Мәдениет • 21 Тамыз, 2024

Қазақ халқының ежелден бері ұстанатын ырым-тыйымдары

482 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ырым-тыйымы өмірден алынған бай тәжірибе. Солардың бірқатарын топтастырып назарларыңызға ұсынамыз. 

Қазақ халқының ежелден бері ұстанатын ырым-тыйымдары

фото: ser-per.kz

Ә. Диваев қазақ ырымдарын «әртүрлі жағдайлардағы ырымдар» және «жол жүргендегі ырымдар» деп екі топқа бөліп қарайды. Бас-аяғы екі жүзге тартатын ғалым жинаған ырымдардың бәрі бірдей тыйыммен байланысты емес екенін ескере отырып, біз бұл жерде олардың тек тыйыммен байланыстыларын ғана қалдыруды әрі еш жерін өзгертпей, қаз қалпында беруді жөн санадық.

- Ит пысқырса жаман көреді, мұрнына иіс, мұрныңа иіс, - дейді. Неге десеңіз, сол күні сол үйдің бір малы өлсе керек, мал өлгенде иттер қанға тояды, соны біліп пысқырып жатыр деп ойлайды. Ит пысқырғанды жаман ырым көргені содан.

- Ит аспанға қарап ұлыса, жаман көреді. Өз басыңа болсын бәле көрсең, - дейді.

-Үй ішінде қазан асса, есікке қисайтып аспайды. Есікке қисайтып асса, несібе төгіліп кетеді дер.

- Үйге даладан жылан кірсе, өлтірмейді, үстіне сүт, айран құйып шығарады... Неге десеңіз, қайсы уақытта періште деген болар, жыланға ұқсап жүреді, дер.

- Қара һәм қызыл киім және киімге ұқсағандарды үйдін үстіне қоймайды. Мұндай немені сол үйден адам өлсе қылады.

- Қазақтың қатындары басына қара немесе қызыл нәрсені салмайды. Неге десеңіз, байы өлгендер салады.

- Ат құйрығын кеспейді, неге десеңіз, адам өлгенде ат тұлдап, құйрығын кеседі, соған ұқсамасын дегені.

- Мал табынының алдынан немесе қой табынының арасын бойлап өтуге болмайды, өйткені олар жайылып жүрген жерде Қызыр пайғамбар болады.

- Қолды артқа құсырып жүрген жақсы емес: бұл колы артқа байланған тұтқынды еске салады. Сондай-ақ бүйірін таянатын жақсы емес, өйткені өз күйеуінен айырылып, жоқтаған әйелдер ғана солай істейді.

- Атты сыйлағанда немесе сатқанда, ноқта-жүген берілмейді.

- Малдың бірінші сауымынан алынған майды қазақтар асқа қолданбайды - онымен жақтау, табалдырықтың жоғары бөлігін, киіз үйдің сол жағын жауып тұратын киізді майлайды.

- Ауылға шауып келген жағымсыз іс (Әдетте жаман хабар әкелетін жаушылар мен қайтыс болған адамды жерлеп қайтқан адамдар шауып кіреді, басқа жағдайда бұлай істелсе, жаман ырымға саналады - Ә. А.).

- Түнде киіз үйдің оты мен күлі алынбайды.

- Аңдағы бірінші олжа ешкімге сыйланбайды, бірінші олжа қоян, ал кейінгісі қаскыр немесе түлкі болса да солай етеді.

- Үйге жаңа келген жас келін өзінің ішкі киімін алғашқы нәрестесін туғанша қысқартпайды.

- Бие сауатын тері ыдысты төңкермейді және түбірге таяқпен немесе қолмен ұруға тыйым салынады.

- Асқа немесе тойға толтырып қымыз әкелген сабаны біржола сарқып босатпайды, түбінде міндетті түрде бір ожау болса да қымыз қалуы керек.

- Дос-жекжат, құда және туыстан сыйлыққа ит алмайды.

- Жаңа туған баланың кіндігі қатқанша, күн батқаннан кейін үйден күл шығармайды.

- Қой қоздап жатқанда малды сыйламайды және сатпайды.

- Әйелдің түнде суға баруына болмайды.

- Атты басынан ұрмайды.

- Біреу-міреудің үйіне күн батқаннан соң кірген кезде сәлем бермейді, «жарық түн болсын!» - деген сездермен кіреді.

- Жанып тұрған шырақты үрлемейді, өйткені бұлай сөндіру әдісінде адам ұмытшақ болады.

- Үйге кіргізілген отынның ауысқаны шығарылып тасталмайды, өйткені бұл үйден өлік шығады деп корқады.

- Әулеттен біреу-міреу өледі деген кауіппен түнде сандықты ашпайды.

- Қонақ қыз бала босағаға отырмайды, яғни алдыңғы бұрышқа, әдетте «ақсүйек», сұлтан тегінен шыққан адамдармен қатар отыратын құрметті орынға отырады, әйтпесе үй қожасы бақытсыздыққа ұшырайды.

- Екіқабат әйел түйе етін жемеуі керек, әйтпесе, ол баланы жатырында 12 ай көтереді.

- Жаңа ғана туған әйел киіз үйге кірген итті қумайды, өйткені бұл әдетті орындаса, онын тістері түсіп калады.

- Екіқабат әйелдің керілген арқаннан өтуіне болмайды, өйткені туған кезде баланың кіндігі мойнына оратылып, оны тұншықтырады.

- Әкесі тірі қазақтың бас жеуіне болмайды, әйтпесе әкесі өліп қалады.

(Ырым-тыйымдар туралы мәлімет Әділ Ахметовтың «Түркі әлемінің ырым-тыйымдары» атты еңбегінен алынды)