеге асыруға немесе дамытуға қайтарымсыз негізде беріледі, – дейді Нұржан Хамитұлы.
Биыл халықтың осал тобына жататын 183 адам 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде осындай қайтарымсыз грантқа ие болады. Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес облыс бойынша 353 880 мың теңге бөлінген. Конкурстың басталу мерзімі әзірге белгісіз.
Халықтың әлеуметтік осал тобындағы жандардың мемлекет қолдауымен грант алып, кәсіп бастап жатқаны бірінші рет емес. Былтыр облыстың осындай санаттағы 178 адамы кәсіпкер атанды. Солардың қатарында қарағандылық Шынар Тен мен Аделина Битюкова бар. Бұрын олар жұмыссыз еді. Қазір грант көмегі арқылы кәсібін дөңгелетіп отыр, жұмыстарында кідіріс жоқ.
Қайтарымсыз гранттың көмегімен «NeuroTen» нейрокоррекциялық орталық ашқан Шынар Тен – 10 жастағы ерекше баланың анасы. Жұбайы Александр Тен екеуі балаларын оңалтудың түрлі тәсілін жүзеге асырған. Басқа да балаларға көмектескісі келген олар осындай кәсіпті жолға қойған.
– Грант ақшасын сенсорлық-динамикалық кубқа арналған металл конструкцияны, бейімдік дене шынықтыруға арналған құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсадық. Бұл жабдықтардың балалардың вестибулярлық, тактильдік жүйесін дамытуға бірден-бір көмегі бар. Қалыпты балаларда мұндай дағдылар балалар алаңдарында табиғи түрде дамиды, ал ерекшеліктері бар балаларға арнайы жағдайлар жасап, дамыту қажет, – дейді Ш.Тен.
Бірінші орталығын кәсіпкер былтыр сәуірде ашқан. Тамызда грант конкурсына қатысып, ұтып алған қаражатына екінші орталығын жабдықтаған. Өйткені көмекке зәру ерекше қажеттілігі бар балалар көп. Орталықта логопед-дефектолог, психолог жұмыс істейді. Кәсібін кеңейткен соң он адамға жұмыс берген. Алдағы уақытта күндізгі стационар ашу жоспарларында бар. Ерекше балалар күні бойы сол жерде болады, қажетті шаралардың бәрінен өтеді. Ата-аналар баланың жанында үнемі бола алмайды. Бұл физикалық, психикалық тұрғыдан өте ауыр.
«Қалай дегенде де, балаға әлеуметтену керек. Бұл стационарда балабақша сияқты бір тәрбиешіге 25 баладан емес, әр балаға бір педагогтен болуы керек», дейді кәсіпкер.
Кәсіпкердің екі орталығы да – қаланың Майқұдық бөлігінде. Қазір оларға Сұрыптау стансасынан, Теміртаудан, Доскей, Көкпекті секілді ауылдан балалар барып жүр. Кәсіпкер орталықтың жаңа филиалдарын қаланың басқа аудандарынан ашқысы келетінін айтады.
Ата-аналардың қызығушылығын тудырып отырған әдістемелікті кәсіпкер отбасының өздері жасаған. Әр баланың жағдайына қарай жеке бағдарлама әзірлеген. Орталықтағы бала әр кезең сайын жетіліп, басқасына көшіп отырады. Авторлық әдістемесін үш-төрт жасқа оқытып, даярлапты. Олар қазір орталықта жемісті жұмыс істеп жүр. Орталық жетекшісі балалардан бөлек, олардың ата-аналарымен де жұмыстың маңызы зор екенін айтады.
– Бейіндік дене шынықтыру кәдімгі дене шынықтыру емес, одан ауқымды. Менің әдістемемнің негізінде берік тәртіп бар. Осында келгенде орындап, үйде әке-шешесі баланың ыңғайына жығылса, нәтиже шықпайды. Баланың бойындағы жағымсыз әрекеттер түзелмейді. Бұл жерде баланың жұмысы бітпейді. Оны үйде жалғастыру керек. Тұрмыстық, әлеуметтік машықтар, баланың тамақтануы, дұрыс күн режімі ескеріліп, кешенді болғаны дұрыс. Тұрақты келіп жүрген 75 ата-анамыз бар, – дейді Ш.Тен.
25 жастағы Аделина Битюкова – ІІ топтағы мүгедек. Бірақ кәсібін бастауға ештеңе кедергі жасамады. Оның ашқан шығармашылық ортасы үлкенге де, кішіге де пайдалы. Шығармашылық кеңістікте сурет салады, тафтингпен айналысады, киімдерді өңдейді. Мұнда келетіндердің ең кішкентайы – алты жаста.
– Біз құммен, суда сурет салумен, киімдерді өңдеумен, тафтингпен (кілем тігу өнері) айналысамыз. Тафтинг – енді қолға алына бастаған жаңа сала. Әзірге онымен айналысатын біз ғана. Грант қаражатына тафтинг жабдығын сатып алдық. Кәсібімізді дамытып, орталығымызды жаңа бағыттармен толықтырып келеміз. Біршама жобамыз бар, – дейді А.Битюкова.
Жас кәсіпкер қайтарымсыз грант туралы Instagram әлеуметтік желісінен біліпті. «Бастау Бизнесті» оқып, сертификатын алған соң идеясын бизнес жоспар түрінде ұсынған. Бұған дейін сурет салуды балаларға үйінде үйретіп жүріпті. Тек шығармашылық орынның жоқтығы кедергі келтіріп келген. Грант соны жүзеге асыруға мүмкіндік берген. Аделина өзі секілді шығармашыл бес адамды жұмыспен қамтып отыр.
Көпбалалы, әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балалары студияда тегін оқиды. Орталықта көрмелер, ойын кештері, түрлі іс-шара жиі ұйымдастырылады.
Қарағанды облысы