Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Халықаралық валюта қорының болжамынша, 2026 жылы экономикалық өсім 4,5%-ға дейін баяулап, инфляция 11% деңгейінде сақталады. Ортамерзімді перспективада инфляцияны 5%-ға дейін төмендету үшін қатаң шаралар қажет. Қор сарапшылары «жеңілдіктерді қысқарту, мемлекеттік сектордың аясын шектеп, субсидияларды азайту» қажет екенін айтып, мемлекеттің экономикаға араласуын азайтып, жеке секторды дамытуға кеңес берді. Сонымен қатар меншік құқығын қорғау жүйесін реформалау мен жекешелендіруді әділ, ашық жүргізу қажеттігін ескертті.
Мемлекет басшысы да осы мәселеге тоқталып, елімізде мемлекеттік қатысы бар ұйымдар саны 25 мыңға жуықтап қалғанын айтты. Олардың көпшілігі тиімді жұмыс істемейді, міндеттері мен құрылымы нақты жүйеге сай емес. «Коммерциялық емес мақсаттарды атқару үшін коммерциялық тәсілдер қолдану көбейіп, шығындар артып, артық басқару органдары құрылды. Нақты нәтиже ескерілмейді», деді Президент.
Халықаралық тәжірибе мемлекеттің экономикалық белсенділігін шектеуді құптайды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сарапшыларының пікірінше, мемлекеттік кәсіпорындар нарықтың өзгерістеріне бейімсіз келеді, ал жеке сектор, керісінше, икемді – ол тез бейімделіп, инновациялар мен технологияларды белсенді енгізе алады. Әлемдік тәжірибеде мемлекеттің экономикадағы рөлін оңтайландыру көбіне «сары беттер ережесімен» (Yellow Pages Rule) түсіндіріледі. Бұл қағида бойынша мемлекет тек жеке сектор атқара алмайтын қызметтерді ғана өз қолында қалдыруға тиіс. Қазақстанда осы қағидаға негізделген заң 2015 жылғы көктемде қабылданды. Заңға сай, компаниялар өз функцияларын «мемлекеттік» және «коммерциялық» деп бөліп, оларды үнемі қайта қарап, талдап отыруы керек еді.
Келер жылдың соңына дейін елімізде квазимемлекеттік сектордың жаңа субъектілерін құруға мораторий жарияланды. Қазірдің өзінде 922 млрд теңгенің 396 нысаны жекеге беріліп, 69 кәсіпорын таратылды немесе қайта ұйымдастырылды. Мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту жоспары аясында құны 2 трлн теңгеден асатын 500-ге жуық компания жекешелендіріледі, IPO/SPO арқылы сатылады немесе қысқартылады. Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия құрылып, мемлекеттік сектордың қайта ұлғаюына жол бермейтін заңнамалық шектеулер қарастырылуда. Сонымен қатар жекешелендіруге жаңа қағидалар енгізілді: мемлекеттің нарықтағы рөлінің уақытша сипаты, жеке инвестициялардың басымдығы және жеке монополияларға жол бермеу. Бұрын кәсіпкерлікке мемлекеттің араласуын кеңейтетін Кәсіпкерлік кодекстің 192-бабының 5-тармақшасы да алынып тасталды.
Halyk Finance басқарма төрағасы Мұрат Темірхановтың айтуынша, «мемлекеттік капитализм» моделі мұнайдан түскен кірістердің Ұлттық қорға жиналуы арқылы ғана іске асып отыр.
«Экономикадағы мемлекеттің басты тетігі Ұлттық қор макроэкономикалық ортаны нашарлатты. Ал жеке сектор икемді, өзгерістерге жылдам бейімделіп, инновация мен инвестицияны белсенді тартады. Сондықтан Үкімет мемлекетті негізгі ойыншы ретінде емес, ақылды реттеуші және стратегиялық инвестор ретіндегі модельге көшуі керек», дейді ол.
Сарапшылар қазіргі жағдай болжамға сай келмейтінін айтады. Ұзақ мерзімде экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесі қысқарып жатыр. 2000 жылы жеке сектор инвестициясы мемлекеттік капиталдың 25%-ы болса, 2023 жылы төрт есе асып жығылды. Оның үстіне жеке сектордың инвестициясы мемлекеттік секторға қарағанда тез өсуде, бұл үрдіс 2025 жылдан кейін айқын байқалады. Замир Қаражановтың айтуынша, мемлекеттік меншіктің азаюы тек төтенше жағдайларда мүмкін. Мысалы, 2023 жылы Риддердегі ЖЭС қыста қатып қалғаннан кейін мемлекет меншігіне қайтарылды. Алғашқы жекешелендіру кезеңінде индустриямызды ұтқыздық: Алматы мақта-мата комбинаты сияқты зауыттар сауда үйлеріне айналды. Шетелдік инвесторлар негізінен шикізат секторына қызығады, ал тоқыраған кәсіпорындарды қайта іске қосуға мемлекет қана мүдделі, өйткені шағын және орта бизнес үшін бұл қиын.
Оның айтуынша, ресми түрде бәрі бақылауда, шектен тыс жағдай жоқ. Ішкі нарықтағы мемлекеттік үлесі бар компаниялар шамамен 10%-ды құрайды, алайда мемлекет квазисектор мен қаржы институттары арқылы ықпалын сақтайды. Кәсіпкерлер мемлекеттік қатысы бар компаниялардың бәсекеде басым екенін жиі айтады, бірақ үкімет мемлекеттік үлесті қысқартуға әзір емес.
Сарапшы Мағбат Спановтың пікірінше, Үкімет мемлекеттік мүлік заңын жаңартып, мемлекеттің экономикадағы қатысу шегін нақты анықтамайынша өзгеріс болмайды. Елімізде мемлекет пен бизнес арасындағы шекара айқын емес, мемлекеттік компаниялардың артында кімдердің отырғаны ашық. Қазір квазисектор заңнама, бюджет, салық, субсидиялар арқылы экономикаға ықпал етеді.
«Бәйтерек», «Даму» сияқты қаржы институттары толық мемлекеттің бақылауында, ал жаңа ойыншылардың нарыққа шығуы шектеулі. Квазисекторға шектеу қойылмай, мәселе шешілмейді, себебі дербес компаниялар да мемлекеттің ықпалында қалады. Әлемдік нарық болжамнан алшақтап барады. АҚШ пен Еуропа қарызға белшесінен батып, қамтамасыз етілмеген ақшаны көптеп шығарып отыр. Еліміз де бұған ұқсас жолды бастағанымен, дұрыс емес екенін ерте түсінді. Басқа елдердің тәжірибесін толық көшірмеу керек, өз мүмкіндіктеріміз бен әлсіздіктерімізді ескеріп, теңдестірілген шешім қабылдау маңызды», дейді ол.
Мағбат Спановтың айтуынша, дағдарыс кезінде мемлекеттің үлесінің өсуі заңды, бірақ әсер ету әдістері өзгеруі керек. Еліміз бірнеше рет өтпелі кезеңді бастан кешірді, оның ішінде 90-жылдары одақтағы зауыттардың сауда нысандарына айналуы белгілі. Сарапшы банкротқа жақын кәсіпорындарды шетелдік инвесторлар сатып алады дегенге сенбеуге кеңес береді, себебі оларды қайта іске қосуға ұлттық инвесторлардың мүмкіндігі шектеулі.
«Дамыған елдерде инвесторлар қызықпаған кәсіпорындарды арзанға сатып алып, дамытып, қайта нарыққа шығарады. Бізде бұл міндет мемлекеттің мойнында немесе келесі жекешелендіруге тәуелді. Сондықтан Үкімет жекешелендіру заңын өзгертіп, инвесторларға осындай мүмкіндікті беруге тиіс. Сонда ғана мемлекет үлесін азайтуға болады», дейді ол.
АЛМАТЫ