Төтенше жағдай • 11 Сәуір, 2024

Атырау үміт үзбейді

102 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Атырау облысында табиғи сипаттағы төтенше жағ­дай жария­ланғаны бел­гілі. Облыс орта­лы­ғын­­дағы мектептер 10 сәуірде онлайн форматқа көшірілді. Жұрт жаппай Жайық өзенінің жаға­лауына жаңадан 100 шақы­рым бөгет соғуға, бұ­рын­ғысын биіктетуге жұ­мылды. Тіршілік нәріне айнал­ған Жайық өзенінен төнуі мүмкін тасқын суға қарсы басқа амал бар ма?

Атырау үміт үзбейді

Тасқын су 5 сәуірде аудан орта­лы­ғы Құлсары қаласына кіре бастады. Содан бері қалада тасқын су әлі тұр. Тасқын су қаупінен 10 сәуірге дейін 36 003 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 8 331 бала бар. Елді мекендер тұрғындарының иелі­гін­дегі 19 939 бас мал қауіпсіз жерге айдалды.

Жылыой ауданы әкімдігінің ақпа­ратына сүйенсек, Құлсары қала­сындағы «Атырау», «Авто­жолшылар», «Достық» шағын аудан­дары мен 2-ауыл, музей ма­ңын­дағы 3 қабатты 5 үй газдан ажы­ра­тылды. Жер астындағы газ құбыры зақым­далып, су кірген­дік­тен 4-ші және 6-ауылдағы тұрғын үй­лердің жар­ты­сына газ қосу мүм­кін болмай тұр.

Мұнда 2 800 тұрғын үй мен әкімшілік нысанды су басты. Қазір қараусыз қалған үйлерді 110 полицей мен 60 сарбаз қадағалап жүр. Тәртіп сақшылары қаланы күндіз де, түнде де патрульдейді. Жылыой аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығындағы бейнекамералар арқылы тасқын су басқан көшелерге бағыт алған көлік­тер мен тұрғындар тексері­леді. Тұрғындарға түсіндіру жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр.

Құлсарыда 6 сәуірде әкесі мен ба­ласы жоғалып кетті. Олар Құлсары қаласындағы 4-шағын аудандағы «Grand Hall» мейрам­ха­на­сының қасында орна­лас­қан тасқын су басқан үйін қа­рауға барған. Әкесінің жасы – 48-де, ал баласы 24 жаста екен. Өкінішке қарай, екеуі де әлі күнге табылған жоқ.

Ал 9 сәуірде төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары су бетіне қалқып шыққан мүрде тауып алды. Бұл жөнінде полиция қызметкерлеріне хабарлап, мүр­дені тапсырған екен. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мүрде тасқын су астында қалған зираттан шығуы мүмкін. Тәртіп сақ­шы­лары осындай тұжырым жасап отыр.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Аманшиева дерегіне қара­ғанда, 7 сәуірден Жылыой ауданынан эвакуацияланған отбасы­лар­дың мектеп жасындағы балаларын қашықтан оқытуға шешім қабылданды. Бірақ әлі күнге бұл ауданнан қанша оқушы онлайн оқитыны белгісіз болып отыр.

Жайық өзенінен су тасқынының қаупі төнеді деген болжам айтылып отыр. Бұл ел тұрғындарын бей­жай қалдырмады. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, тасқын судың қаупі төнетін Индер мен Махамбет аудандары мен Атырау қаласын қорғауға баса назар аударылып отыр. Қазір барлық күш Жайық өзенінің жағалауын бекітуге жұмылдырылды. Өйткені Жайық өзенінің жағалауында 26 елді мекен бар. Оның жетеуі – Индер, 18 ауыл Махамбет ауылында орналасқан. Атырау қаласының әкімшілік бөлінісіне қарайтын бірнеше елді мекен Жайық өзеніне тиіп тұр.

«Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалының мәлі­ме­тін­ше, Жайық өзенінде су деңгейі күн сайын көтеріліп келеді. Мәселен,10 сәуірде таңғы сағат 08.00-де Ин­дер­бор кентіндегі гидробекетте су деңгейінің көтерілуі 27 см-ді құраған. Су тасқыны басталғаннан бері жалпы су деңгейінің көтерілуі 2 метр 43 см-ге жетіп отыр. Ал Махамбет кентінде су деңгейі 45 см-ге көтерілген. Қазіргі деңгейі – 2 метр 23 см. Атырау қаласында өзен суы 36 см-ге ұлғайып, 2 метр 85 см-ді құрады.

«Жайық жағалауында қорға­ныс бөгетін нығайту жұмы­сы күшейтілді. Осы мақсатта барлық жол-құрылыс жұмысы тоқ­та­тыл­ды. Ірі мұнай компания­ларымен келіссөздер жүргізілді. Әсіре­се Жайық өзенінің Атырау қала­сы аумағындағы жағалауы 107 учаскеге бөлінді. Қазір Атырау қаласындағы жағалауда 673 арнайы техника мен 7 мыңға жуық ерікті жұмыс істеп жүр. Кейінгі үш күнде 42 шақырым жағалауды қорғау бөгеті мен 350 мыңнан аса қап төселді», деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев.

«ҚазСуШар» РМК-нің мәлі­ме­тіне сүйенсек, Атырау облысының аума­ғында бастауын Жайық өзе­нінен алатын 15 магистральды су арнасы бар. Тасқын суды 24 шақырымға созылатын Соколок каналы арқылы Каспий теңізіне бұру үшін бөгет биіктетіліп жатыр. Бұл каналдың бойындағы жұмысқа NCOC компаниясының 30-ға жуық техникасы тартылған. Қазір бөгеттің 2 шақырымдық бөлігінде жұмыс аяқталды. Үйлестіруші Олжас Сұлтановтың айтуынша, осы аптада жұмыс аяқталуға тиіс. Осы мақсатта қосымша адам күші мен техникалар тарту көзделіпті.

Жайық өзенінің жағалауын­дағы осал тұстарды бекітуге кәсіп­орындар мен мекемелер бекітілген. Мәселен, Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау университетінің ұстаздары мен студенттері Алмалы аулында бөгет салуға кірісті. Бұл ауылда университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен сту­дент­тері үш ауысыммен жұмыс істейді. Олар үш күнде 20 мыңнан аса қапқа топырақ толтырған. Ал­малы аулына белгілі композитор, Қазақстанның Еңбек ері Ілия Жақанов Алмалы аулына арнайы келіп, университет оқыту­шы­ларымен, студенттерімен бірге қапшыққа топырақ толтырып, бөгет салу жұмысына үлесін қосты.

«Тіршілік нәрі Жайығымыз арнасынан аспаса екен, ел қиындыққа кезікпесе деймін. Қазір су тасқыны Атырау облысына ғана емес, бірне­ше өңірге қауіп төндірді. Сол себептен бөгет салып жатқан жас­тарды қолдауға келдім. Елімізді қиындықтан бірлігімізбен ғана қорғай аламыз», дейді И.Жақанов.

Бөгет салып жүрген еріктілер қатарына «Атырау барыстары» ойнайтын Канаданың азаматы Майкл Окафор қосылды. Ол мұны – азаматтық парызы санайды.

«Қазір өзім тұратын Атырау қала­сына тасқын судың қаупі төнді. Ше­телдік болсам да осы елдің ты­ныш­­тығын, әр қазақстандық пен қонақтардың көңілі көтеріңкі жүр­генін қалаймын. Сол себептен Жайық өзенінің жағалауындағы бөгетті биіктетіп жатқан волонтерлерге көмектесуді ұйғардым. Біз Атырау қаласын тасқын судан бірліктің нәтижесінде қорғап қаламыз», дейді М.Окафор.

Ал Махамбет ауданында Жайық өзенінің жағасына бөгет тұрғызып жүрген еріктілер тосын жайтқа кезікті. Бөгетке қажет топырақ алу кезінде адамның 12 бас және 26 өзге сүйегі табылды. «Сарайшық» музей-қорығының директоры Мұхтар Әбілсейіттің айтуынша, құзырлы органдардың мамандары тергеу алды тексеру жұмыстарын бастаған.

 

Атырау облысы