Суретті түсірген – автор
Кезекті рейдке облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен табиғатты қорғау полициясының мамандары шыққан. Қырағы көздер қыбыр еткен қимылды қалт жібермек емес. Өткен айда төрт әуе рейді жасалып, 9 дана майқарағайды заңсыз кескені анықталған. Жыл басынан бері табиғатқа зиян тигізген 200 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, 2 қылмыстық іс қозғалыпты. Аз көрсеткіш емес.
Қатпар-қатпар тау-тасты аралай ұшып шықтық та, Батыс Алтайдың қойнауынан бастау алатын Үбі өзенін бойлай жөнелдік. Мөп-мөлдір өзеннің қапталы қалың қарағай, қайың... Бір уақытта тікұшақ шұғыл айналды-дағы, өзен жағасындағы шағыл тасты алаңқайға қона кетті. Жағада балықтан балықшы көп. Қаздай тізіліп, қармақ лақтырып тұр. Өкініштісі, балықшылар жайғасқан тұс қоқысқа толы. Инспекторлар ескерту жасап, табиғатты таза ұстау керектігін естеріне салды. Түсінген адам қоқыс тастамаса керек.
Қалта телефондағы картаға қарап отырмыз, Үбі бастау алып жатқан жаққа қарай ұштық. Аң жортқан көр қуыс. Адам аяғы баспаған жер осы шығар дей бергенімде, сыңар соқпақпен ауыр жүк көлігі жүйткіп барады екен. Әккі ұшқыштар кесе-көлденең жолға қона кетті. Инспекторлар ытқып-ытқып шықты-дағы тоқтаған көлікке жүгіре жөнелді. Тексеру кезінде екі қап жаңа ауланған балық шықты. Оның үстіне қармақпен емес, рұқсат етілмеген шанышқы темірмен аулаған. Мұндайда заң қатал. Табиғат жанашырлары заңға сәйкес Әкімшілік кодекстің 383-бабы, 3-бөлігі бойынша хаттама толтырып, сотқа жолдады.
Айтқандай, әуеден жасалатын рейд жұмыстары әлі жалғасады. Сондықтан табиғатта тәртіп бұзып, сан соғып қалмаңыздар!
Шығыс Қазақстан облысы,
Риддер қаласы