Пікір • 24 Желтоқсан, 2024

Заң шығару үдерісін жетілдіру – демократияны нығайтатын қадам

94 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алған сәттен бастап еліміздің саяси жүйесінде ауқымды өзгерістер орын алды. Солардың ішінде маңызды бағыттардың бірі – парламентаризмді дамыту және заң шығару үдерісін жетілдіру. Парламенттің қалыптасуы мен эволюциясы мемлекеттің саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғыруының негізгі көрсеткіштерінің бірі ретінде қарастырылады.

Заң шығару үдерісін жетілдіру – демократияны нығайтатын қадам

Биыл қандай заңдар қабылданды?

Осы жылы екінші сессияның заңна­малық күн тәртібі өте мазмұнды болды. Палаталардың бес бірлескен отырысы, Мәжілістің 39 пленарлық отырысы және Сенаттың 43 пленарлық отырысы өткізілді. Қазіргі сессия барысында екі палатаның қарауында 179 заң жобасы болды, оның 102-сі қабылданды.

Қабылданған заңдардың ішінде жылу энергетикасы, мемлекеттік сатып алулар, бұқаралық ақпарат құралдары, адам саудасына қарсы іс-қимыл, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, құмар ойындарға тәуелділікпен күрес және басқа да мәселелерге қатысты заңдар бар.

Атап айтқанда, депутаттар букмекер­лік кеңселер мен казиноларға қойыла­тын талаптарды қатаңдатып, онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қыл­мыстық жауапкершілік енгізді, сондай-ақ қа­рызг­ерлер мен алимент төлеуден жалтар­ғандарға құмар ойын ойнауға тыйым салды. Мәжіліс төрағасының айтуынша, осылайша қоғамның әлеуметтік саулығын жақсарту бағытында маңызды қадам жасалды.

Сонымен қатар Парламент мүшелері елдің басты қаржылық құжаты – респуб­лика­лық бюджетті қабылдады. Зиян­ды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдар­дың әлеуметтік қорғау мәселесін шешуге қол жеткізілді. Бұған қоса Парламент 46 ха­лық­аралық келісім мен шартты ратификациялады.

Жаңа конституциялық норма арқасында республикалық бюджеттің орындалу сапасына парламенттік бақылау айтарлықтай күшейгенін атап өтті. Депутаттар Жоғары аудиторлық палатаның төрағасының есебін жылына екі рет тыңдайды. Осы кезең­де Мәжілісте және Сенатта үш парла­менттік тыңдау және 10 Үкімет сағаты өткізілді. Спикер бұл кездесулер заң шы­ғару үдерісінде қоғамның қатысуының тиімді механизміне айналғанын атап өтті.

 

Парламенттің қалыптасу кезеңдері

Алғашқы қадамдар (1990–1995 жылдар). 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін елде заң шығару жүйесі жаңадан құрыла бастады. Бұл кезеңде бұрынғы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі өз қызметін жалғастырғанымен, оның жұмысы әлі де кеңестік жүйе­нің ереже­лері мен саясатына тәуелді болды. Халық­аралық стандарттарға сай келмей­тін сайлау жүйесі мен шектеулі бәсекелес­тік бұл органның легитимділігін төмендетті.

Қос палаталы Парламентке өту (1995 жыл). 1995 жылы жаңа Конституция қабылданып, Қазақстанда қос палаталы Парламент – Сенат пен Мәжіліс құрылды. Бұл құрылым елдің барлық аймағының мүддесін ескеруге мүмкіндік беріп, заң шығару жүйесін тұрақты түрде дамытуға негіз қалады. Алайда сол кезеңде Парламенттің өкілеттігі атқарушы биліктің қатаң бақылауында болды, бұл оның дербестігін шектеді.

Саяси монополиядан – плюрализмге (2007 жылдан кейін). 2007 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерден кейін партиялық тізімдер бойынша сайлау жүйесі енгізілді. Бұл қадам Парламенттің кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етті. Алайда алғашқы кезеңдерде бұл жүйе сая­си монополияның күшеюіне әкелді: «Нұр Отан» партиясы Мәжілістегі барлық орынға ие болды. Кейінгі жылдары қабылданған реформалар көппартиялылыққа жол ашып, Парламентте оппозициялық партиялардың да даусы естіле бастады.

Президенттік басқару жүйесін күшейту және реформалар (2022 жыл). Ке­йін­гі жылдары елімізде саяси жү­йені ре­фор­малау жалғасып жатыр. 2022 жыл­ғы конституциялық реформалар Пар­ла­менттің өкілеттігін кеңейтіп, заң шыға­ру үдерісін ашық әрі тиімді етуге бағыт­талды. Президенттің кейбір өкілет­тіктерін Парла­мент­ке беру және партиялық өкілдікті арттыру – реформалардың басты жетістігі.

Халықтың талап-тілектері мен сұраны­сының да сипаты өзгеріп жатыр. Президент еліміздің саяси жаңғыруын, билік тар­мақ­тары арасындағы өзара қарым-қаты­настардың оңтайлы балансын, сонымен қатар мемлекет пен қоғамның тиімді диалогін қалыптастыруды көздейтін сая­си реформалар бағдарламасын ұсын­ды. 
Конституциялық реформаның негізгі бағыты ретінде биліктің барлық тармағы арасындағы өкілеттіктер мен құзырет­тердің барынша оңтайлы тепе-теңдігін қалыптастыруды айтуымызға болады.

Қазақстанның конституциялық құры­лымын жүйелі трансформациялаудың маңызы өте зор. Бұл жерде оның жауап­кершілігінің де салмағын есте ұстауы­мыз қажет. Конституцияға енгізілген өзгеріс­терді Әділетті Қазақстан ұстаны­мының бастамасы деуге толық негіз бар. Ықпалды Парламенттің, халық сайлаған мәслихат­тардың, адамдарға есеп беретін Үкіметтің жұмыс істеуі үшін тиімді тетіктер іске қосылды. Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекітуі – саяси плюрализм мен бәсекелі демо­кратиялық ортаны дамыту үшін қажетті жағдайлар қалыптастыратыны да күмәнсіз.

 

Заң шығару үдерісінің қазіргі трендтері

Цифрлық технологияларды енгізу. Пар­ламент жыл сайын орта есеппен 100-ге жуық заң қабылдайды. Үкімет пен ми­нистр­ліктер кейінгі он жылдың өзінде 30 мың­нан аса нормативтік-құқықтық акт қа­был­дады. Бұл – ауқымды деректер жиынтығы деген сөз. Нормативтік-құқық­тық актілерді жаңа технологиялардың мүм­­кіндіктерін пайдалана отырып талдау қа­был­данатын заңнамалық шешімдердің са­па­сын айтарлықтай арттыратыны анық. Біз­де заңдарды әзірлеу мен келісудің жекеле­ген кезеңдері әлі де қағаз жүзінде жүргізіледі, яғни үдерістердің бір бөлігі цифр­лан­дырылмаған. Сондықтан заң шыға­ру қыз­метінде жасанды интеллектіні, жалпы цифр­лық технологияларды пайдалану мүм­кіндіктерін талдаудың маңызы зор.

2021 жылы ұлттық жасанды интеллект платформасының жұмыс істеуіне байланысты заңнамалық деңгейде базалық нормалар енгізілген. Мемлекет басшысы заң шығару қызметін цифрландыруды тапсырғаны белгілі. Осыған байланысты Парламент палаталарында тиісті жұмыс­тар жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде нақ­ты нәтижелер бар. Цифрлық стратегия­ның жобасы әзірленді. «Е-Парламент» жобасы да іске асырылып жатыр.

Парламент жұмысында цифрлық шешімдердің қолданылуы оның ашық­тығын арттырып, азаматтардың заң жобаларын талқылауға қатысуына мүмкіндік береді.

Халықаралық стандарттарға бейім­делу. Қазақстан заңнамасы халықаралық тәжірибеге сай жетілдіріліп жатыр. Бұл – елдің жаһандық аренада құқықтық беделін нығайтуға бағытталған қадам.

Көппартиялылықты дамыту. Парла­ментте әртүрлі саяси күштердің өкілдігі демократиялық принциптерді нығайтуға және әртүрлі көзқарастарды ескеруге мүмкіндік береді.

Парламенттің дербестігі. Кейінгі реформалар заң шығару билігінің атқарушы биліктен тәуелсіз болуына бағытталған. Бұл Парламентке заңдарды өз бетінше әзірлеу және бақылау функцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Парламенттің дамуы оның саяси жүйесінің өзгерістерге бейімділігін көр­сетеді. Алдағы жылдары Парламент дербес­­тігін нығайту, заң жобаларын талқы­лауға қоғамды кеңінен тарту және саяси бәсекелестікті арттыру маңызды болып қала береді. Халықтың құқықтық мәде­ниетін дамыту және заң шығару үдерісін жетілдіру елдегі демократияны нығайту жолындағы негізгі міндеттердің бірі.

Қазақстанның тәуелсіздік жыл­дарын­дағы Парламентінің дамуы – елдің демократиялық құндылықтарға ұмты­лысының айқын көрінісі. Қабылданған реформалар мен жаңа бастамалар елдің саяси жүйесін нығайтып, қоғам мен билік арасындағы диалогті жақсартуға негіз қалады. Парламент қызметінің ашықтығы мен тиімділігі артып, еліміздің саяси тұрақтылығының кепіліне айналып отыр.

 

Шырынбек ОҢҒАРОВ,

ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының сарапшысы