Экономика • Бүгін, 08:40

Тәжірибе табысқа жеткізеді

10 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ел экономикасының негізгі буыны саналатын ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуы – қашан да басты назарда. Соның қатарында халық көп тұты­натын азық-түлік өнім­дерінің қауіпсіздігі аталған сектордың өркендеуіне тікелей байланысты.

Тәжірибе табысқа жеткізеді

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында осы саланың дамуына мән беретінін, былтыр шаруалар елімізде мол астық алып, кейінгі он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізгенін, биыл да күзгі жиын-терін берекелі болғанын айтты.

«Биылғы 10 айда экономикамыз 6,4 пайызға өсті. Соның қатарында ауыл шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Жыл басынан бері саладағы негізгі капиталға салынған инвестиция 20 пайыздан астам өсіп, 790 млрд теңгеге жетті. Ал еңбек өнімділігі үш жылда 37,3 пайызға артты. Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингі бойынша (Global Food Security Index) 32-орында тұр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ бұл мәз болып, қол қусырып отыруға болады деген сөз емес. Себебі ашығын айтуымыз керек, біз ауыл шаруашылығының орасан зор әлеуетін әлі де толық қолданбай отырмыз. Еліміз жайылымдық жер аумағы бойынша әлемде 6-орын алады. Ал егіс алқабы бойынша 8-орында тұр. Демек қолымызда қажетті ресурс бар, тек соны тиімді пайдалануымыз қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Расында да, елдің барлық өңірінде кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы саласын дамытуға барынша назар аударылып келеді. Бұл бағытта нақты жоспарлар да бар. Енді бізге керегі – сапалы жұмыс пен нақты нәтиже көрсету.

Бұл орайда Ақтөбе облысында да қарқынды істер атқарылып жатыр. Мәселен, биылдың өзінде ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 15 млрд теңге қаражат бөлінді. Көрсетілген мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласында оң динамика сақталып отыр. Бұл жөнінде облыс әкімі Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Биылғы 10 айда Ақтөбе облысында құны 353 млрд теңгеге жуық өнім өндірілген. Мал шаруашылығы саласында төрт түлік малдың басы орташа есеппен 7 пайызға өсті. Бұған қоса Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін енгізу аясында «АЙС» сүт-тауарлы фермасына 2,5 па­йызбен 7,5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Жалпы жоба аясында сүт өндірісі 20 мың тоннаға ұлғайтылмақ. Нәтижесінде, өңірдің өңделген сүтпен қамтамасыз ету деңгейі 90 пайызға жетеді деп жоспарланып жатыр.

Бұған қоса биыл жалпы құны 13 млрд теңге болатын 11 инвес­ти­ция­лық жоба жүзеге асырылып жатыр. Өңірде ауыл шаруашылығын цифрландыру мен агроинновация бағытын дамыту да басты назарда тұр. Қазірдің өзінде облыстағы бірқатар ірі агрокәсіпорын заманауи технологияларды енгізіп, өндірістің тиімділігін арттырып келеді. Бұл өзге шаруашылықтарға үлгі болады.

Саланы дамыту сөз болғанда, ең алдымен тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Мысалы, өңірімізде сүт кластерін дамытуда Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін басты бағыт етіп алуымыз керек. Қазір елімізде ауыл шаруашылығы саласын кластерлік дамытуда кешен­ді түрде терең талдаулар жасап, за­манауи технологиялық әдістеме­лерін қолданғанда ғана алға басатынымызды уақыт көрсетіп отыр.

Бүгінде Ақтөбе өңірінде қуат­­тылығы 48 мың тонналық «Айс плюс» ЖШС сүт өңдеу зауыты жұмыс істейді. Бұл зауыттың жүкте­мелілігі 23 мың тонна өнімді немесе 48 пайызды құрап отыр, қалған жетіспейтін өнім көрші Қостанай, Қызылорда облыстарынан тасымалданады. Жетіспеушілікті «Молочный пояс» жоспарын құру арқылы толықтыру қажет. Осы жоспарға сәйкес 5 жылда 100-200 сауын сиыры бар сүт-тауарлы фермасын іске қоссақ, Мәртөк, Қарғалы аудандары мен Ақтөбе қаласында 2029 жыл­ға қарай күніне 200 тонна сүт өні­мін өндіруге мүмкіндік бар. Бұл орай­да аталған аудандар мен облыс ор­талығында 100-200 сиырға шақталған сүт-тауарлы фермаларын салу керек.  

Ет кластерін жолға қою да бас­ты бағыттың бірі. Мәселен, 1990 жылы өңірімізде ірі қара саны 371 мың болса, былтырғы санақ бо­йынша олардың саны 605 мың басқа жетті. Ал жылқы саны 77 мыңнан 361 мыңға көбейген. Өкінішке қарай, қазір ұсақ мал саны бірнеше есеге азайған. Мәселен, 90-жылы қой-ешкі саны 2 млн 436 мың болса, 2024 жылғы статитистика бойынша – 400 мың.

Бұған дейін елде жүзеге асырыл­ған «100 нақты қадам» ұлт жоспарында ет кластерін дамытуға айрықша басымдық берілді. Жамбыл облысы 2018–2019 жылдары қозы етін экс­порттауда республика көлемінде бірінші орынға шық­ты. Мемлекет басшысы «Түрлі бағыт­тағы ет кластерлерін дамыту қажет. Қой шаруашылығын, сүт өндіру мен құс өсіруді өркендетуге тиіспіз. Өндіруді екі есе арттырсақ, импорттап отырғанға қосымша 500 млн доллардың өнімін алуға болады», деген болатын ауыл мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөнін­дегі республикалық кеңесте.

Қой шаруашылығын осы бағытта дамыту бізге қажет-ақ. Алдағы бес жылда өңірімізге Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарынан саулық қой әкеліп, санын 2029 жылға қарай 1,5-2 миллион басқа дейін жеткізу керек. Өкінішке қарай, бүгінде мен сайланған Байғанин, Ойыл, Қобда аудандарында қой шаруашылығы аса дамымай келеді. Дегенмен бұл аудандарда ірі қара мен жылқы малын өсіруге ерекше ден қойып отыр. Өзім басшылық ететін шаруашылықта бүгінде 600-дей жылқы бар. Олардың дені – мұғалжар, көшім тұқымдылар.

Алдағы уақытта Байғанин ауданындағы асылтұқымды жылқы санын көбейтуге өз үлесімді қосқым келеді. Жалпы, бұл өлкеде мал шаруашылығы жақсы дамыған. Ауыл халқы мал өсірудің арқасында күн көріп отыр. Болашақта аудан­да сүт, ет бағытындағы шаруа­шы­лық­тар көбейсе, бұл да өңірдің дамуына сеп болары сөзсіз. Қазір ауданда ауыл шаруашылығы саласымен қатар инфрақұрылым да жақсы дамып келеді. Биыл Байғанин ауданындағы «Қожасай-Қаражар-Оймауыт» бағы­тына газ құбыры тартылып жатыр. Ойыл ауданында Амангелді, Құрман, Шиқұдық елді мекендері көгілдір отынмен қамтылса, келер жылы Қобда ауданындағы 8 ауылға газ құбырын жүргізу жоспарланды. 

Бүгінде облыста кадр тап­шы­лы­ғы мәселесін де шешу маңызды. Кейінгі жылдары Ақтөбе облысында малшы, сауыншы, ветеринар табу қиындаған. Бұл әр өңірде де күн тәртібінде тұрған мәселе. Сенімді серігің – малшың мен төрт түлігіңнің саулығына қарайтын мал дәрігерің болмаса, шаруашылық жұмысы жүрмейтіні аян. Бұл мәселе біздің облысымызда да бірнеше жылдан бері көптің назарында. Аталған проблеманы шешуде тиісті министрліктер мал бағатын адамдарға квотаны көбейтсе әрі мал бағуға ниеті барлардың бір облыстан екінші облысқа барып тұрақтануына жағдай жасаса деген ұсынысым бар.

Ауылдағы жұмыссыз жүрген азаматтардың шаруашылықтарға жұмысқа орналасуына, вахталық әдіспен кезек бағып, мал өсіруіне мүмкіндік берілуі керек. Әр ауданның ауыл шаруашылығы бөліміне қосымша штаттар, атап айтсақ, зоотехник, агроном, селекционер-осеменатор мамандарын кіргізуге жағдай жасалуға тиіс. Бұл үшін жас мамандарды даярлау ісін мектептен бастауымыз керек.

Ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауда мектептер мен колледждер өзара байланыс орнатып, болашақ түлектердің сапалы білім алуына жағдай жасалғаны жөн. Бүгінде арнаулы оқу орындарында жастар түрлі мамандық алып жатыр, бірақ сол мамандығымен еңбек етуге аса ниетті емес. Өйткені бұл саланы қиынсынады әрі алатын жалақысы аз екенін жақсы біледі. Сондықтан бүгіннен бастап жастарға ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеудің қаншалықты маңызды әрі тиімді екенін түсіндіруіміз керек.

Ақтөбе облысы – жыл өткен сайын жан-жақты дамып келе жат­қан өндірісті аймақ. Ендігі жерде өңірімізде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға күш салуымыз керек. Жоғарыда айтылған ет, сүт кластерін дамытсақ, бұған қоса болашақта көкөніс кластерін жолға қойсақ, ауыл шаруашылығы мамандарын оқытып, оларды ғылыми зерттеу жұмыс­тары­на жұмылдырсақ, агро­өнер­кәсіптік кешен барынша қанат жаятыны сөзсіз. Бұл бағыттағы жұмыс­тарды тиісті министрліктер мен Ақ­төбе облысы әкімдігі ғана емес, бар­лық шаруалар мен кәсіпкерлер, осы са­ламен тығыз байланысты өзге де сала мамандары бірлесіп атқаруы керек. 

 

Естай СИСЕНБАЕВ,

Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты