Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының бірінші отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгін біз Парламенттік реформа бойынша Жұмыс тобының алғашқы отырысына жиналдық. Өздеріңіз білесіздер, өткен аптада арнайы Жұмыс тобын құру туралы Өкімге қол қойдым. Парламенттік реформа – еліміздің алдында тұрған аса маңызды, жауапты жұмыс», деді Президент.
Мемлекет басшысы Жолдауда бұл мәселе азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет деп нақты айтқанын еске салды.«Бүгін, міне, бірінші отырысымызда Парламенттің, Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің және саяси партиялардың өкілдері, заңгерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері бар. Бәрі де елге танымал азаматтар, түрлі саланың мамандары. Тағы да қайталап айтқым келеді: Парламенттік реформа – еліміздің, халқымыздың тағдырына тікелей қатысы бар мәселе. Жұмыс тобының әр мүшесі осы тарихи міндетті дұрыс түсініп, белсенді жұмыс істейді деп сенемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.