Қазақ боксының тарихында Болат Жұмаділов тұңғыш әлем чемпионы атанып, 1999 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында Әнұранымыз шырқалып, Көк туымыз желбіреді. Әйелдер боксында әлем чемпионатының алғашқы алтынын 2014 жылы 21 жасында Назым Қызайбай олжалады. Ол арада екі жыл өткенде дүниежүзінде теңдессіз екенін тағы да әйгілеп, екі дүркін әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Биыл үшінші мәрте осы биігіне ат байлады. Ел спортының тарихында бокстан үш дүркін әлем чемпионы атағы әзірге Абайдың қызына ғана тиесілі. Жақында қазақ боксының жарық жұлдызымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Назым, алдымен өзіңді толайым табысыңмен тағы бір мәрте құттықтаймын. Боксшылардың арасынан тұңғыш болып үш дүркін әлем чемпионы атандың. Әсері қалай екен?
– Сербияның Ниш қаласында өткен әлем чемпионатының әсерін туған елге табанымыз тигенде ерекше сезіндік. Әрине, елдің қошеметі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауы, ағайын-туыстың алғаусыз көңілі мен риясыз пейіліне көмілгенде өзгеше әсерге бөлендім.
2012 жылы Қытайда өткен әлем чемпионатына 19 жасымда алғаш рет қатысып, жартылай финалда сүрініп, қола медальды қанағат тұттым. Марапаттаудан кейін ертеңіне ерте тұрып жүгіруге шықсам, таиландтық боксшы қыздар да әзірлікке кірісіпті. Сонда өзіме өзім есеп бердім. «Міне, жастардан ересектер қатарына қосылып, әлем чемпионатына тұңғыш қатыстым, еншімде – қола медаль. Демек алтын жүлде алуға да қайрат-күшім жетеді», деп топшыладым. 2014 жылы Оңтүстік Кореяның қаласында тұғырда тұрып әнұранымызды шырқағанда, одан кейін 2016 жылы Астанада екі дүркін әлем чемпионы атағы бұйырғанда, енді міне, Сербия аренасында үшінші рет алтын медальды мойныма ілгенде 13 жыл бұрынғы көрініс көз алдыма келе берді.
Суретті түсірген – Азамат Құсайынов
– Жаһандық додаға әзірліктің қаншалықты жоғары дәрежеде өткені қыздарымыздың жекпе-жектерінен байқалды. 12 боксшыны айқасқа салып, 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль еншілеу аз табыс емес.
– Бұл жетістік ұжымның ынтымақты жұмысының өтеуіне бұйырған несібе дер едім. Сербияға аттанғанға дейін Алматы облысындағы олимпиадалық даярлау орталығында оқу-жаттығу жиынын өткердік. Одан кейін Мәскеу қаласында бірлескен жаттығу болды. Физикалық әзірлікке көп күш сарқыдық. Соның игілігін әлем чемпионатында көрдік. Мәселен, өзім жартылай финалға дейінгі екі жекпе-жекті мерзімінен бұрын жеңдім. Жартылай финалдық сайыста күшім кеміп қала ма деп уайымдадым. Жоқ, керісінше, финалға тыңайып шықтым. Бапкерлердің құрған тактикалық жоспары толық ақталды. Әлем чемпионатының финалында сүрінген Елдана Тәліпова мен Виктория Графеева көңіл күйлері сынық тартып, жабырқап жүрді. Мен: «Мойымаңдар, әлем чемпионы атану жолында көп тер төгу керек. Жаһандық доданың медаль олжалау да оңай табыс емес, бұған қолы жетпеген саңлақтар қаншама», деп жігерлендіріп, қанаттандырдым.
Әлем чемпионатында Жайна Шекербекова Сербия қызына есе жіберді. Біздің есебімізде, ол жеңілген жоқ. Бірақ әлем чемпионаты Сербияда өткендіктен бе, төрешілер қарсыласына бұра тартты. Ұлттық құраманың капитаны болғандықтан, әр боксшының жекпе-жегіне өзіңнен артық уайымдайсың, жанкүйер боласың.
Оқу-жаттығу жиыны кезінде күнделікті дайындықты әнұран айтумен бастаймыз. Сонда көзімді жұмып «мен әлем чемпионы атанып, әнұранды осылай шырқасам» деп армандайтын едім. Сол мақсатым орындалғанына тәубе деймін. Адамда арман таусылған ба, төрт дүркін әлем чемпионы атансам деймін. Үш жылдан аса уақыт қалды, Олимпиаданың дуына қосылуды қалаймын. Бірақ қай салмақта қатысарым белгісіз, өйткені салмақ дәрежесі өзгеруі мүмкін, ел ішіндегі бәсекелестік те күн санап күшейіп келеді, жастардың шоғыры қалың. Десе де бір анық нәрсе – жаттығуды ешқашан тоқтатпаймын. Жаттығу менің жұмысым іспетті. Бір күн қол үзсем, кәдімгідей көңілім қоңылтақсып қалады.
– Былтыр Францияда өткен Олимпиаданың жартылай финалында сүрініп, қола медальды қанағат тұттың. Елге келген соң көп уақыт өтпей жаттығуды бастадың.
– Иә, Париж Олимпиадасында қола медаль бұйырды. 2016 жылы Рио Олимпиадасына барғым-ақ келді, алайда салмағым 46 кг-дан аспайтын еді. 2021 жылы Токио төрінде төртжылдықтың додасында айқасуға күш салдым, бұйырмады. Менің арманым – Олимпиаданың алтын медалі. Соған жетпей тоқтамақ емеспін. Былтыр Парижден оралған соң да бірден жаттығуға кірістім, жыл соңында Қарағанды қаласында ел чемпионаты өтіп, 48 кг салмақта жеңіске жеттім. Жаратқанға шүкіршілік, елдің ықыласы, қошемет-құрметі де зор болды. Мемлекет тарапынан, жекелеген азаматтар атынан берілген сыйлық та жетерлік. Бірақ жаттығуды тоқтатпадым.
Жалпы, өзім тойға барғанды, топтың ортасында жүргенді онша қалай көрмеймін. Сенсеңіз, бір емес, екі сіңлімнің тойына қатыса алғаным жоқ. Оқу-жаттығу жиынынан қол үзіп кете алмайсың. Кейде анам хабарласып, туыс-туғанның жақсылығына шақырады. Мейлінше тойдан емес, жаттығудан қалмауға тырысамын. Дайындық кезінде бір күн қол үзсең, қайта қалыпқа келіп, қатарға қосылу үшін көп күшіңді сарқып аласың. Париж Олимпиадасынан келгеннен кейін де мені залға жетелеп, қамшылаған спортқа деген құштарлығым шығар. Былтырғы ел чемпионатына қатыспасам да, ұлттық құрамадағы орнымды ешкім тартып алмас еді. Бірақ біріншілікке қатысып, 48 кг салмақта көшбасшы екенімді дәлелдедім.
– Білікті бапкер Долкунжан Камековтің тәлімін аласың. Сербияда өктен әлем чемпионатында бұл маманның өзіңнен бөлек тағы екі шәкірті финалда айқасты.
– Ағаймен жолымды түйістірген – құрбым Рано Фархатова. Ол кезде «Шаңырақ» шағын ауданындағы спорт мектеп-интернатында оқимын. Ата-анам Алматы облысы, Іле ауданына қарасты Жетіген ауылында тұрады. Каникулда қалаға келгенде Раноның қасында жүремін. Жаттығуына еріп барып, Долкунжан Камековтің тәлімін алдым. Жаттығу барысында ол кісі: «Міне, араларыңда болашақ әлем чемпионы жүр», – деп мәртебемді көтеріп тастады. Алла аузына салған шығар. Спорт мектебіне қабылданып, боксқа қадам басқаннан жеке бапкерім болған Жұмабек Өмірзақов ағайыма айтып, 2018 жылдан бері Долкун ағайдың командасына қосылдым. Бізден жасы едәуір ересек болғанына қарамастан, қатар құрбымыздай әңгімелеседі. Әр боксшының әлеміне үңіліп, ой-пікірімен санасады. «Менікі ғана дұрыс» деп сыңарезулемейді. Қаталдығы да бар, керек жерінде ұрсып, бәрімізді «қуырып» та алады. Қазіргі таңда онға жуық шәкірті құрама команда мүшесі. Тәлімін алған саңлақтар Олимпия ойындарынан, әлем, Азия чемпионаттарынан олжалы оралып жүр.
– Ұлттық құраманың ынтымағы қалай?
– Береке тек бірлігі жарасқан ортаға орнайды. Ұжымның ауызбірлігі, бірін-бірі қолдауы ерекше. Бапкерлердің де қамқорлығы сезіледі. Мысалы, Сербиядағы әлем чемпионаты 8 наурыз күні басталды. Халықаралық әйелдер мерекесіне тұспа-тұс келген доданың алғашқы күні бізге ерекше құрмет көрсетілді. Ойымызда ештеңе жоқ, қонақүйден шығып таңғы жаттығуға сапқа тұрдық. Елдос Сайдалин ағайымыз бастаған бапкерлер құрамы, бокс федерациясының өкілдері келіп, қолдарында шоқ-шоқ гүлдері бар, бәрімізді құттықтады. Ерекше сезімге бөлендік. Өйткені басқа елдердің боксшыларына мұндай құрмет көрсетілмеді.
Боксшы қыздардың өзара сыйластығы, достығы керемет. Виктория Графеева, Рима Волосенко сынды замандас құрбыларымыз қазақша үйреніп жүр. Әнел Сақыш сынды жастар олармен қазақ тілінде әңгіме-дүкен құрады. Виктория бастаған боксшылар мемлекеттік тілде тәп-тәуір сөйлеп қалды.
– 2028 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасының алтыны бұйыруына тілеулеспіз. Оқырман көңілінде «Назым боксты доғарған соң қай салада еңбек етеді» деген сұрақтың қылаң беретіні рас.
– Бұл сауал өзіме де жиі қойылады. Бапкерлік шеберлігімді шыңдап шәкірт тәрбиелесем деймін. Келешекте бокс академиясын, болмаса зал ашып жастарды баулығым келеді. «Қойшы таяғына, диқан кетпеніне ықтият болсын» дегендей, әркім өзінің жетік білетін өрісін өркендеткені жөн.
– Бокстан ұлттық құраманың капитаны ретінде кейінгі толқынға қандай кеңес айтасың?
– Ет пен терінің арасындағы желік билейтін жастық шақта бәрі бірден орнай қалса деген дәменің дәрмен бермейтіні рас. Алайда қай істе де адамды өсіретін ақ адал еңбегі. Бокс менің өмірлік образыма айналды. 16 жасымнан бастап ұлттық құрамадағы алдыңғы толқынның жаттығуына қатысып, тәлім алдым, тәжірибе жинадым. Жетістіктің жолында қаншама жеңіліске ұшырайсың. Оған сынып кетпеу керек. Маңдайынан аққан тердің түбінде нәтижесі болады. Спорттағы таудай еңбектің өтеуіне берілген сый-сияпаттың арқасында ата-анамды ауылдан қалаға көшіріп әкелдім. Басқа да бауыр-туысқа қарайласып жүремін. Менің ұстанымым – ешқашан тоқмейілсуге болмайды.
– Сәттілік тілейміз, жазғы Олимпиаданың алтынын олжалаған сәтіңді сүйіншілеуді нәсіп етсін!
Әңгімелескен –
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»