Экономика • Бүгін, 08:50

Өндірісті өңірдің өрісті кәсіпорны

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Екібастұзда әлемдегі ең ірі ферросилиций зауыты іске қосылды. Аталған жоба – индустрияландыру аясын­дағы кезекті нысан ғана емес, жоғары тех­нологияларға, экс­портқа және өңірлер­дің тұрақты дамуына негізделген еліміз­дің жаңа экономика­лық дәуірінің рәмізіне айналуға тиіс.

Өндірісті өңірдің өрісті кәсіпорны

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев

Кеншілер қаласында ферросилиций өндірісі бойынша әлемдегі ең ірі және ең заманауи кәсіпорындардың бірі – «EkibastuzFerroAlloys» зауыты ашылды. Зауыттың құрылысына 92 млрд теңге инвестиция бағытталған. Жылдық қуаттылығы – 240 мың тонна жоғары сапалы FeSi75 ферросилиций өнімі. Бұл өнім әлемде болат, шойын және алюминий қорытпаларын өндіру үшін жоғары сұранысқа ие. Ал кәсіпорынның іске қосылуы Қазақстанның ферросилиций өндірісі бойынша әлемдік ТОП-2-ге енуіне мүмкін береді. Осылайша, еліміздің жаһандық металлургиядағы жетекші позициясын нығайта түседі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жобалар еліміздің экономикасы үшін өте маңызды екенін атап өткен. «Мемлекетіміздің мықты болуы үшін алдымен өңірлеріміз мықты болуы керек. Қазақстанды да­мыған өнеркәсібі бар мем­лекетке айналдыру біз үшін аса маңызды», деген еді Пре­зидент. Өндіріс орны өңір дамуына қуатты серпін беріп қана қоймай, Екібастұз қала­сының экономикалық өсі­мінің негізгі тетіктерінің біріне айналады. Ал өңірге тартылған инвестициялар мен жаңа серпінді өндірістердің іске қосылуының арқасында Павлодар облысы 2027 жылға қарай республикалық субвенцияларды алудан бас тартып, қаржылық дербестікке қол жеткізуді және алдағы уақытта донор-аймақ мәртебесін алуды жоспарлап отыр.

Жоба 2022–2025 жылдары жүзеге асырылып, құрылыс кезеңінде 1,5 мың адамды жұмыспен қамтыған. Ендігі арада тұрақты өндірісте 800-дей ма­ман еңбек ете алады. Зауыт­тың ашылу салтанатына қа­тыс­қан өңір басшысы Асайын Байханов ауқымды әрі тың жоба ел Президенті айқын­даған негізгі міндеттер – шикі­зат экс­портына тәуелділікті азай­­тып, қайта өңдеу секторын же­дел дамыту және өңір­лік экономиканың жаңа драй­верлерін қалыптастыру бағы­тында жүзеге асырылып отыр­ғанын атап өтті.

– Өткен айда ғана Екібас­тұзда жұмыс істейтін үш фер­ро­қорытпа зауытының біреуін іске қостық. Ал бүгін «EkibastuzFerroAlloys» зауы­тының ашылуына куә болып отырмыз. Бұл – өңірімізде толық­қанды металлургиялық клас­тер қалыптастыруға және облыс­тың индустриялық да­муы­ның жаңа кезеңін бастауға жасалған тағы бір үлкен қадам. Жаңа зауыт Қазақ­станды фер­роқорытпа өндірісі бойынша әлемдік көш­басшылар қатарына шы­ғаруға мүмкіндік береді, деді ол.

о

Жоба акционерлерінің бірі Давид Кемертелидзе: «Зауыт бастапқыдан-ақ жоғары техно­логиялы, экспортқа бағыт­талған кәсіпорын ретінде жо­баланған. Өнім 52 елге экспортталады. Қазақстанның үлес деңгейі – 96%, бұл жоғары деңгейдегі локализацияны және отандық өндірушілерге деген сенімді көрсетеді», деді. Ал акционерлердің айтуынша, кәсіпорын «жасыл металлургия» қағидаттарына негіз­делген және ең озық эколо­гиялық технологияларды қол­данады. Газды тазарту 99,8% дең­гейінде. Барлық шығатын газ көпсатылы сүзгі жүйесінен өтеді, ал жиналған шаң құнды қосалқы өнім – микрокремнезем болып қайта өңделіп, әлемдік нарықтарға экспортталады. Мұндай модель қоршаған ортаға әсерді барынша азайтып, зауытты өз санатындағы ең экологиялық кәсіпорындардың біріне айналдырады. Заманға сай зауыттың басты мақтанышы – әрқайсысының қуаттылығы 94,5 МВА болатын төрт иннова­ция­лық рудотермиялық электр пештері. Бұл – әлемдік тәжіри­беде баламасы жоқ соңғы үлгідегі жабдықтар.

Осылайша, энергетика және көмір өндірісімен танымал Екібастұз шаһары бүгінде энергия, металлургия, машина жасау және цифрлық технологиялар тоғысқан көпсалалы өнеркәсіп орталығына айналып отыр. Жаңа зауыт тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз етіп, инженер кадрларын дамытып, инновациялар енгізеді. Сон­дай-ақ жергілікті мамандар­дың кәсіби біліктілігін арттыра отырып өңірдің индустриялық дамуының тірегіне айналады. Кәсіпорын өңір бюджетіне елеулі үлес қосып, шағын және орта бизнестің, логистика мен сервистік қызметтердің дамуына серпін беруге тиіс.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы