Еңбек • 10 Сәуір, 2024

Сүзгіден табыс «сүзген» Трамп

76 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Трамп Айдарханұлы – отандық нарықта су сүзгісін өндіретін зауыт ашқан тұңғыш кәсіпкер. Алғашқы өнімдерін шығара бастаған 2015 жылдан бері кәсіпорын қуаттылығы артып, мүмкіндіктері әртараптандырылды. Биылдан бастап су сүзгісін дайындаудың үшінші кезеңін іске қосты. Бұл кезеңдегі технологияның мүмкіндігі шалшық судың өзін таза суға айналдыруға мүмкіндік береді. Ерекше кәсіп иесімен кездесіп, кәсіп жолындағы көлденең кедергілерді қалай еңсергені, ішкі нарықтағы бәсекелестік және зауыт келешегі туралы сұрадық. Бизнеске аяқ басқан азаматтарға айтар ақыл-кеңес те тысқары қалған жоқ.

Сүзгіден табыс «сүзген» Трамп

Бәсекеде бәсі биік болды

«Trump factory» компаниясының директоры бізбен әңгімесінде жеке бизнес­пен айналысатын адамдарды екі топ­қа бөлетінін айтып берді: алғашқысы – сприн­терлер болса, екіншісі – марафоншылар. Алғашқылары істі ерекше екпінмен бас­та­ғанымен, соңына дейін жеткізе алмайды. Соңғысы қандай қиындыққа да төтеп беріп, қажыр-қай­ра­тының арқасында жетіс­тікке жетеді. Ол кәсіпкер бірінші кезекте марафоншы болу керек деген мақсат үдесінен шығып келе жатыр.

Әуелде Трамп Алматыда вендинг аппаратын орнатумен айналысады. Бірер жыл­­дан кейін су сүзгілерінің бағасы күрт қым­баттайды. Ол Еуразиялық эконо­ми­калық одақ (ЕАЭО) шартына енді қол қо­йылған кез еді. Ішкі нарықта сырын ал­дырмаған бұл кәсіптің тізгіні ресей­лік­­тердің қолында болатын. Қазақстан на­рығына фильтр жеткізуді ресейлік компаниялар жүзеге асырды. Бағаны да өздері белгілейді. Бәсеке болатын ешкім жоқ.

«Су сүзгісін өзімізде дайындау ­туралы идея да тап сол жылдары пайда болды. «Біздің бағымыз – бизнестің беталысын дұрыс аңғарып қалғанымызда болса керек. Одан бөлек, сол жылдары Үкіметтің шағын және орта бизнес­ке деген ықыласы алабөтен болатын, тіпті мемлекеттік идео­­логия да бизнеспен айналысуға ба­ғыт­­талды. Сол кезде Қытайдағы баға қым­­баттаған соң ресейлік компаниялар сүзгі құнын көтеруге шешім қабылдады. Сөйтіп, 500 теңгелік су сүзгісі бірер айдың ішінде 1500 теңгеге қымбаттап кетті. Осыдан кейін су сүзгісін неге өзіміз шығармасқа деген ой келді. Қытайда нақ осы фильтрді шығаратын зауыттың құны 30 мың доллар екен. Теңгеге шаққанда – 12 млн теңге», дейді Т.Айдарханұлы.

пр

Кәсіпкер барлық тәуекелді есептеп, өтініш береді, көп өтпей-ақ сүзгі шы­ға­ратын зауыт салу жобасы мақұл­данады. Субсидия ай сайынғы несие төлемінің 10 пайызына дейін жауып тұрды. Несиенің жалпы сомасы 12 миллион теңге болса, зауыт құны 18 миллион теңгеге бағаланды. Қазір бұл зауыттың өнімін елдегі жылу-энергетикалық кешендері, су тұщыту кешендері, су тазарту саласында қызмет көрсететін кәсіпорындар тұтынып отыр. Ал су тазарту қызметтерін ұсынатын, су тазарту жабдықтарымен айналысатын және техникалық қызмет көрсететін компания­лар және мамандандырылған дүкендер көтерме бағада сатып алады.

Осылайша, Трамп Айдарханұлы «Биз­­нес­­тің жол картасы – 2020» бағдар­ла­ма­сына қаты­сушы атанып, су сүзгі­ле­рінің алғашқы өндірісін іске қосты.

«Бұған дейін тек ресейлік жеткі­зу­ші­лерден сатып алып келген компаниялар мен жеке азаматтар енді бізбен келісімшарт жасай бастады. Қазір отандық жылу электр стансалары біздің сүзгілерді пайдаланады деп сеніммен айта аламыз. Өзбекстанда биылғы жылға келісімшартымыз бар. Ол елде әлі біздегідей зауыт жоқ. «Trump factory» компаниясы – қазір Қазақ­стан­да механикалық тазалауға арналған көбікті полипропилен картридждерін серия­лық түрде шығаруға арналған жоғары техно­ло­гиялық жабдығы бар жалғыз компания. Кар­тридждерімізде CT KZ сертификаты бар», дейді кәсіпкер.

 

Мемлекеттік қолдауға риза

«Даму» қоры да кәсіпкерге заң және есеп мәселелерін шешуге­ кө­мектесті. «Іскерлік байланыс» бағы­ты аясында кәсіпкерге өндірісті жаң­ғыр­ту және шетелдік мамандарды ша­қы­ру ұсынылды. Таңдау қытайлық репе­ти­торларға түскен.

«Зауыт электр энергиясын көп тұты­нады. Алматыда қажетті электр қуатын бере­тін үй-жай таба алмаған кезде «Даму» қо­рына жүгіндік. Бізді әкімдікке жіберіп, де­реу тоқтап тұрған нысандардың тізімін ұсын­ды. Нәтижесінде, қала әкімдігі бос жат­қан өнеркәсіптік аймақтан 100 шаршы метр жер берді. Дереу электр жарығын жүр­гізіп, екі аптаның ішінде өндірісті толық­тай іске қостық. Павлодар мұнай өңдеу зауытынан пластик алатын болып келісіп, жұмысты бастап кеттік. Алғашқы кезде зауыттың маржасы – 5-10 пайыз, ал фильтр бағасы 100 теңге болды. Бұл осы­ғ­ан дейін ішкі нарықты билеп келген ресейлік компания өнімінен бірнеше есе арзан еді. Кейінірек ресейлік компа­ния өкілдері хабарласып, біз қойған баға­ның арзан екенін айтып, бағаны өзде­рі­мен теңестіруді сұрады. Мен тауарды өз елімізде шығарып жатқанымды, бұл менің нарығым екенін, қандай баға қой­сам да, өзіміз шешетінімізді айттым. Олар­­­дың «бағаны көтер, өйткені біздің са­­ты­­лым төмендеп жатыр» деген уәжіне құ­­лақ аспадық. Тәуекелге бел будық. КИМЭП-тегі «Дағдарыс кезінде компания­ны­ басқару» курсынан алған тәліміміз тек­­ке кетпеді. Екі жылдың ішінде зауыт пай­­даға шығып үлгерді», дейді Т.Айдар­ханұлы.

оооо

Алғашқы уақытта төрт адамнан ­тұ­ра­­тын шағын топ екі ауысыммен күн сайын­ 1500, бір айда 25-30 мың фильтр шығарды. Алғашқы 5 жылда демалыс дегеннің не екенін де ұмытты. 2020 жылы қаңтарда «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы хабарласып, «Alibaba» платформасы арқылы тауар экспорттауға келісім беруді, ол үшін екі айлық курстан өту қажеттігін айтады. Курстан өткеннен кейін «Alibaba» арқылы Өзбекстанға экспорттауға ұсыныс түсті. Іле-шала Македониядан тапсырыс келді.

«Еуропалықтар тауардың эколо­гия­лық тазалығына баса мән береді. Мате­риалдың құрамы қандай екені, пайдалану мерзімі біткен кезде сұрыптауға, қайта өңдеуге жіберетіндіктен пакеттің қанша жылда шіритіні де ілеспе құжаттарда нақтыланып жазылуға тиіс екен. Ұсыныс түскен бойда алғашқы 200 дана фильтрді Маке­донияға экспорттадық. Осы талап­қа лайықтап дайындағандықтан, тауарымыз бірден өтті. Алғашқы кезде экспорттық шығынды өзім төлеп жүрдім. Кейін «KazakhExport» компаниясы шығынның 80 пайызын жауып беретінін, шығынды өтеу тауардың қаншалықты отандық еке­ніне байланысты екенін білдім. Ал біздің өнімнің шикізаты да, пакеті де, қағазы да өзімізден. Сондық­тан «KazakhExport» компаниясынан 80 пайыз­дық көлемде өтемақы аламыз. Біз тек көтерме саудаға ғана ден қойдық. Ішкі нарықта Астана, Қарағанды, Қоста­най, Көкшетау, Ақтау, Шымкент қала­ла­рынан сұраныс көп түседі. Осыған дейін клиенттеріміздің басым көбіне тауар ұсынып келген ресейлік компания жа­қында ішкі нарықтан біржола кетті. Соңғы бірер айда Африкадан да тапсырыс түсті. Бірақ оларға аз көлемде тауар жеткізу тиімсіз. Егер сырттан келетін импорттық тауар­ларға баж салығын көтер­се, ішкі нарық­тың қажетін өтеп, экспортқа жол ашылар еді. Рас, бізбен бәсекелес шетел­дік компаниялар бар. Бірақ біздің артық­шы­лы­ғы­мыз – Орталық Азияның кез келген қаласына өнімді арзан бағамен жібере ала­мыз. Әзірге Орталық Азия елдері нары­ғында орнығуды жос­парлап отырмыз», дейді кейіпкеріміз.

 

Бренд даңқымен тауар өтеді

Трамптың айтуынша, тауардың тағдырын брендке байлап қойған заманға тап болып отырмыз. Сапасы, тіпті құрылымы бір болса да, клиент құны бірнеше есе қымбат тауарға басымдық береді. Бұл үрдісті ешкім тоқтата алмайды. Нарықта «тауардың сапасы оның бағасына тәуелді» деген пікір бар. Бағасы төмен тауардың артынан «арзанның сорпасы татымас» деген сөз ілесіп жүреді. Әзірге Трамп Айдарханұлы бастаған шағын ұжымның шығарған өнімдері импорттық тауарлардан сапа жағынан оқ бойы озып, бағасы қолжетімді болып тұр.

лддд

«Тұтынушының талғамы қырық құбы­ла­ды. Сапасы да, бағасы да көңілден шы­ғып тұрса да, «неге арзан» деген күдік­тен ат­тап өте алмай, қымбат тауар­ларға ба­сым­­дық береді. Қазақ бизнесі бағасы қалта көте­­ретін, сапасы импорттық тауардан көш ілгері тұратын сапалы тауарларды шы­ғара алады деген түсінік нарықтың тө­ріне шығуы керек. Сол кезде ғана ұлттық эко­но­миканы қалыптастыра аламыз», дейді ол.

«Trump factory» шығаратын кез келген су сүзгісінің пайдалану мерзімі – 3 немесе 6 ай. Зауыттарда қолданса 30 күн­­ге жарайды. Құрылғының суды тазалап отыру мүмкіндігі біткен кезде оны ауыс­тырып тұру қажет. Айтуынша, суды алдымен құм мен топырақтан тазалап, хлор мөлшерін азайтады. Содан кейін активтендірілген көмірдің көмегімен иісін және түсін жақсартып болған соң ғана судың молекуласына кезек келеді.

Трамп Айдарханұлы бастаған шағын ұжым 2020 жылдан бері активтендірілген көмір шығаратын зауытты іске қосты. Қазір зауыт үш ауысыммен жұмыс істеп тұр. Алғашында тәулігіне 1500 фильтр шығарса, модернизациядан кейін 4500 фильтр шығаруға мүмкіндік туды.

«Енді нарықтағы үлес те артады. Ак­тив­тендірілген көмірді өзіміздің «Шұбар­көл­көмірде» ғана өндіреді. Қазір айына 1 тонна көмір алып, өндіріске пайдалана бастадық. Сол себепті өзіміз үйретіп, жаңа білікті кадрларды даярлап жатырмыз», дейді Трамп Айдарханұлы.

Осы ретте мемлекеттің шағын және орта бизнеске қатысты көзқарасын жүйе­леу, дамыған елдердің тәжірибесін қа­пер­ге алу қажеттігін де айтып өтті.

«Қытай, Ресей алдымен өз бизнесінің, өз нарығының мүддесіне басымдық береді, сырттан келетін тауардың баж салы­ғын көтереді. Қазір біз шығарып отыр­ған су сүзгілеріне ұқсас тауарлар Ресей­ден, Қытайдан келеді. Үкімет өзімізде өнді­рі­ле­тін тауарлардың ана­логіне баж салығын енгізу арқылы отан­дық өнімге қолдау біл­ді­рсе, бизнестің екінші тынысы ашылар еді», дейді.

Кәсіпкердің айтуынша, Үкімет отан­дық­ өнім өндірушілерге көңіл бөліп отыр. Бірақ мәселені тұтынушының талғамы шешеді.

 

Табыс формуласы

Трамптың пайымынша, қол жеткен табыспен шектеліп қалу – кәсібіңді өз қолыңмен тұншықтырумен бірдей.

«Біздің негізгі бизнесіміз 2016 жылы, ЕАЭО шарттарына қол қойған соң бас­талды. 8 жылғы мылтықсыз майдандағы бәсеке босаңсуға мүмкіндік берген жоқ. Түсімнің кіріс бөлігі бизнесті еселеу­ге бағытталды. Ми күндіз-түні сартылдап жұмыс істеп, тауардың дизай­ны, болашақтағы жобасы қиялда қатталып қал­ды. Бар мақсат клиенттің талға­мына сай келуге жұмылдырылды. Тіпті шетелге саяхат жасаған кезде де сол елдің тәжірибесін зерттеуге ұмтылдық. Нәтижесінде, су сүзгісін шығаратын 1 зауыт 3 зауытқа айналып, өндірістік қуат артты. Шығарылған тауар түрінің саны 3-ке жетті. Енді төртінші зауытты іске қоссақ, нарықтағы үлес те артады», дейді.

Алдағы арманы – кәдімгі көмірдің мүмкіндігімен тек суды ғана емес, ауаны да тазарту.

 

АЛМАТЫ