
Фото: Ашық дереккөз
Депутат Ардақ Назаров шаңырағы шайқалғалы тұрған ерлі-зайыптыларға татуластыру кеңсесіне баруды міндеттеуді, ажырасқан жағдайда баж салығын енгізуді, қоғамдық дерттің алдын алу үшін «Жас отбасы» ұлттық бағдарламасын қолға алуды ұсынған еді. Депутаттың айтуынша бұл бастама отбасы институтын нығайтуға септігін тигізеді.
Алайда сауалнамаға қатысқан елорда тұрғындары адамдардың еріккеннен ажыраспайтынын, отбасын сақтап қалудың басқа амалы қалмағандықтан екі жаққа кетуге мәжбүр болатынын алға тартты. Олардың ойынша онсыз да жан күйзелісінен жапа шеккен ерлі-зайыптыларға мұндай сәтте мемлекеттің салық арқылы қысым жасауы әділетсіздіктің көрінісі болады.
«Көпшілікке талқылау оңай көрінетін ажырасудың артында қаншама көз жасы, күрес, таусылған үміт тұрады. Мұндай жағдайға жеткен отбасыға қысым емес қолдау керек. Мемлекет татуласуға мүмкіндік бергісі келсе, алдымен жастарға көмек көрсетсін», дейді қала тұрғыны.
Енді бірі «Ажырасу – жеке адамның құқығы. Әркім өзінің отбасылық өміріне өзі жауапты. Мемлекет ол шешімге араласып, үстінен салық салу арқылы тәрбие жүргіземін десе – қателеседі», дейді.
Кейбір тұрғындар депутаттың ниеті дұрыс болғанымен, тәсілі дұрыс емес екенін жеткізді. Қоғамда әлі де материалдық қиындықтармен, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен бетпе-бет келіп отырған жұптар көп. Оларға салықпен емес, заңмен қорған болу маңыздырақ екенін айтады.
«Бір отбасылар мінезі жараспағандықтан, әйелдер күйеуінен қысым көргендіктен ажырасады. Мұндай жағдайлардан кейін оларға салық салу қате деп ойлаймын», дейді тағы бір тұрғын.
Жалпы, сауалнама барысында тұрғындар салық салу арқылы отбасын сақтап қалу мүмкін емес деген пікірлерін ашық айтты.
«Ажырасу себептері әртүрлі болатынын ескеру керек. Салық екі тарапқа да салынса, онсызда бала-шағасын асырау міндетін арқалап қалатын әйел адам үшін бұл қосымша салмақ болады. Оның үстіне елімізде алимент төлемей қашып жүрген ер азаматтардың да бар екенін ұмытпайық. Сондықтан бұл ұсыныс мәселені шешудің жолы емес», деген пікір білдірген тұрғындар да болды.
Бұл ретте белгілі публицист Ғазиз Әбішев бұл бастаманы «махаббатқа мәжбүрлеу» мәдениетінің жалғасы деп бағалайды. Оның айтуынша, «жұртты сүйгізу», «отбасын күштеп сақтап қалу» отбасылық құндылықты құрметтеу емес, керісінше, адамның еркін таңдауына қысым жасау. Сондай-ақ, ол мұндай заңдардың жастарды некеден қорқытып, керісінше, отбасын құрмауға итермелеуі мүмкін екенін ескертеді.
«Егер адамдар бірге тұрғысы келмесе – олар бұған құқылы. Егер екі адам ажырасса – бұл басқа азаматтардың, басқа отбасылардың не мемлекеттің құқықтарына қалай зиян келтіреді? Неліктен олар көбірек төлеуі тиіс? Жастар не үшін үйленем, егер ажырасып кетсем – арты маған қосымша салық болмақ деген ой түюі мүмкін. Бұл отбасы институтына соққы емес пе?», дейді Ғазиз Әбішев.
Жалпы, сауалнамаға қатысқан респонденттер толықтай депутат көтерген бастамаға қарсы екендерін білдірді. Тұрғындардың пікірінше, ажырасқандарға салық салу мәселені шешпейді. «Ажырасу – жеке адамның тағдыры ғана емес, қоғамдағы рухани күйдің айнасы. Бұл жерде мыңдаған баланың болашағы бар. Сондықтан бұл мәселеге мұқият қарау керек», дейді олар.
Айта кетейік, ресми деректер бойынша елімізде 2023 жылы 120,8 мың неке тіркелсе оның 40,2 мыңы ажырасумен аяқталған. Сондай-ақ, 400 мың әйел мен 60 мың ер азамат жалғызбасты ата-ана ретінде тіркелген.