Осыдан шамамен 800 жыл бұрын Жошы хан айтты деген сөз бар. Оған дейін орман елдерін бағындырып, қаншама халықты қантөгіссіз тізе бүктірген Шыңғыс қағанның тұңғыш ұлы сол кездегі Қыпшақ даласы, қазіргі Қазақ даласына біткен Ұлытауды көргенде: «Төрткүл әлемді шарласаң да мұндай жанға жайлы жер, таза ауа, дәмді су, кең шалқар соныны іздесең таппассың», деп тұрып қалған екен.
Мұны осы дәуірлердің шежіресін байыптап хатқа түсірген Әнес Сарай Жүзжани атты ежелгі тарихшыдан алғанын жазады. Ұлы қағанның басқа ұлдарынан бөлініп, өзі сүйген осы ұлы далаға бет бұрып хандық құрған Жошының жүріп өткен жолынан оның жүрегі мен ұстанған жөні мен жосығы көрінеді.
Қазақ хандығының ежелгі атасы Жошы ұлысы туралы кейінгі онжылдықта аз айтылып жүрген жоқ. Даламыздағы ең ұлы сарын да, жыр үлгісі де, тіпті хан мен қараша жұрт арасындағы ұлы диалог та Қазақ хандығының түпбастауында жатқан Жошы ханнан басталады. Ұлы «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйінің елімізде оннан астам түрі сақталған деседі. Ұлтымыздың ең байырғы күйлерінің бірегейі Жошы хан есімімен байланысты, қазақ жанының бөлінбесі домбыраға тіл бітіргенін көрмейсіз бе? Шыңғыс қаған тұңғыш ұлымен қош айтысса, Алаш баласы ұстаған домбыраның өзі сол кезде бір ішегінен айырылып қападар күй кешіпті деседі тауарих. Ал киіз туырлықты қыпшақтар ше? Жүрек қалауымен келген аяулы ханынан көз жазды. Осыны ойлағанда ақсақ құлан емес, алдыңнан асқақ күмән қылаң ұратыны, әрине басқа әңгіме. Сондықтан Жошының жұмбақ өлімі хақында мәңгі өлмес дүниелер ғасырлардың иығын талдырып, дәуірлерді артқа тастап бізге жетуінің өзі ерекше мәнге ие.
Ұлытау жерінде күмбезі жарқырап Жошы хан кесенесі осы күнге жетіп, бүгінде мазар айналасы тарихи-мәдени үлкен кешенге айналып, туристік нысан болғаны, әрине мақтанарлық жағдай. Ұлы Шыңғыс қаған балаларының арасында ерте өлген ең тағдырлы тұлға һәм ерекше дарынымен тарих есіне тұтқан ақылы кемел ханның кесенесі қазақ жерінде қалуы – ұлттық мерейіміз. Басқа ұлдарының кесенесі тұрмақ, жатқан жері белгісіз деседі білетіндер. Ал Жошы ханның жөні де, жосығы да бөлек.
Жошы жастайынан махаббатқа малшынып өседі. Шыңғыс ханның басқа балаларындай, туған бауырлары Шағатай мен Үгедейдей қиғаштығы жоқ, өзімен өзі біртоға әрі үлкен жүректі парасат иесі ретінде қалыптасады. Ол бала күнінен анасы Бөрте ғана емес, әжесі Өгеліннің, қала берді Темулін апасының бауырында аунап-қунап, қулық-сұмдығы былай тұрсын, жауыздықтың не екенін білмей ержетеді. Үнемі кешірімді, жаны ізгілікке қаншалықты жуық болса, қайсарлығы мен батырлығы да бір мысқал кем түспейтін Жошының әкесі қағанның басқа ұлдарына қарағанда қасіреті де сол болады. Жолы да болғыш, сонысына қарай тағдыры да ауыр жеңімпаз тұлға. Жүрегінде махаббат, елге деген жанашырлық сезім молайған сайын адам тағдыры да ауырлай берері тарихтан белгілі болса, соның бір мысалы Жошы дер едік. Шыңғыс хан ұлдарының кім екенін тану мақсатында төрт ұлына қойған сұрағы мен олардың жауабы айтылатын ел аузында жүрген аңыз бар еді ғой. Қалған үш ұлының жауабы бір-бірінікіне ұқсас: жер жүзін жаулау, дүниені бағындыру, билігін күшейту болса, Жошының жауабы ғана өзгеше тұрыпты шықпаушы ма еді? Онда ел шауып, қан ағызу жоқ, үйір-үйір жылқы айдап, бейбіт елдің берекелі тіршілігін елестету ғана көрінеді. Сол ниеті мен пейіліне берген шығар, барлық қазақ ханының атасы Жошы ұлысы бүгінге дейін қарашаңырақ, түгел түркі жұртының төрі ретінде атын жоймады. Сонау мыңжылдықтардан тамыр тартқан ру-тайпалар мен ірілі-ұсақты елдер байырғы мекенінде отырғанын көреміз. Қаншама ғасырлар мен дәуірлерден бері үзілмей келе жатқан алтын жүлгенің арналы басында ұлы Шыңғыс қаған мен оның парасатты һәм даңқты ұлы Жошының тұрғаны қазіргі Қазақстанға мақтаныш қана емес, өлмес мұрат, сөнбес шырақ, ұрпаққа рухани қуат дер едік. Жошыдан туатын Орда Ежен мен Бату ханның тұқым-тұяғы – ұлт жолында жан беріп, жан алысқан төрелердің соңы күні кешегі Әлихан Бөкейханға бір-ақ тіреледі. Әкесі, ұлы қаған жарлығымен қылышын қанға суарып, ел шапқан оның жорық сайын қыбы қанып, мерейі асқанын көрмейміз. Жан-жағын жаулап, тәмам түркіні біріктірем деп жүргенде, ол мұраты төрткүл дүниені бағындыруға ұласып кеткен әке жарлығы төбесінде тұрса; көзі ақиып, жүрегіне кек қатып, қан тілеп тұратын Шағатайдың шалдуар, кесір мінезі алдынан шыға берсе... Қанша қаһарман, батыр болғанымен, онымен тайталасар ішіңде соншама ақыл-парасат жатса, Жошының тағдыры әкесінікінен де ауыр да азапты, күрделі де мехнатты өмір. Оның Шыңғыс ханнан бұрын қайтуында да осындай сырдың ұштығы жатса керек. Сырттан келген дау емес, қаруланған қол емес, іштен жеген «жау» жаман. Ол қандай «жау» десеңіз, ханзада кезінде әке жарлығымен ұлы жорықта жүріп, Құтұқа бастаған екі мыңға жуық ойратты қапыда қырып салудың орнына, аман-есен жібере салатыны бар. Сонда тұтқиылдан тап берер жерде тұрып былай ойлайды: «Қаны бір, жаны егіз, салты ұқсас осыншама жұрт бір-бірімен неге сонша бітіспес жаулыққа барады, осыншама қан-қасаптан пайда көретін кім?» деп ойлады. Күшейген са-йын маңын жайпап бара жатқан әкесінің мінезін түсіне алар емес». Осындай жақсылығының арқасында Жошы таңғұттар мен тағы басқа орман елдерін қан шығармай, қарамағына өткізеді. Тіпті кейбір жанашырлықтарына бола әке тарапынан жазаланатынын жазады Ұларбек Дәлейұлы «Жошы хан» романында. Бұл хан жүрегінің ізгілігіне қатысты жалғыз-ақ әңгіме. Жошыға салса, қосындары сол кездегі өркениеттің шоқтығындай Үргенішті де қан төкпей алу қисыны тұрған. Онда да Шағатай мен Үгедей інілері шабайық та, шабайықтың астына алып, ақыры ағаларын әкелеріне жазықты қылып, Жошы қосынымен қыпшақ даласындағы ордасына тартып тұрады. Оған дейінгі ұлы жорықтарында да Сібірдің орманындағы түбі түркі халықтарын қантөгіссіз, бейбіт бағындырғаны туралы деректер жетерлік. Міне, осылардың басын қоса келе сараптағанда, Жошы ұлысының негізінде жаулап алудан гөрі жанашырлық, қан төгуден гөрі қамқорлық, ақыл мен парасат ұрығын еккен ізгілік жатқанын мақтан етуге тиіспіз. Жорықтан гөрі жөн-жосықты мұрат тұтқан Жошы ханның жұрты мүмкін сондығынан жасап келе жатыр. Лайым солай болсын!