Суретті түсірген – Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
«Хан бекіре 11» деп аталатын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне барғанымызда көзімізге алғаш түскені екі бассейнді толтырған бекіре шабағы болды. Бұрын құқық қорғау саласында еңбек етіп, зейнетке шыққалы балық шаруашылығын қолға алған Ғалымжан Нағиев алғашқы тәжірибесін Түркістан облысындағы Төлеби ауданында бастапты.
Өзгелерге қарағанда бекіре өте шікәмшіл балық. Табиғи ортада көбеюі де оңай емес. Уылдырық шашуын оншақты жыл күтетініңіз тағы бар. Суда зиянды қоспа көбейгені де бұл балықтың болашағына қауіп. Сондықтан бекірені жасанды жолмен өсіру әлдеқайда тиімді.
«Бұрынғы Арал бекіресі қазір көзден бұл-бұл ұшқалы да жарты ғасырдан асып барады. Мына бассейндегілер Калуга мен Лена бекірелерінің буданынан шыққан шабақтар. Осыларды жергілікті суға бейімдеп, көбейтуді мақсат етіп отырмын. Біз қазір жерасты ұңғымасынан алынған суды бірнеше сүзгіден өткізіп барып бассейнге құйғанымызбен оның құрамына бәрібір өзен суы әсер етеді. Бұл балықтардың жергілікті суға бейімделуіне сеп болады», дейді кәсіпкер.
Тағы бір ерекшелік – балықтың бұл түрі өте таза болады. Денесі құрт, микроб қабылдамайды. Оларда басқа балықтардағы сияқты тікен болмайды, тек шеміршек бар. Сөйте тұра, балықтардың ішіндегі әлсізі де осы. Шабақтарының салмағы белгілі бір межеден асқасын ғана иммунитеті жоғарылай бастайды.
Осыған дейін дөңмаңдай, сазан, ақ амур өсіріп көрген кәсіпкер қазір сырттан торта, тісті және шортанға сұраныс артып отырғанын айтады. Сондықтан елде балық шаруашылығына бет бұрғандар көп. Әйтседе, бұл салада көрші Өзбекстаннан көп кейін қалып отырмыз. Олар кейінгі жылдары жалпы ауланған, шетелге шығарылған, жан басына шаққандағы көрсеткіш бойынша бізден көш ілгері тұр. Біздің өңірде де бастамасы қолдау тауып, осы іске бел шеше кіріскендер аз емес. Қаланың айналасында, Шиелі ауданында сазан өсіріп отырған азаматтар бар. Қала іргесінен форель өсіретін шаруашылық пайда болды. Жергілікті әкімдік те бар көмегін аяп жатқан жоқ. Осындай қолдаулар нәтижесінде алдағы кооператив нысаны орналасқан көшеге тас төсеу жоспарланып отыр.
«Бекіре өте нәзік, салмақ жиғанша көзден таса етпеуің керек. Осы нысанды салуға аз қаржы жұмсалған жоқ. Әрине, жергілікті әкімдік барынша көмек көрсетіп жатыр. «Amanat» партиясының «Ауыл аманаты» жобасына қатысу үшін құжат та өткізіп қойдым. Несие қолымызға тисе айналымымызды ұлғайтып, электр энергиясы мен суды қайтадан тазалап құю арқылы үнемдеуге мүмкіндік туар еді. Қазір осындағы 6 мыңға жуық шабаққа бассейндер тарлық етіп тұр. Бұл оның өсіміне әсер етеді», дейді кәсіп иесі.
Бұл саланы субсидиялауда түйткіл көп. Қаржылай қолдауды жағдайы бар ірі шаруашылықтардан емес, шағын серіктестіктерден бастаған жөн еді. Тағы бір мәселе – елімізде балық жемін шығаратын өндіріс орны санаулы. Жем сапасы балықтың салмақ қосуымен бағаланады. Бұл жағынан жергілікті жем сырттан келетін өніммен бәсекелесе алмайтынын мойындауымыз керек. Мысалы, әлемге танымал бренд «Аллер Акваның» килосы 1 250 теңгеден басталады. Біздің балықшылар қымбат болса да соны алуға мәжбүр. Шетелден шығатын осындай өнімдерге кедендік төлемді азайтып, бағасы өзіндік құнынан көп көтерілмесе балықшылар үшін үлкен қолдау болар еді.
«Хан бекіре 11» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне де «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Байқоңыр» әлеуметтік корпорациясы, жергілікті әкімдік тарапынан жәрдем жасалып жатыр. Ауыл әкімдігі мен электр желісін тарату мекемелерінің көмегімен біраз мәселе шешімін тапқан. Кәсіпкер алда күн панельдері арқылы электр жарығын алуды жоспарлап отыр. Бекіренің бабын тапқан кәсіпкер аймақта балық шаруашылығының бәсекеге қабілетті салаға айналарына сенеді.
Қызылорда