Қоғам • 02 Мамыр, 2024

Болашағы бар бірлескен стартап

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Он жеті жастағы Жұмажан Балапанов халықаралық Мюн­хен­ мектебінде оқиды. Онда ол Германиядан келген студент­ Джанни Самвермен танысып, «AGROTECH-ASTYK-Market» стартапын іске қосқан. Бұл – фермерлер мен өңдеуші кәсіпорындарға өнімді делдалсыз сатуға көмектесетін «B2B» маркетплейсі.

Болашағы бар бірлескен стартап

Әуелі ауыл шаруа­шы­лығын­дағы маркетплейс ұғымын талдап көрейік. Ауыл шаруашылы­ғы өнімін өткізудегі онлайн-маркет­плейсін елімізде биыл іске қосу ұсынылды. Яғни та­уарларды ауыл шаруашылығы өндірісінен өткізу пункттеріне дейін қадағалаудың цифрлық жүйелері мен сервистері әлі толық іске қосылмаған. Егер бұл жүйеленсе, бірыңғай авто­мат­тандырылған есепке алу базасы тауарлардың қозғалысын, өңірлік баланстарды бақылап, логистика мен сатуға дейінгі өнім қорларын қадағалайды. Бұл тізбеге 19 тауар кіреді.

Міне, экономиканың негізгі бағанының цифрландыру мен жеңілдету жүйесі енді бір жолға түспек. Ал Жұмажан мен Самвер әлдеқайда алға озып кеткен. Стартап нарық әлеміндегі сапарын енді бастаса да, үлкен сұранысқа ие. Ынтымағы жа­рас­қан талапшыл жастардың мақ­саты айқын. Жыл соңына дейін платформаны 1 млн теңгеге сату көлеміне шығаруды жоспарлап отыр. Болашақта Орталық Азия нарығын бағындырмақ ойлары бар.

– Елімізде ауыл шаруашы­лығы өнімдерінен басқа салаларда маркетплейс жүйесі көп екенін, ең қажетті осы бағытта аз екенін ұқтық. Дастарқандағы өнімнің барлығын дерлік отан­дастарымыз өздері өсіреді. Бұл өнім қандай жолдан өтеді деген ой бәрімізге де келген шығар. Фермер егін өсіреді, содан кейін сатушыға белгілі бір бағада сатады, ол шикізатты өңдеу кәсіпорнына қайта сатады, ал олар дайын өнімді сауда орындарына жеткізеді. Осының бәрін жүйелеу, бақылау көп уақыт пен күшті талап етеді. Бағаның шектен тыс өсу қаупі де бар. Дамыған мемлекеттегі секілді неге цифр­ландырмаймыз деген ой келді, – дейді Жұмажан.

Жұмажан бұл ойын неміс ­досы Джанни Самверге айтып,­ ақыл­­дасқан. Ол да – мектеп­ оқу­­­шысы. Дегенмен оның «Global Founders Capital-да»­ тағы­лым­да­мадан өткен, «Amazon Web Services-те» AI ма­­ма­ны ретінде тәжірибесі бар. Ал Жұмажан­ның «Alasko-да» тағы­лым­да­мадан өткенде жина­ған қар­жысы біршама еді. Соны салып, фермерлік өнім­дердің мар­­кет­плейсін іске қосамын деген ниеті де болған.

«ASTYK-Market» маркет­плейсі делдалдарды сату тіз­бе­гі­нен шы­ғарып тастап, бағаны төмендетеді. Фер­мерлер өз өнімдерін тікелей сатқанда, барлық үдеріс ашық жүреді. Мысалы, сатып алушылар өз­деріне оңтайлы бағаны таңдап, қолайлы шарттармен астық немесе жем сатып ала алады. Ірі астық өңдеу және ұн өндіру компания­сы бұрын фермаларды аралап, серіктес іздеп, олармен мәміле жасасуға мәжбүр болса, енді олар уақыт пен ақшасын үнемдеп, шикізатты платформадан тікелей алады.

– Бізде 100 мың долларға тауар сатып алуға дайын 7 клиент бар. Олар – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және азық-түлік өнімдерін өндіретін ірі кәсіпорындар. Келешекте Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан компанияларды тартпақпыз. Ал ақшаны комис­сия­­­лардан табамыз. Әр мәміле­ден 5 пайыз аламыз. Ең жоғары комиссия – бар болғаны 50 доллар. Әлемде ауылшаруашылық өнімдерін сатуға арналған базар­лар табысты жұмыс істейді. Мысалы, Португалияда құрылған – «Agri Marketplace». Соны үлгі етеміз, – деді Ж. Балапанов.

Фермерлерге өңдеуші компаниялармен тікелей байланысу қиын. Олар Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің өңір­лік бөлімдеріне, әлеуметтік желі­лерге, сондай-ақ Қазақстанда, Ресейде, Өзбекстанда өткізілетін тоқсан сайынғы форумдарда сұрау салады. Бірақ көбіне делдалдар арқылы сатады. Жасампаз жастар нарықтағы хаосты жо­йып, қалыпты өзгерткісі келеді. Құба-құп!